Тәуелсіздік – жүрекке жылы, құлаққа жағымды, мақтаныш сезімін ұялататын сөз. Йә, йә, нақ осы сөздің қадір-қасиетін, мағынасын жақсы түсінетін халықтың бірі екендігіміз ақиқат. Балалары – құл, қыздары – күң болуды қалайтын ата-ана, ата-баба жоқ. Әрбір шыққан заңға бас изеп қана отыруды құп көрмеген дана халқымыз қылыштың сабымен де, көркем сөздің күшімен де тәуелсіздік таңын аңсап, сол жолда күресті емес пе?!
Аллаға шүкір, аңсаған азаттықтың таңында түрлі мақсатпен, ізгі тілекпен, жақсы ниетпен, арманмен оянып, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, ұлан-ғайыр жерде өмір сүрудеміз. Міне, сол тәуелсіздік алғалы 30 жыл болыпты. Алғаш «Қазақстан мемлекеті өз тәуелсіздігін алды» деген хабарды есіте сала жүріп бара жатқан жолында Халифа Алтай сынды аталарымыз Аллаға шүкіршілік сәждесін жасап, еліміз үшін дұға еткені тарихтан белгілі. Халифа Алтай атамыздай елден жырақта жүрген қаншама қандастарымыз жақсы жаңалыққа біздер үшін де, өздері үшін де қуанды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында дүниеге келген жас буын қазір орда бұзар 30 жасқа да келіпті. Бүгінде бірі – ана, бірі – әке, бірі – өз кәсібінің майталманы, бірі – ел басқарып отырған буын өкілі шығар-ау. Тарих беттерін парақтасақ, көптеген істерді атқарып тастаған екенбіз. Әлем территориялық көлем бойынша дүние жүзінде 9-ы орында тұрған қазақ жерін алғашқы жылдардан-ақ мойындай бастады. Алпауыт мемлекеттердің өндірістік жаңалықтарын қазақ жеріне әкеліп, халқымыздың күн-көріс деңгейін көтеруде аянбай еңбек еткен, халқын сүйген Әбішұлы Нұрсұлтандай басшының келуі де қазақтың маңдайына біткен бағы деп білемін. Қазіргі таңда «қазақ» деген атауды білмейтін, естімеген халық жоқ-ау, сірә. Ал елімізді танытуда сенімділік пен тұрақтылыққа, уәдесінде тұру қасиеттеріне негізделген мемлекетіміздің саралы саясаты қадамдап алға жылжуда.
Қазірде біз шикізат шығаруда, мал және астық шаруашылығында, спорт пен мәдениет, білім мен ғылым, медицина саласында да көп мемлекеттерден көш ілгеріміз. Соның ішінде білім және ғылым мәселелері мемлекет назарынан тыс қалған емес.
Елімізде мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, орта және арнаулы оқу мекемелері, техникалық және кәсіптік білім ұйымдары, жоғарғы оқу орындары сынды білім ошақтары жұмыс істеуде. Мұнда әрбір ұстаз бен шәкірт мемлекет қолдауын сезініп келеді. Мемлекет басшыларының білімді әрдайым қолдайтындығы — оқу орындарына гранттың бөлінуінен, қазақ жастарын шетелдің озық тәжірибесімен сусындатып, өз елінде қызмет етуіне жағдай жасалуы «Болашақ» бағдарламасының аясында іске асырылып жатқандығынан, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көбеюі мен олардың жұмыстарының дұрыс үйлестірілуінен, отандық ғалымдарымыздың тың жаңалықтарына қаржылай көмек берулері мен оларды тиісінше марапаттауларынан байқалады. Сондай-ақ мемлекет ұстаздардың еңбекақысын әр тоқсанда көтеріп, тиісінше түрлі сыйақыларды, марапаттауларды тағайындауда. Заманның озық идеялары мен білік-дағдыларын игеруде мемлекетіміз ұстаздардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырып, бағыт-бағдар беруде. Міне, ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қаншама игі істерді санай берсек, көп-ақ және бұл тізім әлі де толықтыра түсуде. Ал онда осыншама нығметке бөленген ұстаз қандай болмақ керек?!
Қазіргі ұстаз дәптерден көзін алмайтын тұлға емес, ол – ақпараттық-коммуникативтік технологияларды да жетік меңгерген, оқыту мен тәрбиенің тиімді әрі белсенді әдістері арқылы тұлға қалыптастыратын ұшқыр ойлы, сөзі тұщымды дара тұлға.
«Сөз дегеніміз, былайша айтқанда, сырт киім, ой – киімнің астында жасырынған дене» — деп Ф.М.Достоевский айтқандай, оқушының сөздік қорын байыту, өз ойын еркін жеткізе білу, ой-өрісін дамыту, соның арқасында шығармашыл тұлғаны қалыптастыру – ұстазға жүктелген игілікті іс. Игілікті іс деп айтуымның себебі – мұғалім тек қана жаңа ақпарат беріп қоймайды, ол өзінің тұлғалық қасиеттері арқылы бала жүрегінен орын алып, өмірі бойында ұмытылмас жанға айналады. Мұғалімнің берген әрбір мәліметінен, жүріс-тұрысынан, тіпті киім үлгісінен де өмірлік қажетті білім мен тәрбиені алары сөзсіз.
Сөздің құдыреттілігін ең бірінші болып ұстаздар байқайды деп айтсақ, артық бағалағандық болмас. Оқытудың белсенді әдістерін пайдалана отырып, түрлі тапсырмаларды, мәселелерді шешуде және түсіндіру мен сұрақ қоюда ұстазға ең басты қаруы ретінде сөздік әдісі қажет. Көсемсіп көп сөйлеп немесе сөздерді дұрыс байланыстыра алмай, айтар ойын тиянақты жеткізе білмесе, ұстазға сын. Ал мұндай сәтке түсіп қалмас үшін көркем әдеби шығармаларды мүмкіндігінше үздіксіз оқу керек. Халқымыздың «әсері жоқ сөз – өлі сөз» деген мақалын жадымызда сақтасақ екен. Анықтамаларды немесе сюжетті шығармаларды түсіндіруде көрнекіліктің иллюстрация немесе демонстрация түрін қолдансақ та, ұстаз үндемей сөзсіз қалмауы қажет. Әлбетте, көрсеткен көрнекілік жайында оқушыда дұрыс пікір туындатып, сондай-ақ оқушының сөйлеу дағдысын қалыптастыратын ұстаз. Сондықтан мұғалім түсіндіру, баяндау тәсілдерін шебер қолдана білген жөн.
Таным процестерін қалыптастыруда ұстазға мән беруі керек әдістің бірі – оқушының бойындағы шығармашылық қасиеттерін дамыта білуі. Яғни түрлі дұрыс берілген тапсырмаларды орындауда шәкірт өлең жаза білу, сурет салу, қолөнермен шұғылдану, тағы сол сияқты қырлары байқала түседі. Осы арқылы шәкірттің назарын аудартып, сол пәнге қызығушылығын тудырту мүмкіндігіне ие. «Өнерлі бала – елдің көркі» демекші, Ш.Амонашвилидің бала мүмкіншілігіне сену қағидатын естен шығармаған абзал. Сонда еліміздің әрбір буыны еліміздің әлеуметтік және экономикалық деңгейін өсіруіне өз үлестерін қосары анық. Ал бұл өз кезегінде ұстаздар мен шәкірттерді ынталандырып, нәтижелі жұмыс жасауына септігін тигізер.
