MEDRESE.KZ Жаңалықтар Талақ кітабы

ТАЛАҚ КІТАБЫ

 «Егер олар әйелдерін талақ етуді ниет етсе, шындығында  Алла (олардың сөздерін) есітіп, (ниеттерін) біліп тұрады».

 Құран кәрім,

«Бақара» сүресі, 227-аят.

 

«Неке қидырып  үйленіңдер, бірақ талақ дей көрмеңдер. Өйткені талақ себепті Алла тағаланың Аршысы сілкінеді».

 

«Алла өзінің рұқсат берген істерінің ішіндегі ең жаман көретіні — талақ»

 

Хадис шәріп,

Имам Мәжәһ.

                                           

ТАЛАҚ КІТАБЫ

Ислам –некелі ерлі- зайыптыны бір шаңырақ астында тату өмір сүрулерін қалайтын дін. Сондықтан ислам некеге тұрған сәттен –ақ екі жақтың бір-біріне  деген құқықтарын белгілеп берумен қатар олардың араларында келіспеушіліктердің болатынын алдын ала да ескеріп, оның алдын алу, келіспеушілік бола қалған жағдайда татуластыру шараларын қарастырады. Бұл әрекеттер еш нәтиже бермесе, некемен қосылғандай  талақпен ажырасуға рұқсат береді. Талаққа отбасындағы  келіспеушіліктердің ең соңғы шарасы деп қарау керек. Ислам тұжырымы бойынша некелі ерлі-зайыптының  жанжалынан Алланың Аршысы  (тағы) бейжай болады. Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла өзнің  рұқсат берген істерінің ішіндегі ең  жаман көретіні — талақ», -деген екен.

С: Талақ дегеніміз не?

Ж: Талақ сөздікте «ажырасу»,  «босату» дегенді білдірсе, шариғатта «ерлі- зайыптылық байланысты бұзу» деген мағынада қолданылады.

С: Некелі ерлі- зайыптылар  бір шаңырақта сыйыспаса, күйеуі не істейді?

Ж: Алла тағала жақсы отбасы болуға бұйырған. Дегенмен, отбасылық өмір жараспай, ерлі-зайыпты ажырасуды қаласа, Алла тағала ажырасу жолын да баяндаған. Мұндайда ері әйелін  талақ етіп, өз некесінен босатады. Демек, күйеу талақ етуші, әйел талақ етілуші саналады.

С: Талақ неше түрлі?

Ж: Шариғатта талақ үш түрлі:

  1. «Ахсан» талақ (ажырасудың өте жақсы);
  2. Сүннет талақ (немесе «хасан» талақ (ажырасудың жақсы түрі));
  3. Бидағатталақ  (ажырасудың сүннетке қайшы түрі). Біріншісі, «ахсан»талақ деп хайыз етеккірі келіп тоқтаған кезде жыныстық қатынас жасалмай тұрып ері әйелін бір талақ етіп, «иддасы» (күйеуге шығуға тыйым салынған белгілі уақыт)  өткенше  төсектес болмайтын талақты айтады. Екіншісі, «хасан»  талақ деп төсектес болып жүрген күйеуі әйелімен жыныстық қатынасты тоқтатып, әйелдің  үш реттегі хайыз етеккірінің арасындағы таза кездерінде бір-бірден үш рет талақ етуді айтады. (демек етеккірі келмей тұрғанда жыныстық қатынас  жасамастан ері әйелін бір талақ етіп, «иддасы» өткенше жақындық қылмайтын талақ әйелдің үш етеккірден таза уақытында  бөліп-бөліп үш рет жасалатын талақтан абзал. Сондай –ақ бұл талақтар өкініш  пен қайғыдан қашық. Себебі үш рет талақ етілген әйелмен қайта  жарасу мүмкіндігінен айырылады. Ал бір талақпен қайта жарасудың мүмкіндігі  бар).

Сүннет талақ: 1. Талақ уақытына және талақ санына қатысты екіге бөлінеді. Уақытқа қатыстысы етеккірі келмеген таза кезінде, онымен жыныстық қатынасты тоқтатып тұрып жасалады.

Үшіншісі, «бидағат»  талақ деп бірден үш талақ айту немесе әйелдің бір таза кезеңінде үш рет талақ етуді айтады.

С: Бидағат бойынша жасалған талақтың үкімі қандай?

