MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар МӘЗҺАБТАРҒА БӨЛІНУДІҢ СЕБЕПТЕРІ

МӘЗҺАБТАРҒА БӨЛІНУДІҢ СЕБЕПТЕРІ

Мәзһаб дегеніміз не. «Мәзһаб» сөзі араб тіліндегі «зәһәбә» (бару) етістігінен шыққан, «жүрілген жол», «баратын жер» деген мағынаны білдірелі. Ал терминдік мағынасы – «Ислам дінінің сенім (ақида) мен фиқһ саласында бір ғалымның немесе бірнеше ғұламаның берген үкімін басшылыққа алып, оны қолдаушылар. Сондай-ақ саяси бір бағыт ұстанып, Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.у.) сүннетін түсінуде түрлі жолдарды ұстанған ағымдарды «мәзһаб» немесе «фирқа» деп атаған.  [1,15-бет]

Дінімізде «мәзһаб» немесе «фирқа» деп діннің негізін құрайтын ақида (сенім) мәселесінде өзгеше ұстаным танытқан тұлға мен оның артынан ерушілерге немесе саяси топқа айтылады. Сонымен қатар діни үкімдерге қатысты түрлі пәтуалар беруші топқа да мәзһаб, фирқа деп атаған. Мысал үшін, харижиттер үлкен күнә  істеген адамды кәпір деген. Ал соған дейін ешбір мұсылман тарапынан мұндай үкім берілмеген. Осы ұстанымы үшін харижиттер жаңа бір ағым болып саналды. Бұдан келіп шығатыны, жеке бір мәзһаб (ағым) болу үшін өзіндік ақидасы мен фиқһи (құқықтық) ережелері болуы тиіс. [2,9-бет]

Мұсылман әлемінде сунниттік бағыттағы «Әһлу сунна уәл-жамағатты» құрайтын фиқһтық мәзһаб яғни, намаз, ораза, зекет, қажылық, сауда, неке секілді құлшылықтарға қатысты қағидалар мен үкімдерді қамтыған төрт мектеп қалыптасқан, ал ақидалық яғни Аллаһқа, пайғамбарға, кітаптарға, періштелерге, ақырет күніне қатысты қағидалар мен негіздерді қамтитын Матуридия мен Әшғария мектебі бар.

Төрт мәзһабтың жетекші имамдары Имам Әбу Ханифа (80-150һ.ж), Имам Малик (94-179һ.ж), Имам Шафиғи (150-204һ.ж), Имам Ахмад ибн Ханбал (164-241һ.ж). Бұл имамдардың мәзһабы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) мен сахабалардың ұстанымдарына негізделген. Соның ішінде қазақ халқының ұстанатын мәзһабы – Ханафи мәзһабы. Ал мәзһаб ұстануға қарсы немесе мәзһаб ұстануды бидғат деп санау – ислам өркениетіне балта шабу, мұсылман бірлігін бұзу, ислам дінінің құлдырауына себеп болу дегенмен пара-пар. Бұл сөзімізді қуаттау үшін құранның мына аятын атап өтсек:

«Исра» сүресінің 71-72 аяттарында: «Күндердің күнінде (ғарасат майданына) барлық адамдарды өздерінің пір тұтқан пәтуаларымен (рухани көсемдерімен) бірге шақырамыз. Кімде-кім (бұл дүниеде ақиқатқа бастайтын жолбасшыға ерсе һәм соның нәтижесінде ақиретте) амал дәптерін оң жағынан алса, ондай бақытты жандар дәптерлерін қуана-қуана оқиды һәм игі істерінің қарымын алуға келгенде титтей де әділетсіздікке ұшырамайды. Ал енді кімде-кім бұл дүниеде ақиқатты көрмейтін көрсоқыр болса (һәм өзін ақиқатқа бастайтын жолбасшыға ермесе), ондай адам ақиретте де көрсоқыр һәм (азаптан құтылу) жолынан қатты адасқан болады».

Осы аяттағы «адамдарды өздерінің пір тұтқан пәруаларымен (рухани көсемдерімен) бірге шақырамыз» деген аяттары Қади Байдауи «әрбір үмбетті өз пайғамбарымен және дінде ерген имамдарымен бірге шақырамыз» деп түсінуге болатындығын айтқан. Ал «Рухул Баян» және «Тафсиру Хусейниде» бұл аяттың мағынасы «Әркім ұстанған мәзһабының имамымен бірге шақырылады. Мысалы, ей, Шафиғи, ей, Ханафи» деп тәпсірлеген.

