MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар Шын мәнінде мүміндер бір-біріне дос

Шын мәнінде мүміндер бір-біріне дос

Ислам діні – ұлтына, нәсіліне, түр-түсіне қарамай күллі адамзат баласын бауырына басатын дін. Сол себепті ислам дінін қабылдаған әрбір мұсылман ұлты мен нәсіліне қарамай бір-біріне бауыр саналады. Қан бауырластығы секілді дін бауырластығы болатындығын осыдан аңғарамыз. Мүміндер арасындағы бауырмалдықтың түп негізі – иман. Ал иманның іргетасы – өзара сүйіспеншілік, достық пен махаббат. Алла елшісі айтқандай «Иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар».

Қасиетті Құран аяттарында бұл жайлы былай Алла Тағала былай деп бұйырады: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шын жанашыр дос болып табылады. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды. Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Аллаға және пайғамбарына әрдайым бағынады. Міне, соларды Алла арнайы түрде шексіз мейіріміне бөлейді. Шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі). («Тәубе» сүресі, 71-аят) Бұл қасиетті аят Аллаға иман келтірген жандардың сипаттарын қамтыған. Мүміндердің бір-біріне қаншалықты жақсылықтар жасайтындықтарын білдіріп, иман келтіріп ізгілікке құмар болғандар Алланың мейіріміне ие болатындығы айтылған.

Бауырмалдық пен сүйіспеншілік тұқым мен топырақ, жеміс пен жапырақ секілді бір-біріне өте жақын, ара-жігін ажыратуға келмейтін қос ақиқат. Сондықтан діндес бауыр болу үшін ислам мына бес нәрсені талап етеді.

1.Бауырмалдық құқықты сақтау. Бұл дегеніміз діндес бауырыңның ақысын өзіңнің ақыңдай көру деген сөз. Демек, бауырыңыздың басына қандай да бір қауіп-қатер үйірілсе, оның құқығы сіздің де құқығыңыз екенін сезіне білуіңіз керек. Оның намысын таптағандар сіздің де намысыңызды таптады, оның арынан аттағандар сіздің де арыңыздан аттады деп ұғыну.

2.Сүйіспеншілік, өзара татулық. Сүйіспеншілік тек тілдің ұшында емес, жүрек төрінде, көңіл тағында болса қорықпай, жасқанбай бір-бірін жақсы көруді, құрметтеуді кеңінен тарату жолында ыждыһат жасай алады. Мүмін бауырыңызды жақсы көрсеңіз, Алла да сізді жақсы көреді. Айналаңызда кім сізді бауырмалдыққа, сүйіспеншілік пен береке-бірлікке, бейбітшілік пен ынтымаққа шақыратын болса, оны бауырыңызға басып, оған құшағыңызды ашыңыз.

3.Бауырмалдық әдептері. Бұл әдептердің ең көркем үлгісі Алла елшісінің «Сендердің ешбірің өзіне қалаған нәрсесін өз бауырыңа қаламайынша толық иман келтірген болып саналмайды» деген хадисінде баяндалған. Мұсылман үмбеті өзіне болса екен деген жақсылықтар мен береке-бірлікті ұлты мен нәсіліне қарамай адамзатқа да тілегені жөн болады.

4.Теңдік. Ардақты пайғамбарымыз «тарақтың тістеріндей» деп айтқанындай, бір-бірімен тең екенін, адам ретінде дәрежелерінде айырмашылықтың жоқ екенін ұғыну керек. Азат болып туылған ешбір жан баласы, дәл өзіндей адамға құл болуға ақысы жоқ, ешбір пенде Алланың құлын өзіне құл етуге құқылы емес.

5.Қамқорлық жасау. Алла елшісінің хадисінде келгендей «Мұсылман үмбеті бір дене тәрізді, бірі сыздап, бір жері сырқаттана қалса, басқа ағзалары да ауырып шыға келеді». Демек үлкені кішіге қамқорлық жасап, кішісі үлкенге ізет көрсеткен тұста бір-бірінің жәрдеміне жүгіріп, қал-жағдайына қарасты деген сөз. Ақиық ақын Мұқағали «Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы» деген кезде ислам үмбеті болып бірігуді, араб пен қазақтың, өзбек пен тәжіктің сол секілді жер бетіндегі әр ұлтқа тән исі мұсылман баласының бірігуін, бір-біріне қамқор болуын меңзесе керек.

Колледж арнайы пән оқытушысы: Кулжанов Темурбек Улгасович

Related Post

Тәрбиедегі үздіксіз білім беруТәрбиедегі үздіксіз білім беру

Тәуелсіздік барлық саладағыдай халық ағарту саласында да үлкен өзгерістер жасады. Қазір ұлттық педагогикамыз қарқынды дамып келеді. Олар білім беруде ұлттық ерекшеліктерге көңіл бөледі. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін олардың ілімі жеткілікті

Тәуелсіздік біз үшін бәрінен қымбат!Тәуелсіздік біз үшін бәрінен қымбат!

Қай елде, қай мемлекетте болмасын, тұтастай даму тарихына үңілсек, азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрес ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тәуелсіздік түгілі жерінен айырылған, отаны жоқ ұлттар бар. Сондықтан, тәуелсіздіктің қадірін