Ж: Талақ түседі, күйеуі күнәһар саналады. Өйткені сүннетке қайшы іс жасады.

С: Әйелдің хайыз  етеккірі кезінде талақ  түсе ме?

Ж:  Иә түседі. Бірақ етеккір үстінде талақ айтудан  қайтарылған. Сол үшін қайта жарасып, егер ол әйелмен төсектес болып жүрсе, қаласа пәктік басталғанда  қосылмастан бұрын талақ ету  керек. Ал  жыныстық қатынас жасамай жүрген әйелді хайыз етеккірінде  талақ етуге  болады.

С: Аяғы  ауыр кезде талақ жасау қалай?

Ж: Егер жыныстық қатынастан кейін болса, мұндайда талақ ету  дұрыс.

С; Бір  кісі жыныстық қатынаста болып жүрген әйелін сүннет бойынша үш рет талақ етуді қаласа, не істейді?

Ж: Жыныстық қатынасты тоқтатып, әйелдің таза кезінде бір талақ,  екінші тазалығында тағы бір талақ және  үшінші тазалық  үстінде соңғы талақты айтады.

С: Етеккірі келмейтін әйелді ері сүннет бойынша талақ етуді қаласа, не істейді?

Ж: Айына бір талақ жасайды, сонда үш айда үш талақ айтады.

С: Етеккірі келмейтін әйелмен жыныстық қатынас жасап, арадан  уақыт өткізбей  талақ етуге бола ма?

Ж: Иә, болады.

С: Жүкті әйелін сүннет бойынша талақ етуді қалаған ері үш талақты  қалай қояды?

Ж: Имам Ағзам (р.а.)  мен имам Әбу Иусуф  (р.а.) пікірі  бойынша, әр екі  талақтың арасын бір айдан ажыратады. Имам Мұхаммедтің (р.а.)   айтуынша, ол сүннет бойынша талақ ете алмайды, тек бір талақ  жасайды.

С: Кез келген ер адамным талағы түсе ме?

Ж: Иә, егер ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен болса түседі. Ал  есуас,  жас бала және ұйқыдағы  кісінің талағы  түспейді.

С: Мас кісі және мәжбүрленген кісінің талағы  қандай?

Ж: Олардың да талағы – талақ.

С: Мылқаудың талағы түсе ме?

Ж: Оның талағы ыммен білдіріледі.

 

ТАЛАҚТЫҢ АМАЛҒА АСУЫ

С: Ражиғий талақтан кейін ері қайтып әйелімен табысуы мүмкін делінді. Талақтан кейін қайта табысу мүмкін болмаған талақ та бар ма?

Ж: Талақ ету үш түрлі:

  1. Ражиғий талақ. Бұл талақпен идда ішінде қайта табысуға болады.
  2. Байн талақ. Бұл талақпен некені қайта қидырмай табысу дұрыс емес.
  3. Ғализ талақ. Бұл талақпен қайта табысуға тыйым салынады. Ол әйел басқа күйеуге тиіп, ол күйеуі онымен қосылмай, сол күйеуі  өлмей немесе талақ етілгеннен кейін әйел  иддасынан шықпай алдыңғы ерімен қайта табысуы мүмкін емес.

С: Ражиғий және байн талақ қалай түседі?

Ж: Талақ айтылуы бойынша екі түрлі:

  1. Ашық талақ.
  2. Тұспалдап айтылатын (киная) талақ.

Ері «сен талақ болдың», «сен талақ етілдің», «сені талақ еттім» деген сөздермен көбі ниет етілсе де, бір ашық талақ түседі, бұл ражиғий талақ. Дегенмен, талақ етуші бұл сөздерді айтса ниетіне қаралмайды. Сондай-ақ: «сен талақсың», «сен талақ етушінің талағысың»,  «талақ етілумен талақсың» деген сөздерді айтқанда ниетінде талақ болмаса да талақ – ражиғий талақ. Екі талақты ниет етсе де, бір талақ түседі.

Егер «сен талақсың, сен талақсың»  деп екі рет айтса, екі ражиғий талақ түседі. Үш талақты үш ниет етсе үш талақ болады.    Тұспалдап айтылатын (яғни, ашық талақ сөздерімен айтылмайтын) талақ ниетке қарап немесе жағдайға қарап түседі.

С: Бұл туралы кеңінен тоқталсаңыз?