Бұл ғалымдардың жоғарыдағы аятты осылайша тәпсірлеуі әрбір адамның мәзһаб ұстануы шарт екендігін білдіреді. [3,6-бет]

Ғұлама Нафрауи «Фауакиһу Дауани» еңбегінде: «Ислам ғұламалары халыққа төрт мәзһабтың бірін ұстану парыз, бұлардан өзге ғалымдарға еруге рұқсат жоқ, тіпті тура жолда мүжтаһид болса да  төрт мәзһабтан өзгелерге еліктеу харам. Өйткені төрт мәзһаб имамдарынан өзгелердің фиқһи қағидалары сақталып бізге жетпеген және олар өздері қайтыс болып кеткен» деген. [4,365-бет]

Әр сала өз маманын қажет етеді. Адам науқас болса дәрігерге қаралады, дәрігердің нұсқаулығымен ем қабылдап, ауруынан айығады. Ал кімде-кім маған мүжтаһид ғалым керек емес, мен өзім білем деуі  «адамдар науқастанғанда дәрігерге барудың қажеті жоқ, әркім өз өзіне дәрігер бола алады, қалаған дәрісін алып өзі емделсін» дегенмен тең. Бұлай жасау, мұсылман үмбетінің арасын ажыратып, бірлігін бұзатын, алауыздық тудыратын күнә іс. Онда әркім өз білгенімен амал етеді, басшысы мен биінің кім екені білінбейтін, дау-дамайы үзілмейтін қауымға айналады. «Менің ойымша мына аяттың мағынасы былай» дейтін білімі таяз танымал болуды мақсат тұтқандардың саны көбейіп, бір үкімге бағынбайтындардың саны артады.

Әрбір мұсылманның діни мәселелер мен діни үкімдерді тікелей Құран мен сүннеттен шығарып, түсіне беруі мүмкін емес. Мұны тек білімі толысқан мүжтаһид ғалым ғана игере алады. Ал қарапайым мұсылман халық сол мүжтаһид ғалымның Құран мен сүннетке сүйене отырып берген үкімін алуы жеткілікті. Осы секілді діни мәселелер туындағанда кез келген адам (араб тілін білсе де, тәпсір, ақида мәселелерінен біраз хабары болса да) Құран мен сүннеттен үкім шығара алмайды, үкім шығару үшін мүжтаһид болуы керек. Сондықтан 14 ғасырдан бері әр заманның талаптарына сай үкімін беріп келе жатқан Құран мен сүннетті түсіну кез келгеннің қолынан келмесі анық.

Сондықтан Құранда «Бүлік шығару – адам өлтіргеннен де жаман», ал хадисте «Фитна ұйқыда, кім оны оятса, Аллаһтың қарғысына ұшырасын» делінген. [3,13-бет]

Имам Шафиғи (р.а)  мужтахидтің шарттары жайлы мынаны айтады: «Мына ерекшеліктерге ие адам пәтуа бере алады. Өзгелерге рұқсат жоқ. Яғни, Алла кітабы – Құрандағы аяттардың насих-мансухын, мухкам-муташабиһтің, аяттардың түсу себебін, Мәкки-Мәдәни екендігін білу, хадистердің де дәл осы мәселелерін білу, араб тілі мен араб шайырларының жазбаларынан Құран мен хадисті түсінуге қажетті мөлшерде білуі керек. Бұған қоса, бұларды ынсапты түрде әділдікпен қолдана алуы, халықтың даулы мәселелеріне басшылық ете алуы және бойында тумасынан біткен дарыны болуы керек. Егер ғалымның бойынан осы қасиеттер табылса, онда оған харам-халал жайында сөйлеуіне және пәтуа беруіне болады. Әйтпесе, оның пәтуа беруге құқығы жоқ».

Имам Шафиғидің бұл сөзінен бір іске үкім беруші адамға осындай талаптар бекітіліп отырса, ол кездегі осы төрт мәзһабтың негізін қалаушы ғалымдардың қандай тақуа, қандай білімді әрі ізденуші мүжтаһид болғанын көреміз. Ал қазіргі заманда халықтың сұрағына жауап беріп, пәтуа шығарып жүргендер Имам Шафиғидың пәтуа берушіге қойған талаптарына қаншалықты сай келеді екен?!

Мәзһаб ұстанудың маңыздылығы. Қазіргі күнде мәзһабсыз адам жоқ десек те қателеспеспіз. Мәзһаб ұстанудың мысалы, құдды бір картамен жүрген секілді. Мысалы, екі адамды алайық. Екі  адамның мақсаты – Медеуге жету, бірақ қолдарында ақша жоқ. Екеуі де Алматыға алғаш келуі, қала жайлы ештеңе де білмейді.  Бірінің қолында карта бар, ал бірінің қолында карта жоқ. Қайсыбірі көзделген орынға бірінші барады? Әрине картасы бар адам. Қолында картасы бар адам қай жолмен бару тиімді, қалай тез жетуге болады, қай жол қауіпсіз, қандай маршруттар сол жерге барады деген секілді барлығын карта арқылы қарап біле алады. Ал екінші адам қаланы білмейді, картасы жоқ, тек жолдан кезіккен адамдардан сұрап көзделген жерге бара алады. Бірақ жолыққан адамдар оған дұрыс бағыт-бағдар бере ма, барлығы да тек жақсылықты ойлай ма, әлде арам пиғылы бар ма оны біле алмайсың. Дұрыс жол таба алғанша ол тірі бола ма, жоқ па ол да белгісіз.

Мәзһабтарға бөлінудің тарихы. Ислам тарихындағы мәзһабтар саяси, сенімдік, фиқһтық мақсаттарда пайда болған. Яғни, белгілі бір тұлғалар мен ғалымдар өздерінің саяси, сенімдік, фиқһтық көзқарастарына ислам дінінен, яғни Құран мен сүннеттен дәлелдер іздеп, өз ой-пікірлерін білдірген. Барлық мәзһабтар белгілі бір себеп пен мақсат негізінде пайда болғанымен, өз түсініктеріне Құран мен сүннетке арқа сүйеген немесе мәзһабтар Құран мен сүннетке қатысты әртүрлі өзіндік ерешелікке ие жорамалдар мен долбарлар айтумен өзгешеленеді. Яғни, мәзһабтардың пайда болуындағы белгілі себеп пен мақсатына байланысты зерттеушілер мәзһабтарды ерекшеліктеріне қарай саяси, сенімдік, фиқһтық деп бөліп қарастырады. [5,15-бет]

Мұсылмандар арасындағы алғашқы ең үлкен алауыздық бүлікшілердің хазіреті Османға қарсы келуі, Али мен харижидтер арасындағы түсініспеушілік, Абдуллаһ ибн Зубайр мен Умауилер арасындағы келіспеушілік, сондай-ақ, харижидтер мен Умауилер арасындағы келеңсіздіктер, және Умауилер мен хазіреті Али арасындағы түсініспеушіліктің орын алуымен пайда болды. Ислам халифатындағы бұл алғашқы бұлғаққа түрткі болған негізінен саяси себептер болатын. [5,25-бет]

Осы алғашқы бұлғақ барысында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінің негізінде дауға араласпай, мәселенің шешімін ақыретке қалдырған бір топ болды. Кейіннен «Муржия» деген атақпен тарих сахнасына шыққан бұл топ өкілдері ислам тарихындағы алғашқы сенімдік мәзһабтардың бірі еді. [5,129-130 бб.]. Бұдан кейін «Жабирия», «Қадария», «Мұғтазилия» және т.б. сенімдік мәзһабтар пайда болды.

Ал, мұсылман қауымының арасындағы фиқһтық мәзһабтар Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғаннан кейін «Хадис» және «Рай» мектептерінің ортаға шығуымен пайда болды [6,16-бет]. Бірақ бұл құқықтық мектептер сахабалардың ауызбіршілігіне нұқсан келтіре қойған жоқ. Әйтседе, кейінгі фиқһтық мәзһабтар осы «Хадис» және «Рай» мектебінің негізінде түрлі тарауларға бөлінді [7,12-бет].

Ескере кететін жайт, исламдағы бөлінушіліктер діннің негізгі мәселелері болып табылатын Алла Тағаланың бір (таухид), Мұхаммедтің (с.а.с.) – Хақ Елшісі, Құран Кәрімнің Алла тарапынан түсіп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ен үлкен мұғжизасы болғандығы, хафыз мұсылмандардың Құран Кәрімнің бір әрпін де өзгертпей кітап болып басылғанға дейін жаттап, жадына сақтауы, сондай-ақ, бес уақыт намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау, қажылық секілді парыз ғибадаттар мен олардың орындалуы тұрғысында туындаған жоқ. Сондай-ақ, мұсылмандар исламның негізгі қағидалары немесе дін рұқсат етпейтін ішімдік, доңыз, немесе жыртқыш хайуанның етін жеу, мұрагерлік секілді мәселелерде емес, діннің негізгі қағидаларынан тыс мәселелерде бөлінді. Әрине, бөлінушілікке әкеп соққан саяси және сенімдік мәселелер мұсылмандардың ынтымағына сызат түсірді. Бірақ мұсылмандар арасында туындаған фиқһтық мәселелерді регресске балауға болмайды. Қайта, туындаған фиқһтық мәселелер фақиһтердің фиқһ ілімін терең зерттеп, дамытуына себеп болды. Жалпы туындаған фиқһтық мәселелер плюрализмге жол ашты. Десек те, жоғарыда айтылғандай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде бөлінушілік болған жоқ. Себебі, Алла Елшісі (с.а.с.) көзінің тірісінде мұсылмандардың көшбасшысы болып, бейне күндей жарқырап, нұрын түсіріп, дін ақиқатын паш етті [5, 20-21бб.].

Мәзһабқа бөлінудің себептері. Мәзһабтарға бөлінудің алғашқы себептері – әсіре ұлтшылдық болды. Ұлтшылдық пен нәсілшілдік мұсылмандардың ағымдарға бөлінуіндегі негізгі себептердің бірі. Асылында, Құран мен Сүннет ұлтшылдыққа бөлінуге қарсы шығады. Құранда: «Ей адамдар, біз сіздерді бір еркек пен ұрғашыдан жараттық және бір-біріңізді танысын деп сіздерді ұлттар мен қауымдарға бөлдік». (Хужурат, 13). Хадисте: «Нәсілшілдікті қоздырған бізден емес… Тағы бір хадис-шарифте: «Барлығыңыз Адамнан тарайсыздар. Адам болса топырақтан жаралған. Бір арабтың араб еместен үстемдігі жоқ. Үстемдік тақуалықта» деп ұлтшылдықтың шегін айырған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде ұлтшылдыққа жол берілмеді, алайда хазіреті Османның өлімінен кейін түрлі фитналар басталғаны секілді ұлтшылдықтың да бастауы сол кезден бастау алады.

Мәзһабтарға бөлінудің себептерінің бірі – халифалыққа байланысты бөлінушілік болды. Алғашқы халифалыққа байланысты бөлінушілік Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өткен соң, халифа кім болады деген мәселеден шықты. Ансарлар Пайғамбарымызға (с.а.с.) көмектескен біз едік, халифа бізден болу керек десе, мухажирлер алғаш исламды қабылдаған біз, халифа біздің арамыздан сайлануы керектігін алға тартты. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сырқаттанып жатқанда имамдыққа Әбу Бәкірді (р.а) тағайындады. Осының негізінде ансарлар мен мухажирлер мәселені ушықтырмай Әбу Бәкірді (р.а) халифа етіп тағайындады [8,208-216 бб.]. Алғашқы халифаны сайлау осылай шешілгенімен, Османнан (р.а.) кейін кім халифа болады деген мәселеде көптеп түсініспеушіліктер шыға бастайды. Алғашқы саяси партиялар да осы кезде шығады. Осы тұстағы дау-жанжалдардан харижиттер мен шииттер тарих сахнасына шығады. Әрбір саяси топ өз пікірлерін білдіріп, әрі өз ұстанымдарын қуаттау үшін Құран мен Сүннеттен дәлелдер келтіріп, өздеріне қарсы болған хадистер кездессе оларды қабылдаудан бас тартты.

Мәзһабтарға бөлінудің тағы бір себептерінің бірі – ескі мәдениеттердің исламға әсерінен болды. Исламды насихаттау Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін де жалғасын тауып жатты. Төрт халифа тұсында исламды насихаттау басты міндеттердің бірі болды. Сол кезеңде жаңа басып алған елдерге (Ирак, Иран, Сирия, Палестина, Солтүстік Африка, Европа, Азия) исламды насихаттау жұмыстары жүргізілді. Алайда ол мемлекеттердің халықтары исламды қабылдағанымен, бұрынғы діндеріндегі мәдениеттері толық кете қойған жоқ. Ислам дінін қабалдаса да, бұрынғы діндеріндегі сіңіп кеткен салт-дәстүрлері жалғасын тапты. Нәтижесінде, әртүрлі діндер мен мәдениеттер бір-біріне ықпал ете бастады. Ықпалдасудың нәтижесінде жаңа өзгерістертер мен ерекшеліктер пайда болды. Ал, бұндай ықпалдастық бөлінудің және жаңа мәзһабтардың пайда болуына әкеп соқтырды. Жабири, қадари, муғтазили, мушаббиха, шииттік және сол секілді мәзһабтар осындай ықпалдастықтың нәтижесінде тарих сахнасына шықты.

Мәзһабтарға бөлінудің себептерінің бірі – философияның әсері болды. Кейбір бұзылған мәзһабтардың пайда болуына көне Грек, Үнді, Месопатамия философиясының ықпалы болды. Өйткені, ескі философиялық теориялар исламдық сенімдегі болмыс пен табиғат ұғымымен үйлесе бермейтін. Мұсылман ғалымдарының ішінде ескі философиялық түсініктердің тұмшалауынан шыға алмағандар болды. [7,16-бет] Садраддин Ширази Сухравардидің еңбектеріне сүйене отырып, Умауилер дәуіріндегі кәләмшы ғалымдардың ескі Грек философиясынан хабардар болғандығын айтады. [9,69-бет] Яғни, көне Грек философиясының ықпалы мұсылмандарға Аббаситтер дәуірінде емес, одан бұрын Умауилер кезеңінде кеңінен танымал болған. Исламдағы бұзылған муғтазили мәзһабының өкілдері сенімдік мәселелердегі қолданған логикалық әдіс-тәсілдерін философтардан алды. Ал, муғтазилия мәзһабы Умауилер дәуірінде пайда болған еді.

Дегенмен, Антика философиясының шығармаларын жүйелі түрде араб тіліне аудару аббаситтер халифасы Мамун, Мутасым кезінде қолға алынды. Алғашқы мұсылман философы әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Синаның дүниетанымына көне грек философиясы әсер етуі өз кезегінде ойшылдар арасында талас-тартыс тудырды. Әл-Фараби мен Имам Ғазали арасындағы талас-тартыстар осыған дәлел бола алады.

Ислам тарихында Антика дәуіріндегі секілді белгілі-бір философтың атынан тұратын мектептер қалыптаспағанымен, ескі ойшылдардың дүниені танып білудегі тұжырым-пікірлері философия мен дін дін қоспасынан тұратын исламдық бұзылған мәзһабтар пайда болуына түрткі болды. [7,17-бет]

Тылсымды танып-білудегі талас-тартыстар да – мәзһабтардың бөлінуінің себептерінің бірі болып табылады. Ислам сеніміне «ақылды» қолдану арқылы дәлел келтіруде мұсылман ғалымдарын әртүрлі ойларға жетелеп, соның нәтижесінде түрлі ағымдар пайда болды. Алла Тағаланың сипаттарына дәлел келтіру мен құдіретін танып-білу және басқа да мәселелер жөнінде кәләмшылар әртүрлі әдіс-тәсілдер қолданды. Бұндай мұсылмандық сенімге қатысты түрлі көзқарастардың болуы, мұсылмандардың жіктелуіне әкеп соқтырды. [5,23-24 бб]

Мәзһабтарға бөлінудің тағы бір себептерінің бірі – Құран Кәрімнің муташабиһ аяттарына қатысты туындаған тартыстар болды. Құран Кәрімде кейбір аяттар анық, мағынасы ашық болып келсе, енді кейбір аяттарының мағынасы астарлы, көмескі болып келді, кей аяттар бір әріптен құралса, енді кейбірлері жарты бетті құрады, кейбір аяттардың мағынасы қарапайым, түсінікті болса, кейбір аяттар күрделі болып келді. Алла Тағала Құран Кәрімде осындай мағынасын түсініп білу аса қиын аяттардың бар екендігін былай баяндайды: «Ол Алла, саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар кітаптың ірге тасы. Екінші астарлы мағынадағы аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық істеп, астарлы мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ, ғылымда озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді» (Әл-Имран, 3/7). Алғашқы «салаф» мұсылман ғалымдары муташабих аяттармен көп шұғылданбаған және тәуил жасамаған, оның  мағынасын тек Алла біледі деп тұжырымдаған. Ал кейін келген «халаф» ғалымдары Алла Тағала Құранды адамдар түсініп, онымен өмір сүруі керектігін алға тартып, мухкам аяттармен бірге ақыл арқылы муташабих аяттардың мағынасын анықтауға тырысқан. Мұндай болжамдар мұсылман қоғамында түрлы діни түсініктер мен мәзһабтардың пайда болуына себеп болды. Мужассима, мушаббиха, муаттыла мәзһабтары [10, 5-6 бб], хуруфи [11, 152-153 б.] секілді діни ағымдар муташабих аяттарды тікелей түсіну нәтижесінде пайда болды.

Сондай-ақ, Құран аяттарының захири (анық) және батыни (ішкі мәні) мағыналарда түсініп, әртүрлі болжам жасағандар болды. Осының нәтижесінде захири және батыни фирқалар пайда болды. Бірақ, мұндай көзқарастар көбінесе асыра сілтеушілікке жол ашты.

Ескі діни қиссалардың да – мәзһабтардың бөлінуіне өз әсерін тигізді. Мұсылман әлемінде қиссаларды айту Османның (р.а.) кезеңінен бастау алады. Али (р.а.) өз кезеңінде қисса айтушыларды қыспаққа алып, мешіттен қуған. Өйткені, қисса айтушылардың кейбіреулері бұзылған ескі діндерден алынған оқиғаларды айту арқылы мұсылмандардың сеніміне селкеу түсірді. Ескі қиссаларды айтушылар Умауилер кезінде көбейе түсті. Құран Кәрімдегі «Исрайлат» пен осы ескі қиссалардың кейбірі үндесетін. Себебі, Құранда аты аталған жиырма бес пайғамбардың көпшілігі осы еврей қауымына келген пайғамбарлар болатын. Құран Кәрімде олардың өнегелі өміріне тоқталған аяттар бар. Ал, ескі діни қиссаларды айтушылар көбіне осы Құран Кәрімдегі пайғамбарлар өмірін жырлайтын еді. Алайда, ескі діни қиссалардағы сенім мәселелері түгел-дерлік ислам дінімен сабақтаспайтын. Қисса айтушылар белгілі бір мәзһаб өкілі немесе билеушілерге арқа сүйей отырып, ескі діни қиссаларды айтатын. Осылай бола тұрса да, ескі діни қиссалар мұсылмандардың өзара талас-тартысқа түсуіне себеп болды [5,24-бет].

Хурафалар (ойдан шығарылған нәрсе) және бидғат (дінге жаңа ережелер) енгізу де – жаңа мәзһабтардың шығуына себеп болды. Шииттердің ішіндегі сабайи ағымы хазіреті Алиді иллаһ деуге дейін барса, ниғматуллаһшылар хазіреті Алиді пайғамбарымызбен (с.а.с.) тең дәрежеге дейін шығаруларын айта кетсек болады. Бұл дінге жаңадан енгізілген бидғат болумен шектелмей, Алиді құдай дәрежесіне дейін көтеру – ширкке, яғни күпірлікке алып келеді. Осы секілді ойдан дінге жаңалықтар енгізу де тарихқа жаңа мәзһабтардың шығуына себеп болды.

Мәзһабтардың бөлінуінің тағы бір үлкен себептерінің бірі – құқықтық үкім берудегі өзгешеліктердің болуы болды. Мұсылмандардың құқығы негізінен Құран мен сүннетке негізделген, және барлық нәрсенінің жауабын құран мен сүннеттен іздеу керек. Бірақ заман дамыған сайын, жылдан-жылға әртүрлі мәселелер туындап, тікелей сұрақтарының жауаптарын құран мен сүннеттен таба алмағандықтан мужтаһидтердің ижтиһад жасап, пәтуа шығаруларына мұқтаждық болуда. Осы орайда әрбір мужтаһид ижтиһад жасауда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Соның нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі құқықтық бағыттар пайда болды. Көптеген зерттеушілер ислам тарихында фиқһтық мәселелерге байланысты бөлінушілік хижраның екінші ғасырының аяғында, яғни, табиғиндер дәуірінен кейін пайда болғандығын алға тартады [12, 32-бет].

Исламға дұшпандық жасаудың әсері де – жаңадан мәзһабтардың пайда болуына түрткі болды. Исламның жан-жақа таралуына қарсы шыққан кейбір топтар дінде болмаған еврей, христиан, зороастризм және мәжусилерге қатысты кейбір сенімдерді мұсылман дініне қосып, мұсылмандарды бөлшектеуді көздеді. Өз жерлерінің мұсылмандардың қолдарына өтуін қаламайтын топтар мұсылмандардың сенім және ахлақтарын өзгертіп, ішкі қақтығыс пен бүлік шығарып, мұсылман қоғамын жоюды жоспарлады. Олар әр жердегі мұсылмандар арасында осы мақсаттарын жүзеге асырып, түрлі мәзһабтардың пайда болуына ықпалын тигізді. Парсылардың іс-әрекеттері осыған айқын мысал бола алады [10,25-бет].

Мәзһабтарға бөлінудің себептерінің бірі – әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің ықпалы болды. Исламның алғашқы екі ғасырында мұсылмандар әлемнің үш құрлығын бойлай кіріп, ислам халифатын құрды. Әр мемлекеттегі әртүрлі халықтардың мәдениеттерімен танысты. Византия мен сасаниттер өркениетін көргеннен кейін мұсылман жауынгерлері дүниеге деген көзқарасы өзгере бастады. Византиялықтар мен парсылар секілді аста-төк ішіп-жеуге, алқызыл әлем-жәлем киінуге ұмтылды. Сәулетті зәулім үйлер салып, тұрмысқа түрлі-түсті маталарды пайдаланды. Араб түбегінде жұпыны жағдайда өмір сүрген бәдәуилер енді мәдениетті өмі сүре бастады. Міне, осы жағдай көптеген мәселелерді тудырды. Мұндай өмір сүруді дұрыс деп санап қолдағандар мен тым ысырапшылдық деп есептеген бір-біріне қарама-қарсы топтар пайда болды. Атақты сахаба Әбу Зар әл-Ғифари жаңа әліеуметтік және экономикалық өмірге қарсы шығып, бұлай өмір сүру исламға сай келмейді деп білді. Тіпті сопылық ағымдарды осы әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге байланысты пайда болды деген пікірлер де кездесті.

Еліктеушілік пен әдет-ғұрып факторы да – мәзһабтардың бөлінуіне себеп болды. Әсілі мұсылмандардың көп бөлігі еліктеушілерден тұрады. Және олардың өмір сүру түсініктері әдет-ғұрыптың ықпалы арқылы қалыптасты. Осыған байланысты ғұламалар еліктеушілік пен әдет-ғұрып элементтерінің исламға енуіне қарсы тұрды. Әйтсе де, еліктеушілер дінге сай келмейтін көптеген сенімдерді дін деп қабылдады. Жалпы, еліктеушілер мен исламға сай емес әдет-ғұрыпты діни қағидаға айналдырышылар діни білімі саяз адамдар еді. Дүмше түсінік оларды хурафа, исрайлият және бидғаттарды дін деп тануына әкеп соқтырды. Ислам тарихына қарайтын болсақ, алғашқыда діни ағымдар көбіне еліктеуші топтап қолдау тауып, содан барып мәзһаб болып қалыптасқан. Еліктеушілер тез алданып, тез сенеді және лезде айнып, бөлінуге құмбыл тұрады [7,25-бет].

Керітартпалық пен асыра сілтеушілік – жаңа мәзһабтардың шығуына түрткі болды. Ислам діні керітартпалық пен асыра сілтеушілікке қарсы шығып, фанатизм мен нигилизмді қолдамайды. Өйткені, ислам асыра сілтеушілік пен керітартпалыққа қарсы орта жолды ұстануға үндейді. Бұрынғы діндерде асыра сілтеушілік пен керітартпалар болғаны секілді мұсылмандардың ішінде де тоғышар топтар бой көрсетіп отырды. Бұл адамдар әсіресе әрекеттерімен мұсылман қоғамына жаңылыс пікірлер таратып, бөлінушілікті тудырды. Ибахи мен осы секілді ағымдардың күнәдан арылуға шамамыз жетпейді деген ұстанымдары керітартпалық болатын.

