MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар Уақыт құндылығы

Ерматова  Дилфуза Садыковна ұстаз

Адам  баласының  бар  өмірі белгілі  бір уақыт аясында  өтетіндіктен, әрі  әрбір жан  уақытқа  тәуелді  болғандықтан,  қай  заманда  болмасын  уақыттың  маңыздылығы  алдыңғы   орында  тұруы  табиғи  жайт. Адамзат  жаралғаннан  бастап  уақыт  дегенді  ұғынуға, оны   анықтауға,  дұрыс  есептеуге,  тиімді  пайдалануға  тырысып  баққан. Соның  жолында  көптеген  зерттеулер  жүргізіп, ізденістер  жасаған.  Уақыт  әрбір  адамға,  барлық  мекенге  бірдей  берілгендіктен, әлемнің  әрбір  бұрышында  сол  уақыт жайлы  зерттеулер  қолға  алынған,  уақыттың  маңыздылығы  мойындалған.

Уақыт — аманат. Алла  Тағала  Құранда: «Ғасырға  серт!» — деп уақытқа  бекер  ант етпесе  керек. Алла  Тағаланың  ешкімді  бөліп-жармай, бір-бірінен  өзгешелемей барлығына  бірдей  етіп  берген  бірден-бір  нығметі — уақыт. Барша  адамның  өмірінде  күнделікті 24  сағат  бар. Сондықтан  да  уақыт  тұрғысынан «миллионерлер»  болмайды.

Уақыт  Алланың  белгіленген  заңдылығы  бойынша  зырылдап  өте  береді. Бұл  дүниеде  көп  нәрсені  сатып  алу  немесе  қайтарып  алу  мүмкін. Алайда   өткен  уақыт  олай  емес, ол  қайтып  келмейді, сатылмайды,  қарызға  берілмейді. Пайғамбарымыз  с.а.у. былай  деп  өсиет  айтады:

«Бес  нәрсені  бес  нәрседен  бұрын  ойлан. Жастық  шағыңды  қартаймастан  бұрын, денсаулығыңды  ауырмастан  бұрын, байлығыңды  кедейленбестен  бұрын, бос  уақытыңды  шұғылданбастан  бұрын,  өміріңді  өлместен  бұрын  ойлан». Адам  баласының  уақытының  ішіндегі  ең  маңыздысы,  оған  санаулы  күндер  түрінде  сыйға  тартылған  баға  жетпес  нығмет – жастық  шағы. Ақылы  бар  адам  бұл  бағалы  да  шектеулі  мүмкіншілікті  ең  тиімді  түрде  өзінің   мәңгілік  пайдасына  жұмсаудың  жолдарын  іздейді. Алайда  жастықтың  қадірі  көбіне  қартайғанда  ғана  аңғарылып  жатады. Тәжірибесі  мол,  көпті  көрген  ақсақалдардың  бірауыздан   айтар  шындығы:  «Байқа,  жастық  шағыңда  алданып  қалып  жүрме!  Өйткені  ол  жылдам   өте  шығады  екен» — деген.

Жастық  шақты  ойнап-күлу  мен  ойын-сауық  уақыты  деп  ойлайтындар  қатты  қателеседі. Жастық  шақ  адамға  өмірлік  қажет  болатын  мықты  сенім  мен  көркем  тәрбиені  меңгерудің  ең  ыңғайлы  мезгілі. Жастық  шағын  дұрыс  пайдаланбаған,  жеткілікті  білім  алмаған  жан  қартайғанда   сыйлы  қарт  бола  алмайды, адамдар  мезі  болып  жалығып, құтылуға  асығатын  сүйкімсіз  шал  болады. Егер де  өскелең  ұрпақ  өздерінің  жастық  күш-жігерін  нәпсіқұмарлықтары  мен қиял-әуестерін  қанағаттандыру  жолында  ғана пайдаланатын  болса, Алла  Тағаланың  рақымы  мен  кеңшілігінен  мақұрым  қалары  сөзсіз. Мұндай  бақытсыздыққа  душар  болған  ұрпақ  барлық  тұрғыда  артта  қалады. Пайғамбарымыздың  с.а.у. хадисінде жастық шақ  турасында былай  делінеді: «Қиямет  күні төрт  нәрседен  сұралмай,  құлдың  аяғы  жылжымайды. (Ол) — өмірін  қалай  өткізгендігі,  жастық  шағын  қалай  өткізгендігі,  мал  дүниесін  қалай  тауып,  қайда  жұмсағандығы,  біліміне  қалай  амал  еткендігі?».  Хадисте: «Өмірін қалай өткізгендігі» — дегеннен кейін, «жастық шағын қалай өткізгендігі», — деп айтылуына мән берер болсақ, жастық шақ та өмірдің  ішіне кіреді, бірақ Пайғамбарымыздың  с.а.у. жастық шақты өмірден бөліп алып  айтуындағы сыр — жастық шақтың адамға берілген ерекше нығмет екенін, әрі ол турасында адам баласынан қиямет күні бөлек есеп  алынатынын көрсетеді. Уақытты жоспарлауды қалыптастырып, мұсылмандардың өмірлік әдетіне айналдыру үшін дініміз оның маңыздылығына назар аударып қана қоймаған. Сонымен қатар Құранда да, хадисте де адам өмірінің әрбір сәті есепке тартылатыны, өлшеп берілген өмір атты  қазынаны қандай жолда, қалай жұмсағаны  сұралатыны  нақты  айтылған.