Ж: Тұспалдап айтылатын талақ екі түрлі: Біріншісіне, талақтың үшеуімен екі немесе  үш талақты ниет етсе де ражиғий талақ түседі. Мысалы, «күйеуінің иддаға отыр!», «Жатырыңды тазала!», «Сен бірсің!» деген сөздері.

Екіншісінде, үшеуін ниет етсе үш талақ, екеуін ниет етсе бір бацн талақ түседі. Ал талақ ниеті  болмаса, талақ түспейді, дегенмен талақ мәселесі көтеріліп тұрғанда айтылса, үкімі – талақ.  Мысалы: «сен қатаң түрде  немесе біржолата байнсың»,  «басың бос», «төркініңе кет», «сен боссың немесе менен жақсылық күтпе», «туыстарыңа кет», «туыстарыңа барып қосыл», «білгеніңді істе», «сенен ажырадым», «сен азатсың», «пердеге кір», «бөтен бол», және «бай тауып ал» деген сөздер. Алайда, ер мен әйел талақ мәселесін  көтермесе де, ниетпен ашу немесе жанжал үстінде ұрысу, келеке – мазақ үшін қолданылмайтын ке- келген сөзбен талақ түседі. Демек ұрысу мен келеке-мазақ үшін қолданылатын сөздерді талақты ниет етпей айтса, талақ түспейді.

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ

 

 

Ражиғий талақ ашық сөздерімен  және «иддада отыр», «жатырыңды тазала», «сен бірсің» деген сөздермен  де түседі. Ал тұспалдап айтылатын сөздермен талақты ниет қылса немесе оны талақ еткендігін бір белгімен білдірсе байн талақ түседі. Сондай-ақ егер идда бітсе, идда ішінде күйеуі әйелімен  қайта табыспаса ражиғий талақ байн талаққа айналады.

Үш талақ үш пәктікте немесе үш айда немесе бір сөзде немесе бір пәктікте болса үш талақ ниетімен тұспалдап айтылатын талақ сөзін айтса, ғализ талақ болады.

С: Егер күйеуі талақты қосымша сипатпен айтса қай талақ түседі?

Ж: Онда байн талақ түседі. Мысалы: «сен байн талақсың» немесе «сен қатты талақсың» немесе «ең жаман талақсың» немесе «шайтанның талағысың» немесе «бидағат талақсың» немесе «тас сияқты  талақсың» немесе «үй тола талақсың»  десе әйел байн талақ болады. Мұндайда өз бетінше қайту дұрыс емес.

С: Талақты әйелдің кей ағзаларына айтса талақ түсе ме?

Ж: Егер талақты әйелдің тұрысына немесе оның бір бөлегіне айтса, ол бөлікпен   адам түсінілсе талақ түседі. Мысалы: « сен талақсың», немесе «мойның талақ», «жаның талақ», «денең талақ», «әуретің талақ», «бетің талақ» десе талақ түспейді. Өйткені бұл екі ағзамен адамның барлық жері  түсінілмейді.

С: Күйеуі талақта бір ағзаны айтпай жалпы бір бөлікті айтты.  Мысалы: «жартың талақ», «үштен бірің талақ» десе талақ түседі ме?

Ж: Иә, түседі.

С: Талақтың жарымын немесе үштен бірін айтса, мысалы: «сен жарты талақсың» немесе «бір талақтың  үштен бірісің» немесе «бір талақтың үштен екісісің» десе талақ түседі ме?

Ж: Иә, толық бір талақ түседі. Өйткені, талақтың бірі бөлінбейді.

 

ТАЛАҚТЫ ШАРТПЕН БАЙЛАНЫСТЫРУ

 

С: Бір кісі әйелге: «Саған үйленем- талақсың», — деуі қалай?

Ж: Бұл жағдайда некеден соң талақ түседі.

С: Егер талақты бір шартпен, мысалы, әйелге: «Қораға кірсең — талақсың», — деудің үкімі не?

Ж: Егер шарт орындалса, мұнымен талақ түседі.Ал «Құдай қаласа сен талақсың», — деп айтса бұл шартпен талақ түспейді.

С: «Қораға кірсең — талақсың», — деп айтқан бөтен әйелге кейін үйленсе, ол әйел қораға кірсе не істейді?

Ж: Бұл жағдайда  талақ  болмайды, өйткені талақ күйеуі әйелімен некелі болып тұрғанда ғана амалға асады. Сонда да шарт қойылып, ол шарт  табылса.