Ислам тарихында саяси және сенімдік мәзһабтардың пайда болуында – надандықтың тигізген әсері ерекше. Білімсіз адамдар өзгелерді айыптап, оларға түрлы атаулар беріп, ал өздері басқалардың тарапынан әсерленіп, олардың қолжаулығына айналып отырды. Дінді бірнеше символдар мен ғибадаттардан тұрады деп санаған діни білімі төмен осындай адамдар жаңылыс пікірлерге көп ұрынды. Осындай надан адамдар арқылы көптеген қате сенімдер мен ғибадаттар енгізілді. Харижилер мен уахабилердің көпшілігі осындай надан адамдар болып табылады. Сондай-ақ, Құран мен сүннетті жоққа шығарып, ақиқатты философтардың көзқарастары мен ақындардың өлеңдерінен табуға болады дейтін илхами секілді діни ағымдардың шығуына да надандық әсер етті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Ethem Ruhi Figlali. Cagimizda itikadi Islam mezheleri. – Istanbul, 1996.
  2. Смайыл Сейтбеков. Мәзһабтар тарихы
  3. Нұрлан Анарбаев. Мәзһаб ұстанудың маңыздылығы
  4. Ахмад ибн Ғунайм ибн Сәлим ибн Миһнә ән-Нафрауи әл-Азһари. Әл-Фауакиһ әд-Дауани, Дарул фикр, Каир 2 том.
  5. Мұхаммед Әбу Заһра. Исламда саяси, итикади, фиқһи мәзһабтар тарихы. Шура баспасы. Ыстанбул,1996
  6. Юнус Апайдын. Мұсылман құқығы. Түркістан, 1999
  7. Ақмарал Сатыбалдиева. Саяси, кәләмдық және фиқһтық мәзһабтар тарихы – оқу құралы. Алматы, 2016
  8. Huseyin Algul. Islam tarihi. Bonca Yayinevi. Istambul-1991
  9. Али Вулаш. Дін философия/Уаһи-ақыл байланысы. Ыстанбул,1994
  10. Сабри Хизметли, Мәзһабтар тарихы. Түркістан, 2000
  11. Осман Түрер, Тасауыф тарихы. Ыстанбул, 1995
  12. Зекиуддин Шабан. Ислам құқық ілімінің негіздері. Түркия Диянет Вакбы. Анкара, 1999

«Ұстаз» арнайы және кәсіптік пәндер әдістемелік бірлестігінің меңгерушісі: Утегенова Дилфуза Садыковна

Related Post

Кітап иелері бауыздаған малдың ислам шариғатындағы үкімі.Кітап иелері бауыздаған малдың ислам шариғатындағы үкімі.

Бұл мәселеде ислам ғұламалары үш түрлі пікір айтқан. Біріншісі, малдың еті адал болу үшін мұсылман адам болсын, кітап иесі болсын Алланың атымен бауыздауы шарт. Екіншісі, кітап иесі мал бауыздаған сәтте

Ақпараттық қоғамның құрбандарыАқпараттық қоғамның құрбандары

Қазіргі қоғам ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы. Күн өткен сайын технологияның шығуымен қатар, әлеуметтік желілер де өз негізінде дамып келеді. Әрине, заман талабына сай даму жағы жетістігіміз деп айта алсақ,

ИМАМ ҒАЗАЛИДЫҢ КӘЛАМ ІЛІМІНДЕГІ ОРНЫИМАМ ҒАЗАЛИДЫҢ КӘЛАМ ІЛІМІНДЕГІ ОРНЫ

Хайридинов Зухридин Зайнидинович Сарыағаш медресе колледжі ұстазы zukhridin96@mail.ru Хижри жыл санауы бойынша 450-505 жылдар арасында өмір сүрген, сол 55 жасын имандылыққа арнаған Әбу Хамид Мұхаммад Ал-Ғазали Ат-Туси Ан-Найсабури ислам әлемінде