Құранда адам баласының жаратылып, қалағанын істеуге еркіндікке  жіберілмегенін, өмір  бойы істеген  әрбір амалын  арнайы  періштелердің  жіпке  тізгендей  жазып  отыратынын, есепке  тартылатын күні адамның  бұлардың ешбірін жоққа шығара  алмайтынын, тіпті сол істерді атқарған  тілі, көзі, құлағы, қол-аяғы  секілді дене мүшелері жеке-жеке куәлік  ететінін, жасалған  жақсылық не жамандық  әрекеті  шаңның  тозаңындай  көзге  ілінбес  мардымсыз  болса  да  сұраусыз  қалмайтынын, ол  есеп  күнінің  адамға  баласын, отбасын, бауырын, ата-анасын, барлығын  ұмыттыратынын, жас балаларды  әп-сәтте  ақ  шашты  қарияға айналдыратын,  өте  ауыр әрі  қорқынышты күн  болатынын  ескертеді. Сонымен алдымызда ақыреттің есебі күтіп тұрғанын  естен  шығармауымыз  қажет. Алайда ақыреттен  қорықпай, бұл дүниеден  қорқуымыз  керек.  Өйткені  ақыретте  бұл  дүниеде  атқарған  істеріміздің  нәтижесін  көреміз. Сондықтан  ақыретте  қандай нәтижеге  қол жеткізетініміз  бұл  жалғанда  уақытымызды  қалай өткізгенімізге байланысты  болмақ. Әрбір арайлап  атқан  таңымызда  өмір  күнтізбеміздің  бір  парақшасы  ашылады. Сол  өмір парағын  қалай  толтырамыз? Кираман  Катибиндер бүгінгі  ақыреттік «файлымызға» нелер  жазады? Мүмін, міне, осы ақиқаттар  жайын  қатты  ойланып, жүрегімен  есебін  жасап, уақытын  ең  пайдалы іспен  өткізсе игі. Сол  үшін де  әрбір  сәтімізді  дұрыс  пайдалануымыз  керек. Өйткені  уақыт  ешқашан  ешкімді  күтіп  тұрмайды. Өткен уақыт  ендігәрі қайта  айналып  келмейді. Ал  болашақ  болса,  бұлыңғыр. Тек  қазіргі  тыныс  алып  тұрған  сәті ғана  адам  баласына  берілген  алтын  мүмкіндік. Уақыт  әрбір  адамға  мүмкіндік  береді. Алайда  сол  мүмкіндікті  дер  кезінде  пайдалана  білгендер  ғана  жетістікке жете  алмақ. Ал  уақыттың  адам  баласы  үшін  мүмкіндік  екендігінің  байыбына  бара  алмаған  жан  өмірінде  барлық  жақсылықтан  мақұрым  қалады  деуге  болады. Сондықтан  мүмкіншілік  болып  тұрған  кезде  уақытты  Алла разы  болатындай  етіп  пайдалану — ең  ақылдының  ісі.

«Уақыт — ең шектеулі қор. Егер ол дұрыс басқарылмаса, басқа еш нәрсе дұрыс басқарылмайды» (Литер Дракер).

Related Post

ӘЙЕЛ АДАМНЫҢ ЖАБЫҚ КИІНУ ПРИНЦІПІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРИҒАТ ШЕҢБЕРІНДЕГІ КИІМ КИЮ ӘДЕБІӘЙЕЛ АДАМНЫҢ ЖАБЫҚ КИІНУ ПРИНЦІПІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРИҒАТ ШЕҢБЕРІНДЕГІ КИІМ КИЮ ӘДЕБІ

СМАНОВА НУРЖАМАЛ ӘБДІШУКҮРҚЫЗЫ Сарыағаш медресе колледжі әдіскері Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің магистранты Жалпы Ислам діні әйел адамның дәрежесін көтерген бірден бір дін дейтін болсақ, ислам шариғаты оның құқығы мен

Тәрбиедегі үздіксіз білім беруТәрбиедегі үздіксіз білім беру

Тәуелсіздік барлық саладағыдай халық ағарту саласында да үлкен өзгерістер жасады. Қазір ұлттық педагогикамыз қарқынды дамып келеді. Олар білім беруде ұлттық ерекшеліктерге көңіл бөледі. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін олардың ілімі жеткілікті

МӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЕВТІҢ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ДІНИ ДҮНИЕТАНЫММӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЕВТІҢ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ДІНИ ДҮНИЕТАНЫМ

Қазақ әдебиетінің өткеніне ретроспективті көзқарас бүгінгі жаулап алулардың биіктігінен адам мен шындықты бейнелеудегі ауызша өнердің алға жылжып келе жатқанын және әр дәуір үшін өзіндік көркемдік критерийлері бар екенін растайды. Сондықтан,