MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар Ислам және Қазақ қоғамындағы әйел құқығы

Ислам және Қазақ қоғамындағы әйел құқығы

Қай кезде болмасын әйел адам ер адамнан әлсіз, әрі нәзік жаратылыс болып сипатталады. Алайда бұл нәзіктік оның дәрежесінің төмен екенін білдірмейді. Әйел адамның құқығы ер адамның құқығымен бірдей екендігін дәлелдейтін Құран аяттарына мән беретін болсақ, ең алдымен мына жайтқа назар аударсақ болады: мүміндердің бұл өмірдегі және мәңгілік бақытқа жетуі тұрғысынан уахи ер мен әйелдің арасында толық теңдік орнатып олардың құқықтарын тең қылады. Мысалы, «Ахзаб» сүресінің 35 аятында Алла Тағаланың кешірімі мен мақтауы екі жыныстан болған ізгі өкілдері үшін бірдей дайындалатыны анық көрсетілген, өйткені үндеу тікелей әйелдерге де, ерлерге де бағытталады. Алла Тағала: “Сөз жоқ мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмин ерлер және мүмин әйелдер, бой ұсынушы ерлер және бой ұсынушы әйелдер, шыншыл ерлер және шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер, ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы ерлер және ұятты жерлерін қорғаушы әйелдер, Алланы көп зікір етуші ерлер және әйелдер, Алла бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі”.

Құранда жақсылық жасағаны үшін сауап алу туралы да екі жыныстың толық теңдігі және құқығы бар екендігі «Нахл» сүресінің 97 аятында айтылған: «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз».

Жаратушының екі жынысты бөлек айтуында хикмет бар екені даусыз, әйтпесе Құранның көп жерінде оларды бөлек белгілемес еді: “Сонда олардың Раббылары тілектерін қабыл етті: «Шын мәнінде Мен сендерден еркек, әйел ғамал істеушілердің ғамалын зая қылмаймын. Бір- біріңненсіңдер. (Бәрің бірдейсіңдер.) Және сондай босқандардың, жұрттарынан шығарылғандардың және Менің жолымда жапа шектірілгендердің, соғысқандардың, өлтірілгендердің жамандықтарын жасырамын. Сондай-ақ оларды астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземін. Сыйлық Алланың қасынан. Әрине сыйлықтың жақсысы Алланың қасында”.

Жалпы Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дінді насихаттап жүрген кезде әйелдер қауымы оған өте көп қолдау көрсеткен. Мысалы, Хадиша анамыз дінді алғашқылардың бірі болып қабылдап, өз мал — мүлкін осы жолда сарп еткені белгілі. Кейін Хадиша анамыз дінді қабылдағаннан кейін Пайғамбарымыздың сүйікті қыздары Рұқия, Зейнеп, Үммү Гүлсім және Фатима аналарымыз да дінге деген өз қолдауларын көрсеткен. Қыздары Пайғамбарымызды өте жақсы көретін, тарих беттерінен әртүрлі қиыншылықтарға тап болған әкелерін кішкентай жүректерімен қорғауға тырысқандары белгілі. Бірде Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбада намаз оқып тұрғанда Әбу Жаһл бастаған бір топ мүшріктер онын үстіне түйенің ішектерін лақтырады және мысқылдап күліп жатады. Олардың жиіркенішті күлкілерін естіген Фатима анамыз дереу келеді де, мүшріктерге ұрысады және жылаған күйде әкесінің үстінен аққан ластықты тазалайды. Мүшріктердін күлкісі сап тыйылып, ауыздарына құм құйылады

Дін жолындағы әйел адамдардың дінге деген табанды ерліктерін бағалаған Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар екендігін және олар Имран қызы Мапиям, перғауынның жары Әсия, Хуалиттің қызы Хадиша, Мұхаммедтің қызы Фатима екендігін баяндаған.

Жаратушы Иеміз әйел адамның құқығын көтеріп олар туралы «Ниса», «Мәриям», «Бақара», «Нұр», «Әл — Ахзаб», «Мумтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде баяндайды. Жалпы бұл сүрелерде қоғамның тыныс — тіршілігі, болмыс — бітіміне әйелдерді де қосып, ондағы әйел адамдардың орнын, міндеттерін, құқықтарын белгілеген. Яғни әйел адамның қоғамдағы, отбасы, неке — қатынастарындағы, жұмыстағы, ғибадаттағы міндеттері мен құқықтары айшықталған.

     Көшпелі мәдениет өзегінде жүрген ата — бабамыз қыз балаға деген құрметтен шет қалмады. Оларды ерекше сыйлағандығын ұлттық мұрамаларымыздан, дастандарымыздан, мақал — мәтелдерімізден, жырларымыздан байқай аламыз. Мысалы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ел аузынан жинап алған жыр — аңыздарындағы мына бір үзінді қыз баланы бабаларымыздың қатты сыйлап, оларды құрметтегенін байқай аламыз.

