Автор: Кадиров Эркин Мусирманұлы

Ислам дінінде адамның тек қана рухына емес, бәлкім оның денесіне де өзіне лайықты деңгейде арнайы мән берілген. Адамның денесіне соншалық қатты мән беруді — Ислам діні оған өз өмірін сақтау және өзінен бәле-апатты қайтару үшін  зәру болған азық және сусынды жеп-ішу уәжіп еткенінен білеміз. Қәжетті болған мөлшердегі тамақ және сусынды ысырап дәрежесіне жеткізбей жеп-ішу мүбах (рұқсат етілген) болады. Исрап (төгіп-шашу) қылумен жұмсалған тамақ және сусын дене үшін зиянды және қатерлі болғандықтан, тамақ және сусынның да артығы арам.

Барлық нәрселердегі секілді жеп-ішуде де Ислам діні  орташа болуды ұсынады. Әлбетте, бұл сөзіміз Алла тағала адал еткен тамақ және сусындар жайлы айтылып жатыр.

Адамзат жейтін тағамдар өз негізіне қарай екіге бөлінеді: өсімдік және жануар. Өсімдіктерден жасалған тағамдар нажас, зиянды және мас  қылушы болмаса, барлығы адал. Өсімдіктерден түрлі жеміс-жидектер және  бидай, арпа секілді дәнді өнімдер сияқты зарарсыз нәрселер  адал етілген. Нажас тағам яки нажас араласқан  тағам  арам болады. «Нажас» дегенде лас нәрсені түсінеміз. Мысалы, шошқа еті мен майы, өлімтік секілді нәрселер нажас. Тышқан түсіп өлген  сұйық май да нажас араласқандықтан, ол да арамға айналады. Пайғамбарымыз әлейһиссалам мұндай жағдайда майды төгіп тастауға әмір еткен. Егер тышқан түсуімен май арам болмағанда, оны төгуге әмір етпес еді.

Мас қылатын нәрселердің арамдығы баршаға мәлім, оны қайталаудың қәжеті жоқ. Сондай-ақ, у (захар), маний (сперма), топырақ, тас, кесек сияқты жесе адамға зиян жеткізетін нәрселер де шариғатымызда арам етілген .

Жануарлар үш түрге бөлінеді: су жануарлары, құрлық жануарлары және суда да, құрлықта да өмір сүретін жануарлар. Су жануарларының барлығы  жумһур (көпшілік) ғалымдар көзқарасы бойынша адал, яғни жеуге болады. Ханафилер көз  қарасы бойынша, су жануарларынан тек балық қана адал. Ал құрлық жануарларына келетін болсақ, олардан өзі өліп қалғаны, ағып шыққан қан, шошқа еті және Алланың аты айтып сойылмағандарды жеуге болмайды, олардың барлығы арам.

Буылып (қылқынып) өлген, сүзіліп өлген, ұрып өлтірілген, жоғарыдан құлап өлген, жыртқыш аң жарып кеткен жануарды жаны үзілмей сойып алса, адал болады, егер союға үлгермесе, арам болады.

Құс және аңдардан қасқыр, арыстан, жолбарыс, бүркіт, лашын, қырғи сияқты жыртқыштардың еті арам. Үй жануарларынан ит, есек және хашыр секілділердің де еті арам. Жер бетінде өрмелеп, сүйреліп жүретін  жылан, шаян, тышқан, құмырысқа, таракан, өрмекші, ара секілді шыбын-шіркейлерді жеу де арам.

Арам және адал жануардың қосылуынан пайда болған (туылған) жануарлар да арам болып есептеледі. Мысалы, ат пен есектің қосылуынан туылған хашырдың етін жеу арам. Шафиғи, ханбали және ханафилерден екі имам ( имам Абу Юсуф және имам Мұхаммед) пәтуасында аттың етін жеу адал. Ханафилер көз  қарасы бойынша,  зобб, шөбері, түлкі сияқты жануарлар да арам. Жумһур (көпшілік) ғалымдар шаруа жануарларынан түйе, сиыр, қой, ешкілер адалдығын айтқан. Сондай-ақ, қотас, жирафа, зебралар да адал. Жыртқыш болмаған көгершін, музша кептер, шымшық, бөдене, үйрек, қаз, тауық, түйеқұс, бұлбұл секілді құстар адал болып саналады, сондай-ақ, жыртқыш болмаған киік, тау ешкісі, бұғы, қоян сияқты жабайы жануарлар да адал. Жеміс-жидектерге, дәнді-дақылдарына, тамаққа және сояларға түскен құрттар да адал. Құрт түскен тағамдарды жеместен тастап жіберуге болмайды. Құрлықта да, суда да өмір сүретін қолтырауын және бақа секілділер арам. Жалпы бір сөзбен айтқанда, Құран және Сүннетте  адалдығы айтылған жануарлардың барлығы адал, арамдығы айтылғандардың барлығы арам болып саналады. Құран және Сүннетте  адал, яки арамдығы жайлы айтылмаған жануарлар жайында ғалымдар: «Ақылды кісілер пәк деп санағандары адал, лас дегендері арам»,- деген.

