Беков Нұрсұлтан ұстаз
«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның сүттен шығуы да екі жыл алады. Ендеше, ей, адам баласы! Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)». Егер олар Менен өзгенің құдай бола алмайтындығы жайлы іліміңе қайшы келетін соқыр сенімді ұстанып, сені Маған серік қосуға итермелесе, ондай жағдайда ол екеуіне мойынсұнба. Алайда дүниеде олармен жақсы қарым-қатынаста бол, үнемі қарайласып тұр. Сондай-ақ Маған бар ықыласымен бет бұрған, тек Менің разылығымды қалайтын жандардың жолына түс. Ақыр соңында бәрің де Маған қайтасыңдар, сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды жіпке тізгендей етіп өздеріңе айтып беремін» (Лұқман сүресі 14-15 аят)
Аят жайлы жалпы түсінік
Алла Тағала Лұқман хакімнің ұлына айтқан насихатында нығмет бергенге шүкір ету керектігі, сондай-ақ ең жаман әрекет Аллаға серік қосу екендігі жайлы хабар береді. Және осы аяттың жалғасында Өзіне тән өсиетті жеткізе отырып, ата-анаға құрмет көрсетуді өсиет етеді. «Біз оларға мейірім танытуды, оларға жақсылық жасауды бұйырдық», — дейді. Сонымен қатар ата-ана баласын Аллаға серік қосуға, күнә іске итермелеген жағдайда, әрине олардың бұл әрекетіне бойсұнбаулары тиіс. Өйткені Аллаға қарсы келетін істе жаратылысқа итағат етілмесі анық. Бала мен ата-ана арасындағы ең дұрыс қағида – ата-анаға бойсұну әрі оларға жақсылық жасау. Себебі олар баланы тәрбиелеп өсіру барысында қаншама қиындықтарға тап болады.
Алла Тағала аяти кәриманың соңында ата-анасы кісіні серік қосуға шақырмайынша, тіпті мүшрік болса да, оларға бойсұну қажеттігін, бұйырған нәрселерін орындауы керектігін бұйыруда. Өйткені олардың баларының мойнындағы ақысы өте орасан. Олардың өзге дін өкілі болуы – баланы бағып-қағуы кезінде көрген қиыншылықтары үшін лайықты болған жақсылықты жоққа шығара алмайды. Тек Аллаға қарсы келетін орында оларға итағат етуге тыйым салынған.
Аяттың түсу себебі
Осы аяттардың түсу себебіне қатысты Ибн Кәсир тәпсірінде Сағд ибн Әбу Уаққастан (Алла ол кісіден разы болсын) мынадай риуаят айтылады: «Анама деген құрметім, мейірімім өте жоғары еді. Мен мұсылман болған кезімде анам: «Балам, сенің жаңадан жасап алған дінің қандай дін? Ант етейін, сен бұл дініңнен бас тартпайынша, аузыма нәр татып алмаймын. Тіпті өліп қалғанша осы ісімде берік тұрамын. Сөйтіп адамдар сені кінәлап, анасын өлтірген адам дейтін болады», — деп ант ішеді. Оған: «Анашым, былай жасамаңыз. Еш күмәніңіз болмасын, мен дінімді ешбір нәрсеге бола тастамаймын», — дедім.
Хазреті Сағд былай жалғастырады: «Анам бір тәулік бойы ештеңе жемеді. Қатты әлсіреп қалды. Екінші күні де нәр татпады, жағдайы одан да нашарлап қалды. Оның бұл хәлін көріп, жанына барып, анашым өзіңіз білерсіз. Алла Тағалаға ант етейін, сіздің жүз жаныңыз болса, сөйтіп әрқайсысы қайта-қайта шығатын болса, мен сонда да дінімнен бас тартпаймын. Қаласаңыз жеңіз, қаламасаңыз жемеңіз», — дедім. Осылайша анасы Сағдтың (р.а) дініне беріктігіне көз жеткізіп тамақ жей бастайды. Осы оқиғадан кейін жоғарыда келген аят түседі.
Аяттардағы кейбір нәзік тұстар
Аяттардың астарынан мына төмендегідей нәзік тұстарды аңғаруға болады. Бірінші: Алла Тағала ата-анаға бойсұнуды өсиет еткеннен кейін, анаға көрсетілетін құрмет жайлы ерекше тоқталып өтеді. Мұнда жалпы үкімнен кейін жалқы үкімнің айтылуы – оның маңызына, оған деген құрметтің ерекше болу керектігіне нұсқайды. Өйткені ананың баласының мойнындағы ақысы, әкенікіне қарағанда әлдеқайда үлкен.
Кейбір арабтардан ақысын өтеу үшін аналарын арқалап алып, қажылыққа алып барып: «Анамды арқалап көтерудемін, себебі кезінде ол да мені көтерген еді. Мені сүтімен соңына дейін емізетін. Міне сол себепті әкемнің ақысы оған жетпейді», — деген сөздер айтылады.
Екінші: Алла Тағала ата-анаға шүкіршілік ету жайлы хабар бере отырып, алдымен Өзіне шүкір етуімізді бұйырған. Міне бұл жерде Алланың ақысы ата-ананың ақысынан жоғары екендігіне ишарат бар. Олай болса, Аллаға шүкірлік етуіміз қажет. Себебі бүкіл нығметтерді беруші – Ол. Ал ата-анаға шүкірлік айту – Аллаға шүкір етудің бір бөлігі болып табылады. Адамзаттың жаратылуындағы негізгі мақсат – Ұлы болған Алла. Ата-ана бұл жерде жанама себеп. Ендеше ең лайықтысы – ақиқи себептің жанама себептен жоғары тұруы.
Үшінші: соңынан келуі тиіс болған бір сөздің алдынан келтірілуі хасрды (ерекшелік) білдіреді. Аяттағы «уә иләйһил масиир» «қайту Оған» деп келгені секілді. Мұнда араб тіліне қатысты кішігірім ереже бар. Жәр мәжрур деп аталатын сөйлем түрі өзі байланатын сөздің алдына шығып тұр. Осылайша хасрды білдіруде. Мұның мағынасы: «Қайту және соңғы аялдайтын жер Маған ғана, басқасына емес. Бүкіл жаратылыстың қайтуы басқасына емес, тек қана Маған ғана тән» дегенді білдіреді
Төртіншіден: Жоғарыда келген аятта «фид дүнйә» яғни «дүниеде» деген сөз айтылды. Ата-анамен жақсы мәміледе болу, көркем түрде қарым-қатынаста болудың жеңілдігіне әрі бұл мерзімнің қысқа бір уақыт екендігіне нұсқау бар. Өйткені дүние күндерінің жоқ болып кетуі, бітуі тез, санаулы және белгілі мөлшерде ғана. Ендеше мұндай аз уақытқа сабыр ету, төтеп беру қиынға соқпасы анық.