С: Шартты сөздер және оны айту қандай?

Ж: Егер, әрқашан, қай кезде деген шартты сөздер талаққа қосылып айтылса шарт табылумен талақ түседі, мәселе шешіледі.

С: Мәселенің шешілуі қалай?

Ж: Мағынасы – шарт табылып талақ түссе, сосын шарт қайта табылумен екінші рет талақ түспейді, өйткені шарттың әсері бір ретпен жоғалады.

С: Шартты сөздердің  ішінде шарт табылумен қайта  талақ түсінетіні бар ма?

Ж: Әрқашан (куллама)  сөзі  талаққа қосылып айтылса, талақ шарты қайталанумен талақ қайтадан түсіп отырады.

С: Бұған бір мысал айта кетсеңіз?

Ж: Ері әйеліне: «Әрқашан қораға кірсең талақсың», — дегеннен кейін қораға кірсе, әр кірген сайын бір талақтан  түсіп отырады. Кейін қайта қораға кірсе, талақ  түседі. Дегенмен шариғатта үш талақтан артық талақ жоқ, демек төртінші рет қораға  кірсе ештеңе  түспейді.

С: Шарт қайталанумен толық үш талақ түсті делік, кейін бұл әйелді басқа адам некелеп алса, ол әйел тағы қораға  кірсе талақ түсе ме?

Ж: Талақ түспейді.

С: Әйеліне «Егер әрқашан қораға  кірсең талақсың», — десе, әйеліне қораға кірмей тұрып бір талақ айтты. Иддасы бітті, екеуі жарасты, кейін әйел қораға кірді талақ түседі ме?

Ж: Иә, талақ түседі.

С: Талақты бір шартқа байланыстырып айтты, шарт табылмастан алдын талақ қойды, ажырасты, кейін онымен қайта жарасқанда алдыңғы шарттың табылуымен талақ түседі ме?

Ж: Шарт бұзылғандықтан, талақ түспейді.

С: Талақты бір шартпен байланыстырып айтты. Кейін күйеуі мен әйелі шарттың орындалу барысында қайшылыққа  түссе, қайбірінің сөзі қабыл?

Ж: Мұндайда ерінің сөзі қабыл болады. Дегенмен әйел шартқа дәлел келтірсе, әйелдің сөзі қабыл болады.

С: Талақ шарты әйел затына ғана тиісті істермен  байланысты болса, мысалы, ері: «Етеккірің  келсе- талақсың» , -десе, араларындағы қайшылық үкім  қалай шешіледі?

Ж: Мұндай істер әйелге  қатысты болғандықтан әйелдің сөзі қабыл болады.

С: Әйелге қатысты дегенді қалай түсінуге болады?

Ж: Мысалы, әйелге: «Егер етеккірің келсе – бір талақсың және күндесің де талақ», — десе, кейін әйелі: «Етеккірім келді», — деуімен  өзіне талақ түседі, күндесіне емес. Ері әйелдің етеккірі келгендігін білсе , екеуі де — талақ.  Осы сияқты  әйеліне: «Мені жақсы көрсең немесе жаман көрсең – талақсың», -десе , оған әйел көңіліндегісіне қайшы айтса да: «Сені жақсы көремін немесе жаман көремін», -деумен  талақ түседі,  сөзі  өз зиянына құжат. Бірақ оның сөзі өзінен басқаға жүрмейді.

С: Әйелге: «Егер етеккірің келсе талақсың немесе бір рет етеккірің толық келсе — талақсың» , — десе, бұл шарттың үкімі не?

Ж: Бұл екі мәселе туралы айтайын. Егер әйелге: «Қашан хайыз етеккірің келсе- талақсың» , — дегеннен  кейін қан үш күн, үш түн келмейінше талақ болмайды. Сонда егер үш күн, үш түн толық келсе қан көрген уақыттан бастап талақтың түскендігіне үкім шығарылады. Өйткені үш күннен кем қан хайыз етеккірге саналмайды, ол истихаза етеккірі. Егер әйелге: «Бір етеккірің толық келсе — талақсың», — десе, мұндайда ол хайыз етеккіріден таза болғанша талақ түспейді. Бұл үкім тек бір сөзді қосып айтумен туындады, яғни толық бір рет етеккір келуге байланыстырылып айтылады.

