MEDRESE.KZ Жаңалықтар 1- Сәуірде өтірік сөйлеуге бола ма?

1- Сәуірде өтірік сөйлеуге бола ма?

Басқа қалада ата анадан ұзақта жұмыс істегеніне бір жылдан асты. Үйге деген сағыныш, көктемнің жайма шуақ күнінде, жұмыстан шаршап келіп ойға шомып отырған,  Айдарды шырылдаған телефон үні селт еткізді. Ұялы телефоннан таныс дауыс  бір жағдайдың болғанын жеткізді. Көңіл күй бірден төменге құлдилады, жора жолдастарына болған жайды айтып еді, олар мұнан хабарсыз екендерін айтып, бір хабарын береміз деді. Үйге қанша қоңырау соққанымен оларды алалмады себебі байланыс жақсы емес еді. Үй ішінде ары бері жүріп, қайта ойға шомды өткен күндерін көз алдына сүзгіден өткізді, әкесінің төсек тартып жатқанына біраз болып қалды бірақ анасы әкең жақсы болып келеді дегені қайда? Сол мезет хабар жеткізген досы қайта қоңырау соғып бүгін 1 – сәуірде алдап  соққанын айтып ыржалақтады.

Иә, бұл өтірік тілге жеңіл болғанымен шариғатымыз не дейді?  Қасиетті Құранда: «Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят). Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Өтірік шындыққа қарама-қайшы жаман әдет. Өтірік айту тек сөзбен емес іс-әрекетпен де болады.

Құрани Кәримнің «Наһл» сүресі, 116-аятында:
«Мынау адал, мынау арам» деп ауыздарыңа келген өтірікті айта бермеңдер. Әйтпесе Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар» делінсе, «Зүмәр» сүресінің 60-аятында: «(Мұхамед с.ғ.с.) Қиямет күні Аллаға өтірік айтқандардың беттері қап-қара болғанын көресің» делінген.
Расулулла (с.ғ.с.): «Егер адам өтірік сөйлесе күнәға батады. Күнәға батса, кәпір болады. Кәпір болса, тозаққа кіреді» деген.
Имам Термизи Ибн Ұмардан (р.а.) жеткізген хадисте: «Егер пенде өтірік сөйлесе, бұл қылығынан періштелер одан бір мил арыға ұзақтайды» дейді. Демек, пендені қорып жүретін періштелер де өтірікшінің қылығынан жиіркеніп, одан қашады екен.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үнемі: «Ей, Жаратқан ием, жүрегiмдi екi жүздiлiктен және тiлiмдi өтiрiк сөйлеуден сақтай гөр!» дұға ететін болған.

Көріп тұрғанымыздай шариғатымыз өтірік айтуға рұқсат бермейді екен. Біреуді күлдіру үшінде өтірік сөйлеу дұрыс емес. Әдемі сөйлеу үшін. Адамдарға ұнау үшін, оларды күлдіру үшін өтірік сөйлей салады. Өтірік сөйлеуді әдетке айналдырып алғандар үшін бұл оп-оңай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис шарифінде былай дейді: «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқан адамға нендей өкініш. оның соры құрысын, соры құрысын» — деген.  Қарапайым адамдар өтірік айтқан адамның өзіне ғана зиян деп ойлайды. Өтірік барлық нәрсені жалын сияқты күйдіріп өтеді. Имам Ахмад ибн Ханбал Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген хадисте: «Кімде кім сәби балаға «мынаны ал деп» шақырып алып, оған ештеме бермесе, ол адам өтірікші болады» дейді.
Имам Әбу Дауд риуаят еткен хадис шәріпте Әбдулла ибн Әмір (р.а.) былай дейді: «Мен кішкентай бала болатынмын. Анам: «Әй, Әбдулла бері кел бір нәрсе беремін» деп шақырды. Пайғамбарымыз анама: «не берейін деген едің?» деп сұрады. Анам: «құрма берем» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Егер шақырып алып ешнәрсе бермесең, саған бір күнә жазылатын еді» деді.
Осы хадиске амал етіп көрсек, бала-шағамызға қандай тәрбие беріп жатқанымызды, қаншалықты исламға сай өмір сүріп жүргенімізді аңдауға болады.
Тағы сол сияқты Имам Ахмад ибн Ханбал (р.а.) риуаят еткен хадисте Айша анамыз: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үшін өтірік сөйлеуден жаман құлық жоқ еді. Егер бір адамның азғантай болса да өтірік сөйлегенін біліп қалса, сол адам тәубе қылмайынша қарамайтын» дейді.
Екінші бір хадисте: «Ең үлкен қиянат сенген досыңа өтірік айтуың» дейді. (Имам Ахмад ибн Ханбал) жоғарыда айтып өткен әңгімемізде досына әкесінің өмірден өткенін айтып, досын әбігерге салып еді. Ислам діні өтірікті әдетке айналдырған адамды Алланың дұшпаны санайды. Қияметте ең ауыр азаппен Алланың дұшпандары жазаланады.
Өтірік сөз бен іс-әрекет адамдардың жүрегіне дақ түсіреді. Өтірік айтушы – адамдардың сенімінен айырылады. Адамдар оның сөзіне, ісіне сенбейтін болады. Оны орталарына араластырғысы келмейді. Атамыз қазақ айтқандай: «Өтірікшінің шын сөзі заяа кетеді».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Өтіріктен сақтаныңдар. Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Адам өтірік айтып, өтірікті әдетке айналдырып жүріп, Алланың алдында өтірікші болып жазылады»,- десе енді келесі сөзінде: «мұсылманның бойын-да барлық жаман сипаттардың түрі болуы мүмкін. Бірақ қиянат пен өтірік оның бойында болуы мүмкін емес» — депті. Сондықтан өтірік айтудан сақтанайық.

Related Post

Туған жерТуған жер

Сарыағаш медресе колледжінде белгілі тарихшы, шежіреші, публицист, Әлем Халықтары Жазушылары одағының және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Әлем Халықтары Жазушылары одағының ОҚО бас өкілі Момбек Әбдәкімұлымен студенттермен кездесу болып өтті.