Қытай даналарының бірі Конфуций: «Естігенімді – ұмытамын, көргенімді – есте сақтаймын, істегенімді – меңгеремін», — деген нақыл сөзін біздер, яғни ұстаздар ұмытпасақ екен. Қазіргі кездегі оқытудың белсенді әдістері деген атауға ие педагогикалық технологиялардың жиынтығы осы сөздің аясында қамтылғандай. Дәстүрлі технологияда жиі қолданылатын сөздік әдісі қазіргі таңда маңыздылығын жоя бастады. Өйткені цифрландыру заманында дүниеге келген баланы сөзбен пәнге қызықтыру қиынға соқтыратын жағдаяттың бірі. Яғни есітілген мағлұмат адамның жадында сақталуы қиындау. Ал көрнекілік әдісін қолдану – уақыт талабы. Сабақтың тиімді сәтінде көрнекіліктің бастысын көрсету арқылы оқытудың технологиялық құралдарын пайдалану ұстаздарға дәрісті сәтті өтудің тиімді әдістерінің біріне айналды. Тәжірибелік жұмыстарын сауатты ойластыра білу де мұғалім үшін инновациялық технологияларын меңгергендігінің айғағы. Тәжірибелік жұмыстар пәніміздің басты ерекшелігі болуы тиіс. Егер сөздік әдісі мен көрнекіліктерді ғана қолданып, олардың тақырыпты меңгергендігі жөнінде тапсырма орындатпасақ, естігенін ұмытып, көргенін есте сақтаумен ғана шектейміз. Сонда мәтіннен немесе есептерден сұрақты түсінбей, не сұрақ құрастыра алмай қалу қаупі бар.
Білім мен қоса ұстаз ата-анадан кейінгі тәрбие беруге құқылы жан. Ұстаз шәкіртін назарынан жырақта қалдырмай, әрқайсысына жеке қарым-қатынаста болады. Қарапайым халық ұстаздық міндет тек білім беруден тұрады деп ойласа, қателескені анық. Әрбір ұстаздың сөзінде, іс-әрекетінде, жүріс-тұрысында тәрбие жатыр. Ұстаз Отанын сүйетін, адамгершілігі мол, ұқыпты, сауатты, иманды, ибалы, тәрбиелі тұлғаны қалыптастырады. Өтілген әрбір топ сағаты немесе тәрбие жұмыстары оқушыға тек қуаныш ұялатса, нұр үстіне нұр болғай. Жоспардағы бұл жұмыстар шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-қатынасты да жақындатып, бір-біріне сенімділік сезімдерін ұялатады. Әсіресе еңбекке баулу тақырыбындағы жұмыстар сынып оқушылары арасындағы қарым-қатынастың нығаюына, шығармашылық қабілеттерінің дамуына да өз үлесін қосады. Алаш зиялыларының көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Мектеп жүрегі – мұғалім», — деп орынды айтқанын ұстаздық тәжірибемде дәлелдеп келемін. Ел басына күн туып, әлем эпидемиологиялық жағдайға кезіккенінде, оқу ғимараты шәкірт пен ұстазсыз қаңырап, бос қалған нысан ғана екенін аңғардық. Әрқашан шәкірттеріміз көз алдымызда болып, сыйластығымыз үзілмесе екен.
Мен елімді сүйемін!
Иә, сүйем!
Құлама құз,
Құзар шың,
Қиясымен…,
Жанарымның жасымен жылап аққан,
Қаламымның қанымен, сиясымен!
Сүйем оны мың құшып, мың аймалап! – деп ақын Исраил Сапарбай айтқанындай, тәуелсіздік жылдары берген мүмкіншіліктерді пайдаланып, адамзаттың игілігі мен халқымыздың жарқын болашағы үшін ұстаздар қызмет ете білсек екен. Тәуелсіз елдің ұстазы бәсекеге қабілетті, оқытудың белсенді әдістерін қолдана білетін, біліктілігін әрдайым арттырып, білімін жетілдіріп отыратын, шәкірттерін сүйетін, олардың жүрек төрінен орын ала білетін, сөзімен, әдебімен, киім кию үлгісімен өзіне баурап алатын қасиетімен, оқушы мүддесін алдыңғы орынға қойып, ел мақтанышына айналған тұлғаларды тәрбиелеуде де өз үлестерін қосатын, мемлекет экономикасына да пайда келтіре білетін озық ойлы тұлға болғаны жөн.
Сарыағаш медресе колледжі директордың оқу өндірістік
жұмысы жөніндегі орынбасары Н.Торебеков