С: Әйелге: «Сен Меккеде талақсың»,- десе, бірақ ол Меккеде болмаса, үкімі не?

Ж: Қайда болсын сол сәттен талақ түседі. Сол сияқты «Сен қорада талақсың» десе де, сол сәттен әйел қорада болмаса да талақ түседі. Өйткені талақты кіруге немесе шығуға байланыстырып айтпады. Мысалы, «Меккеге немесе қораға кірсең»,- демейді.

С: Әйелге: «Сен  Меккеге кірсең — талақсың», — десе жоғарыдағы мәселеге қайшы ма?

Ж: Иә, оған қайшы.  Өйткені бұл мәселеде талақты кіруге байланыстырып айтты. Сондықтан талақ Меккеге кірмейінше түспейді.

С: «Сен  ертең талақсың» немесе «екі алу үш талақсың», — десе, үкімі не?

Ж: Біріншісінде екі талақ, екіншісінде бір талақ түседі.

 

 

ӘЙЕЛМЕН ЖЫНЫСТЫҚ ҚАТЫНАСҚА БАРМАЙ ТҰРЫП ТАЛАҚ ЕТУ

 

С: Қосылмай тұрып талақ ету дегеніміз не?

Ж: Некеден кейін әйелімен төсектес болмай талақ етсе талақ түседі. Бір сөзбен үш талақ десе  үш талақ түседі, ал үш талақты бөліп айтса, біріншісімен байын талақ түседі, ал екінші, үшінші талақтар түспейді. Некеден соң қосылмастан іске асқан талақ ражиғий талақ емес, байн немесе ғализ талақ саналады.

С: «Сен бір талақсың» , «Бір талақсың» немесе «Сен бірталақтан бұрын бір талақсың» немесе «Бір талақтан кейін бір талақсың» десе, неше талақ түседі?

Ж: Бір талақ түседі.

С: «Сен бір талақсың бір талақтан соң» немесе «Бір талақпен немесе бір талақпен бірсің» деуі қалай?

Ж: Екі талақ түседі.

С: «Егер қораға кірсең бір талақсың және бірсің» дегеннен кейін әйел қораға кірсе, үкімі қалай?

Ж: Бұл мәселеде имам Әбу Ханифа (р.а.) мен екі шәкіртінің (р.а.) арасында қайшылық бар, имам Ағзам (р.а.) : «Бір талақ түседі», — дейді. Екі шәкіртінің (р.а.) ұйғарымы бойынша, екі талақ түседі.

Ескерту: Бұл айтылған барлық сөздер неке қиылғаннан кейін қосылмаған әйел туралы. Жоғарыдағы барлық мәселеде екі талақ түседі.

 

ТАЛАҚТЫ ТАПСЫРУ

 

С: Әйелге: «Өз қалауың білсін», -деп талақты ниет етсе немесе

«Өзіңді талақ қыл» , —десе, сонда әйел өзін- өзі талақ қылуы дұрыс па?

Ж: Әйел бұл екі жағдайда егер ері айтқан жерде болса,

өзін — өзі  талақ  қылуы дұрыс па?

Ж: Әйел бұл екі жағдайда егер ері айтқан жерде болса, өзін — өзі талақ ете алады.  Ал әйел ол жерден тұрып кетсенемесе басқа іспен шұғылданып кетсе әйелдің қалауынан бұл іс кетеді. Егер тек ері: «Өзіңді қалаған уақытта талақ ет» ,- десе, сонда әйелге өзін қалаған уақытта талақ қылуы сол жерде немесе одан кейін де дұрыс.

С: Әйелге: «Өз қалауың білсін»,- десе, сол жерде әйел өз қалуын білдірсе, үкімі не?

Ж: Бір байн  талақ түседі. Өзін-өзі қалауда ері үш талақты ниет еткен болса да,  үш талақ түспейді.

С: Күйеуі әйелге: «Өзіңді талақ қыл»,- деп еді, әйел өзін талақ етті, қандай талақ түседі?

Ж: Бір ражиғий талақ түседі. Ал ері сөзбен үш талақты ниет етсе, әйелі үш талақты айтса үш талақ түседі. Екі талақты ниет ету дұрыс емес.  Екі талақ тек әйел күң болғанда ғана.

С: Бір кісіні талаққа өкіл етіп, оған: «Әйелімді талақ қыл», — деп айтса, осы сөз ері айтқан жерге байланысты ма?