Дегенмен қәзіргі заманда ғалымдар: «Құран және Сүннетте  адал яки арамдығы жайлы  сөз айтылмаған жануарлар адал-арамдығы айтылған жануарларға салыстырып көріледі, егер адал жануарларда бар сипаттары болса, ол адал, егер арам жануарларда болатын сипаттары болса, ол арам», — деген.

Ең маңыздысы, мұсылмандар өздерінің жейтін әр лұқмасы (уыс тағамы), әр тамшы сусыны адал еңбекпен табылуы парыз екенін түсінуі, білуі қажет. Яғни азық-түлігі адал болуымен қоса, олар істеп табылған өнеркәсіп те адал болуы шарт. Қарақшылық, ұрлық, парақорлық, зорлық-зомбылық, алдау, арбау секілді шариғат арам еткен жолдармен табылған ақшаға сатып алынған азық-түліктің барлығы негізі арам. Демек осыған орай, арам екі түрлі –материалдай (заттай) және мағнауи болады. Мұсылман адам бұл екі түрлі арамнан — заттай арамнан және мағнауи арамнан өзін сақтауы парыз.

 «Арам» сөзі сөздікте қайтару, тыйым салу мағынасын білдіреді. Ал шариғат  тілінде күдіксіз, ашық-нақты дәлелдермен тыйым салынған нәрсе харам болған. Бұларды біліп алу үшін арнайы дайындық қәжет емес. Арақ және басқа мас қылатын  ішімдіктер, нәжас түскен сулар, шошқа еті, Алланың есімі айтылмай сойылған жануарлар еттері де арам. Сондай-ақ, өзі халал  болған нәрселерге шариғатта тыйым салынған жолмен ие болса, қол жеткізсе, олар да арамға айналады. Мысалы, зұлымдық, ұрлық, сүтқорлық, алдау, парақорлық жолымен табылған барлық нәрсе, өзі пәк, таза  болса да, табушыға арам болады. Сондықтан ғалымдарымыз  жалпы харамды өзінде арамдық  сипаты бар немесе тыйым салынған жолмен табылған  нәрсе деп түсіндірген.

Ғылыми жолмен зерттеп қарағанда, Ислам шариғатында арам  етілген нәрселерді тағам ретінде қолданған адам түрлі аурулармен ауырады. Себебі Ислам діні зиянды нәрселерді харам (арам) еткен. Арам  нәрсе желінген соң денеде қанға айналады. Ал жүрек қанды айдайтын ағза. Зиянды азықтан  пайда болған зиянды қан  жүректің дертке шалдығуына себеп болуы ғылыми шындық. Жүрек дертке шалдыққан соң, хадис шарифте айтылғандай, дене ағзаларының барлығы бұзылады, дертке шалдығады. Міне осы жағдайды ішкі жан дүниесіне де қолдану мүмкін. Ұрлық, парақорлық, сүтқорлық, алдау, басқыншылық сияқты арам жолдармен өзіне мал-мүлік тапқан адамдар  күнәһар болады. Осы  күнәлардың зияны ішкі жан дүниелерін дертке ұшыратады. Харамқорлығын жалғастыратын болса, мағнауи дерт  жаймен –жаймен рухани дертке (өлімге) айналады. Сондықтан  жүрек денеге  салыстырғанда  патша секілді. Патшадан жақсы үкім шықса, халыққа жақсы болғандай, жүректен жақсы ниеттер шықса, дененің басқа ағзаларына жақсы болады. Әрдайым болғандай, қазір де бұл  ұлы  ақиқатты түсінуге, оған  жақсы амал етуге  өте мұқтажбыз. Халал не екенін біліп, әрдайым  халалға жету үшін әрекет ету қажет. Харам не екенін жақсы біліп, әрдайым одан сақтануымыз қажет.

Ислами тәлімдерде момын-мұсылман адам өмір сүру үшін жейді, жеу үшін өмір сүрмейді деп келген. Кім тамақтану мәселесінде орташа болса, тәртіпті-әдепті болса, тағамды өмір қажеттіліктерінен бірі деп білсе, бұл мәселеде мұсылмандардың сипатын өзінде жинаған  болады. Бауырлар,  міне мақалада айтылғандай, адал тамақты адал жолмен  тапсақ, арам тамақ, арам жолдардан сақтансақ, Алла тағала баршамызды  түрлі дерттерден сақтайды. Дерт болмаса, салауатты өмір сүреміз. Дана халқымыз айтқанындай, «Денсаулық — терең байлық». Алла тағала баршамызға ұзақ өмір, денемізге саулық, рызық-несібемізге береке, елімізге тыныштық беріп, әрдайым адаспай шариғатымен жүруді нәсіп етсін, ағайын-бауырлар!