Бір батыр жорыққа бармақшы болған кезде, оның әйелі бұл шешімге қарсы болып

«әке» деп айтатын қызын жоқ,

«ата» деп айтатын ұлын жоқ,

айтқан тілді алмаса,

жау қолында қаларсын», — деп айтқан екен. Батыр әйелінін сөзін елемей жорыққа шығып, сол жолда қайтыс болады. Өлер алдын ұлының емес, қызының жоқ екендігіне налып, «жау» қолында өлім құшып бара жатқанын, «әкекем» деп айтатын қызы да жоқ екенін айтқан[2,44-47-б]. Сонымен қатар, Абай жолында да Абай бала медреседен елге оралған кезде алдымен әжесі Зеремен амандасқаны да әйел адамның өзәндәк дәрежесі бар екендігін көрсетеді.

Одан бөлек қазақтың ескі заңдар жүйесі «Жеті жарғы» — ны зерделейтін болсақ, қоғамдағы әйел адамның тұрмыстағы статусын көреміз, Мысалы:

— » ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны жарты бөлік, яғни 500 қой болған. (Себебі, отбасының асыраушысы ер адам және олардың саны аз болған. Сол себепті ер адамның құны жоғары болды).

— Егер әйел күйеуін өлтірсе, өліп жазасына кесіледі, егер туыстары кешірім берсе, тек құнын төлейді. Бұндай жағдай екіқабат әйелдің басынан өтсе, құтылады, алайда халыққа жеккөрінішті болады. Егер күйеуі әйелін өлтірсе, онын құнын төлейді.

— Әке — шешесі балаларының өліміне жазаға тартылмайды, ал анасы заңсыз түрде баласын әдейі өлтірсе, өлім жазасына тартылады.

— Қыз баланы зорлау адам өлтірумен тең болды. Кінәлі адам өлім жазасы немесе құң төлеу жазасына кесіледі. Егер ол сол қызға үйленсе, өлім мен құң жазаларынан құтылады.

— Күйеуі жұбайынын зина жасағаны үшін оны өлтіруге құқығы бар. Егер бұл қылмыс дәлелденсе сот сол әйел мен еркекті өлім жазасына кеседі. Егер сенімді төрт адам олардың кінәсіз екендігін дәлелдесе, өлім жазасына тартылмайды. Ислам дінінде әйел адамға жала табуға болмайды. Құранда «Нұр» сүресінің 4 аятында абыройлы әйелдерге жала жапқандар егер төрт куәгерді алып келе алмаса, оған сексен дүре жоғылатындығы баяндалған және 23 сүресінде расында абыройлы ақ ниетті әйелдерге жаба жапқандар бұл дүниеде де, ақыретте де қарғалғандығын және оларға үлкен азап барын, қиямет күні олардың аяқ қолдары оларға куәлік ететіндігін баяндады.

— Жеті атаға жетпей қан араластырғандарға өлім жазасы тағайындалады.

— Жолдасынын немесе әкесінің ұрлық жасағанын біліп тұрып айтпаған отбасыға да жаза қолданылады.

— Ұрлықшылар куәгер бола алмайды. (Исламда әйелдер еркектер сиякты куәгер бола алады бұл ислам дінінің әйел құқығын сақтайтынын көрсетеді).

Жеті жарғыны Құранмен салыстыра қарасақ, ислам дінінің әйел құқығын, ахуалын жоғары қоятындығын көреміз. Батыс саясатын шырмауы әлі күнге дейін “Ислам әлемінде әйелді құрметтеу атымен жоқ” деген жалаларын жабуда. Алайда жоғарыда келтірілген аяттар мен Пайғамбар өміріндегі кейбір көріністер оларға деген құрметтің кішкене ғана бөлігі болып табылады.

Колледж арнайы пән оқытушысы: Сманова Нұржамал Әбдишукүрқызы

Related Post

Ақпараттық қоғамның құрбандарыАқпараттық қоғамның құрбандары

Қазіргі қоғам ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы. Күн өткен сайын технологияның шығуымен қатар, әлеуметтік желілер де өз негізінде дамып келеді. Әрине, заман талабына сай даму жағы жетістігіміз деп айта алсақ,

КӨРКЕМ АХЛАҚТЫ КІСІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫКӨРКЕМ АХЛАҚТЫ КІСІНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ

Қазіргі қоғамдағы адам баласының бойындағы мораль немесе адамгершілік секілді ізгі қасиеттерді бойға жинап, сол арқылы күллі адамзатты имандылық пен тәрбие ұштасқан бағытта  тәрбиелеу бүгінгі таңдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр.