MEDRESE.KZ Жаңалықтар ТӘҢІРШІЛДІК ДІН БЕ?

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!  

Әуелі дін дегеніміз не? Дін сөзінің мән-мағынасы қандай? Осы тұрғыдан алар болсақ, дін сөзінің араб тіліндегі мағынасы: сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал терминдік мағынасы: Алла Тағала тарапынан жіберілген иләһи жүйе, заң. Ол адамзат баласының өмір сүруін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды үйрететін, ақыретте Алланың разылығына кенелтетін, сондай-ақ уәде етілген мәңгілік жәннаттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жол.  

Дін – бүкіл   әлемнің жаратушысы тек Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге жанның дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруына немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие болмаған. Алла елшілерінің, яғни пайғамбарлардың міндеті – Жаратқан Алладан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу.

Дін адамға Алла Тағаланың таңғажайып даналыққа құрылған жаратылысының алдындағы мақсат-міндеттерін айқындап береді. Адам баласы тек ішіп-жеу, саят құрып сайрандау, бірін-бірі өлтіру үшін ғана жаратылмаған. Керісінше, Ұлы Жаратушысына құлшылық ету үшін ғана жаратылған. Қасиетті аятта былайша баян етіледі:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالإنْسَ إِلا لِيَعْبُدُونِ

«Мен жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым», – деген («Зәрият» сүресі, 56-аят).

Дін – адам баласына екі дүние бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның барлық іс‑әрекетін қайырымдылық пен ізгілікке бағыттайды.

Дін – пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиға* ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яғни діннің негізі уахиге сүйенбесе, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін «жасанды дін» деп аталады.

Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланы бір деп танудан) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жібергенін қасиетті Құранда баян етеді.

Адам Ұлы Жаратушының бар екеніне сенгенімен, Оған қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар пайғамбарлар арқылы жетіп тұрды. Өйткені адам әртүрлі сылтау мен желеу айтпау үшін әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында:

رُسُلا مُبَشِّرِينَ وَمُنْذِرِينَ لِئَلا يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللَّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ وَكَانَ اللَّهُ عَزِيزًا حَكِيمًا

«Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе, біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін (ізгі жандарды жұмақпен) сүйіншілеуші және (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі», – деп айтылған  («Ниса» сүресі, 165-аят).

Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның жоқ екендігін Құран былайша баян етеді:

إِنَّا أَرْسَلْنَاكَ بِالْحَقِّ بَشِيرًا وَنَذِيرًا وَإِنْ مِنْ أُمَّةٍ إِلا خَلا فِيهَا نَذِيرٌ

«Шындығында Біз сені ақиқатпен (мүминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» («Фатыр» сүресі, 24-аят).

وَلِكُلِّ أُمَّةٍ رَسُولٌ

«Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).

Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермесе, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосуы немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін. Сол себепті Құранда:

وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّى نَبْعَثَ رَسُولا

«Пайғамбар жібермейінше біз ешкімді жазаламаймыз», – деп анық ескертілген («Исра» сүресі, 15-аят)

Демек, Ұлы Жаратушы өзінің дінін жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.

Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік берген. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Ал ислам бұл пікірмен келіспейді.

Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид*. Себебі, Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі бірінші пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (ғ.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – Таухид пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, пендешілікке салынып таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Адамдар таухид дінінен  шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін, пайғамбарын жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура жолға шақырды.

Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла Исламнан өзге дінді қабыл етпейтінін мына бір аятта баян етеді:

إِنَّ الدِّينَ عِنْدَ اللَّهِ الإسْلامُ

«Күмәнсіз Алланың құзырындағы шынайы дін – Ислам» («Әли Имран» сүресі, 19-аят).

Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:

  1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи (көктен түскен) діндер (иудаизм, христиан, ислам)
  2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер (анимизм, натуризм, тотемизм, буддизм, индуизм т.б.).

Тәңіршілдікті дін деп атауға бола ма?

Әрине, жоқ. Себебі, тәңіршілдік дін емес ол – түркі халықтарының исламға дейінгі нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі. Тәңірмен қатар Жер – Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады.

Тәңіршілдік дін санатына жатпайды. Себебі, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, қасиетті кітабы мен пайғамбары, пайғамбардың ізбасарлары болған ресми дін адамдары болмаса, діни мереке күндері мен жерлеу рәсімдері болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек құдайды еске алып қою ол дін емес, жай ғана наным. Оны дін ретінде таныту – адасушылық. Исламды, Құранды, Мұхаммед пайғамбарды қабыл етпеу – күпірлік. 

Бір дінді дін деп атау үшін мынандай шарттар болуы қажет:

  1. Құдай түсінігі (Алла туралы сенім)
  2. Пайғамбары болу (адамзатқа тура жол көрсететін жол басшы)
  3. Періштеге деген сенім
  4. Қасиетті кітабы болу (жазба мәтіндер)
  5. Моральдік қағидалар, заңдар жиынтығы болу (кітабы)
  6. Орындайтын құлшылықтары болу (намаз, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, ғибадатхана т.б.)
  7. Қасиетті күндер мен мейрамдары болу
  8. Дін қызметкері немесе діни басшысы болу.

Ал мұндай шарттар болмаса, онда ол дін ретінде танылмайды. Жай ғана ырым болып есептеледі. Наным-сенім мен дінді шатастыруға болмайды, бұл үлкен қателік. Егер барлық наным-сенімді дін ретінде есептесек, онда жер бетінде әр ұлттың, тайпа мен рудың бір-бір діні бар деген ұғым шығады.

Енді «тәңіршілдікті» алатын болсақ, жоғарыда айтылған мәселелер бойынша таразылай отырып, қарағанымызда қандай дінге жатады деген сұрақ туындайды.

Түркілердің кейбір ру, тайпалары ислам діні келместен алдын иудаизм, заростризм, буддизм, манихейзм, христиан діндерін қабыл еткен. Мәселен, Хазар түркілерінің ішінде иудаизмді қабыл еткендер болса, Гагауздар христиандықты қабылдаған. Осыған қарап түркілердің бәрі аталмыш діндерді ұстанды дей алмаймыз. Ал ислам дінін жаппай қабылдауы олардың сенімімен ислам негіздерінің ұқсастығынан жаңа дінді тез қабылдауына себеп болды. Мәселен, түркілер бір құдайға сенетін, әдепке көңіл бөлетін. Ислам да бір Аллаға сенуді насихаттайды әрі әдептілікті ту етеді. Күнделікті өмірде белсенді, қызуқанды болған түркілердің жаратылысына буддизм сенімі мүлде қайшы келетін. Көктүрік қағаны Білге Қаған буддист храмын салдырмақ болғанда, уәзірі Тонюкук қарсы шығады. Оның уәжі буддизмнің дәстүрлі түрік дініне қайшылығымен түркілердің жаратылысына кері әсер ететінін айтады. Осылайша храм салдыруға қарсы болады.

Ислам діні келгенге дейін түркілердің діни сенімдерін нақты қалай аталғанын дөп басып айту қиын. Ал кейбір ғалымдар шаманизммен шатастырады. Шаманизм түркілердің діні болған емес, ол жай ғана наным.

Түркі қауымында исламға дейін шаманизм, тотемизим, анимизм секілді алғашқы қауымдық діни наным-сенімдер болған. Әрине аталмыш наным-сенімдер дін ретінде қоғамда орын алмаған. Мұндай сенімдер барлық халықтар арасында кездеседі.

Түркілер бір құдайдың бар екеніне сенген. Жаратушы тәңір деген осы сенімдері исламның бір құдай түсінігімен ұштасқандықтан түркілер исламды қабылдауда өзге халықтарға қарғанда анағұрлым белсенді болды. Түркілердің бір құдайға деген сенімдеріне қатысты Орхун Енисей жазба ескерткішінен де кездестіруге болады.

Зерттеушілер түркілерде «Көк Тәңірі» сенімі болғанын дәлелдеген. Олар Жаратушыға «Тәңірі» деген сөз қолданған. Б.э.д. ІІ ғасырда ғұндар «Көктегі Ұлы Тәңірі» деп қолданған. Ал ислам дінін қабылдаған түркілер «Тенгри», «Тәңірі» атауын ұмытпай, Алла сөзінің синонимі етіп қолдануға көшкен. Олар ешқашан «Тәңірі» сөзін Алла сөзінің антонимі ретінде қолданбаған. Ақиқатында Алла сөзі ешбір тілге аударылмайды. Араб тілінде «раб, иләһ, мәулә» атауы құдай ұғымын береді. Сондықтан Тәңірі атауы бұл Алла деген ұғымды білдіреді. Алла басқа, Тәңірі басқа бола алмайды. Бұлай деу түркі және ислам сеніміне қайшы.

Көк Тәңірге сену тек түркілерге ғана тән наным емес. Мұндай сенімдер барлық құрлықта әсіресе Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Австралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған тәңір культі. Ғалымдар көк тәңір туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды. Мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғаны ғылыми ақиқат.

Бір құдайға сенген түркілер түсінігінде құлшылық Тәңірдің ризашылығын алудан тұрған. Алайда олардың күнделікті жасайтын арнайы құлшылықтары мен ғибадатханалары болмаған. Олардың ресми құлшылығын Қаған атқарған. Яғни түркілер бір мейрам болса немесе қасиетті мекендерге барғанда дұға жасаса, құрбандық шалса, жорыққа шығар алдында діни рәсім жасаған. Мұндай жағдайда Қаған бас болып, өзгелері қостап, қолдарын жайып, көкке қарап мінәжәт жасаған. Осы жәйтке мән беріп қарасақ, ертеректегі бұл сиыну үрдісі қазақ халқының арасында көрініс тапқанын білеміз. Мәселен, жорыққа шығар алдында абыздар құдайға мінәжат жасап, сарбаздар қолын көтеріп, бата жасап, бір құдайға сыйынып жауға шапқан. Әрине құдайға сыйынған түркілердің бұл әрекетіне қарап, сол кезде тәңіршілік діні болған дей алмаймыз. Себебі, адам қай ғасырда өмір сүрмесін, құдайға осылай сыйынады.

Тәңіршілдік қазақ халқының ата діні емес!

Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтарының соның ішінде қазақ халқының ата діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Жоғарыда аталған елдердің ешбірі екі мың, үш мың жыл бұрынғы ата бабаларының наным сенімдерін жаңғыртуға құлықты емес. Себебі, ол нанымды дін деп атауға келмейді. Діни атрибуттары мен институттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру барып тұрған надандық. Сондықтан ғасырлар қойнауына кеткен нанымдарын тек атаумен ғана шектелуде. Сондай нанымның бірі – тәңіршілік.

Бүгінгі күні кейбір кісілер тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта дін ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), қасиетті кітабым –  Құран деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде құдайды да жекешелендірмек пе? Түркі халықтарының ешбірі «біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңірге сену барша түркілердің исламға дейін ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркі елдері неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені ол күлкілі әрі надандық. Айталық, Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес.

Тәңіршілдікті дін ретінде қайта жаңғыртуды көксейтіндер қазақ даласында онсызда жағымсыз кейіптегі бақсы, балгерлердің санын көбейтпек пе? Әлде отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма?

Құрметті жамағат!

Тәңіршілдік бұл дін емес. Тәңіршілдік тек – наным ғана. Жер бетінде қанша ұлт болса, соншама наным бар екенін ескеретін болсақ, наным-сенім дін бола алмайды. Тәңіршілдікті қабыл еткен кісі мұсылман деп аталмайды.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. 751 жылдан бастап, қазақ даласына келген ислам діні қазақ ұлтының төл дініне айналды. Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ жерінен әлемге әйгілі көптеген ғалымдар шықты. Сөзіміз дәйекті болу үшін Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» атты еңбегінде бір ғана Отырардан шыққан отыздан астам әл-Фарабилердің болғанын білеміз. Ал даламыздан шыққан ғұламалардың арасында тәңіршілік дінін ұстанушы ешқандай ғалымды көру мүмкін емес. Сонда тәңіршілдер Отырар, Түркістан  секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Иүгүніки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази т.б. қазақ даласынан шыққан ғұлама тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек? Әлде оларды да тәңіршіл етпек пе?

Кешегі Хакім Абайдың:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға – деген өлеңі мен өсиетін қайда қоямыз?

Ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінін енді келіп бұрмалауға тырысудың еш қажеті жоқ.

Осы орайда ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына өсиетіне назар салғанымыз жөн:

Сахаба Хузайфатул Яман (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Адамдар хазіреті Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі жақсы нәрселерді сұрайтын. Мен болсам, маған да ұшқыны тиер деген қорқыныштан әрдайым жамандық жайында сұрайтын едім. Бірде былай дедім:

– Уа, Алланың Елшісі! Біз сондай надандық әрі жаман бір кезеңде өмір сүрдік. Алла бізді осы жақсылықпен, исламмен мәртебелі етті. Осы жақсылықтан кейін артынан қандайда бір жамандық бола ма? – дедім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Иә, болады, – деді. Мен тағы да:

– Сол жамандықтан кейін жақсылық келе ме? – дедім. Пайғамбарымыз:

– Иә, келеді. Бірақ сол жақсылық бұлыңғыр болады, – деді. Мен:

– Ол бұлыңғыр деген не? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– (Алдыңғы жамандықпен ортаға шыққан) бір топ менің сүннетімнен, мен әкелген тура жолдан айырылады. Басқа бір сүннетті, басқа бір сенімді ұстанатын болады. Сен олардың кейбіреулерін дұрыс деп қабылдайсың, кейбірін қабыл етпейсің, – деді. Мен қайта:

– Сол жақсылықтан кейін де жамандық бола ма? – дедім. Пайғамбарымыз:

 Иә, деп сөзін жалғастырды. Бұлардан кейін тозақ қақпасында тұрып шақыратындар (дағуатшылар, ұйымдар, ағымдар) бар. Шақырушыларға ергендер тозаққа тасталады, – деді. Мен сұрағымды жалғастырып:

– Уа, Алланың Елшісі! Сол шақырушылардың сипатын маған айтсаңыз, – дедім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Олар біздің тәнімізден. Қандастарымыз, дін бауырларымыз, ұлтымыздың төңірегінен, – деп жауап берді. Мен:

– Олар маған жететін болса, не істеуімді бұйырасыз? – дедім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Мұсылмандардың жамағатынан және имамдарынан айырылма, – деді. Мен:

– Олардың жамағаттары және бір имамдары да болмаса не істейін? – дедім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 Ол кезде бар болған ағымдар, топтардың бәрін тәрк ет. Тіпті бір ағаштың тамырынан тісіңмен жабысып тұрсаң да ажал саған келгенге дейін солай қал, – деді (имам Мүслим).

Жаратқан Алла Тағала ел іргемізге амандық, Ислам дінімізге беріктік нәсіп етсін. Әртүрлі бүліктен сақтасын. 

* Уахи – Алла Тағаланың діни үкімдерді Жәбірейіл періште арқылы пайғамбарына жеткізуі.

* Таухид – Бір Аллаға сену, Оны жалғыз деп білу, Алладан басқа тәңір жоқ деп сену

Related Post