Ж: Жоқ, жерге қатысы жоқ. Ол өкіл сол жерде және одан кейін де талақ хақылы. Бұл мәселе егер өкілге толықықтияр берілген жағдайда жүзеге асады. Ал егер «Қаласаң талақ қыл» , -деген болса, сол жерде талақ қылуы мүмкін.

 

СЫРҚАТТЫҢ ТАЛАҒЫ

 

С: Әйел талақтан соң күйеуінен мұра алады ма?

Ж: Әйелді ері хал үстінде жатып байн талақ еткен болса және әйелдің иддасы бітпей өлсе, мирас алады. Ал егер идда біткеннен соң күйеуі өлсе, оған мұра жоқ. Ғализ  талақтың да үкімі байн талақ сияқты.

 

ХҰЛЪУ (ӘЙЕЛ ЖАҚТАН АЖЫРАСУДЫ ТАЛАП ЕТУ) ТУРАЛЫ

 

С: Әйелі ерінің некесінен босауы үшін талақтан басқа жол бар ма?

Ж: Ер мен әйелдің арасында келіспеушілік болған жағдайда, Алланың бұйрықтарын орындай алмай қалуданқорыққан әйел өз малынан күйеуге фидиа беріп, күйеуінің некесінен шығуының зияны жоқ. Әйел күйеуіне: «Осынша ақшаға сенен өзімді босаттым»,- десе, күйеуі оны қабыл алса, байн талақ түседі. Әйелге айтқан ақшаны беру – уәжіп. Мұны шариғатта хұлъу дейді.

С: Әйел күйеуге осынша ақшаға сенен өзімді ажыраттым, яғни хұлъу еттім десе, күйеуі оны қабыл алумен айтылған ақшаны әйелмен алуы  макруһ емес пе?

Ж: Егер келіспеушілік ері жақтан туса бұл ақшаны ері алуы – макруһ, ал егер әйел жақтан туса, ері әйелі берген ақшадан артық алу – макруһ. Сонымен хұлъу мәселесінде екі жағдайдың екеуінде де алу дұрыс және талақ байн.

С: Ерлі- зайыпты  келісіп, ері талақ етті, оны  әйел қабылдады, бірақ екеуі де хұлъуды тілге алмады, талақ түседі ме?

Ж: Иә, бұл жағдайда талақ түседі. Әйелге малды өлеу – лазым,  талақ байн.

С: Қандай малмен әйел ерін хұлъу етеді?

Ж: Некеде маһр болуға жараған байлық хұлъу орнына жүреді.

С: Әйел: «Мені қолымдағы нәрсеге хұлъу ет», -десе, күйеу хұлъу етсе, не болады?

Ж: Еш нәрсе болмайды, талақ – байн талақ.

С: Еріне: «Мені қолымдағы барыма талақ ет», — деп талап етсе. Ері талақ етсе, қолында еш нәрсе жоқ еді, талақ түсе ме? Бұл жағдайда мал беру қажет пе?

Ж: Байн талақ түседі, әйел ерінен алған маһрді қайтарып беру қажет.

С: Әйелі қолындағы дирһамдарға: «Мені талақ ет»,- деді,  ері талақ етті, бірақ әйелдің қолында ештеңе болмаса, әйел не беруі қажет?

Ж: Әйел кемінде үш  дирһам беруі керек (өйткені, үш- көпше түрдегі сөз).

С: «Мың дирһам  берейін, мені талақ ет», деді, ері талақ етті, әйелі не беруі керек?

Ж: Болмағанда мың дирһамның үштен бірін беру – лазым.

С: Егер әйел еріне: «Мен мың дирһамға үш рет талақ ет», — десе, күйеуі бір рет талақ етсе, үкімі не?

Ж: Имам  Әбу Ханифа (р.а.) бойынша, әйел ештеңе бермейді. Ері әйелге қайтуға хақылы. Екі шәкірті (р.а.)  бойынша, әйел малдың  үштен бірін беруі керек.

С: Ері әйеліне: «Өзіңді үш  мәрте талақ ет, маған беретін теңгеге немесе мың дирһамға», — десе, әйел өзін-өзі бір мәрте талақ етсе, үкімі не?

Ж: Талақ түспейді. Әйелге мал беру уәжіп емес.

С: Хұлъу бойынша талақ етті, бірақ арада шешілмей қалған мәселе болса, үкімі не?

Ж: Имам Әбу Хнаифаның (р.а.)  пікірінше  некеге тиісті барша құқықтарды хұлъу бекер етеді. Бір-бірінің арасында некеге байланысты құқық қалмайды. Ал некеге тиісті болмаған құқықтардың барлығы орындалуы – уәжіп. Мысалы: екеуі бірі- бірінен қарыз алды, кейін хұлъу етті. Хұлъумен арасындағы қарыз жойылмайды.

 

ТАЛАҚТАН ҚАЙТУ

С: Жоғарыда ері әйелін бір мәрте талақ ражиғий немесе екі мәрте талақ ражиғий етсе, иддасының ішіндеері өз бетінше жарасуы мүмкін деп айтып өттіңіз, сонда әйеліне қалай қайтады?

Ж: Әйеліне: «Маған қайттым немесе әйеліме қайттым»,- дейді. Бұл сөзбен қайту боп саналады. Үндемей  жыныстық қатынас жасаса немесе сүйсе, бір жерін шаһуатпен ұстаса немесе ұятты жеріне шаһуатпен қараса әйеліне қайтқан саналады. Бұл іс-әрекет қайтуға жатады.

С: Әйеліне қайту үшін куә шарт па?

Ж: Шарт емес. Бірақ куәгерлердің  болғаны жақсы. Дегенмен куә болмаса да әйелге қайту дұрыс.

С: Ражиғий талақ етілген әйелдің иддасы біткенде, ерінің: «Иддаңда мен саған қайтқан едім», — дегенін әйелі құптаса немесе құптамаса үкімі не?

Ж: Әйел: «Рас»,- десе, ол – ражиғий, ал әйел мойындамаса, әйелдің сөзі есепке алынады. Әбу Занифаның (р.а.) ұйғарымы бойынша әйелге ант ішкізілмейді.

С: Талақ етілген әйелдің үшінші мәрте етеккірі келіп тоқтаса, онымен қайта жарасу тоқтай  ма?

Ж: Имам ағзам (р.а.) мен имам Әбу Иусуфтың (р.а.)  ұйғарымы бойынша, егер қан он күнге жетіп тоқтаса ражиғий жасауға болмайды. Сондай- ақ, ғұсыл жасамаса да иддасы біткен болып саналады. Егер он күнге жетпей тоқтаса ғұсыл құйынып немесе бір намаз оқып болатындай уақыт ішінде қайтуға болады.

С: Ғұсыл алды, бірақ бір ағзасын  жууды ұмытса ражиғий уақыты біте ме?

Ж: Егер су жетпеген ағза толық бір ағза болса немесе одан артық болса қайту уақыты бітпейді. Ал егер толық бір ағза болмаса ражиғий уақыты бітеді.

Ескерту: Ражиғий талақ етілген әйел ері  үшін рұқсат сұрап немесе аяғымен келе жатқанына белгі беріп кіру мұстахаб саналады. Сондай-ақ әйелдің күйеуін көңілді және жасанып күтіп алуы – мұстахаб. Ердің жыныстық қатынасқа баруы күнә емес. Өйткені ражиғий талақ жыныстық қатынас жасауға тиым  салмайды. Қайта ол әйеліне жоғарыда айтқандай жыныстық қатынас арқылы қайтқан болады.

 

ҮШ ТАЛАҚ ЖӘНЕ БАЙН ТАЛАҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

С: Ері әйелін бәйн талақ етті, яғни үш реттен кем талақ етті. Қайта жарасып кетуі дұрыс па?

Ж: Иә, ол үшін идда ішінде немесе иддадан соң екінші рет некелеп алуы қалай?

Ж: Үш мәрте талақ ғализ талақ деп аталады. Талақ еткен ері үшін ол әйелмен екінші рет некелесу дұрыс емес. Ол әйел басқа күйеуге дұрыс некемен тиіп, иддадан шықпайынша екінші күйеуі онымен жыныстық қатынас жасап кейін оны талақ етсе немесе ері өлсе, сосын иддасы біткеннен кейін алдыңғы күйеуі қайтадан некелеп алуына болады.

С: Дұрыс некенің мағынасы не? Дұрыс деген сөзді қосып айтуды қалай түсінеміз?

Ж: Дұрыс некедегі мақсат шариғатта есепке алынатын неке. Ал шариғаттағы бұрыс некемен жыныстық қатынас жасалғанмен алдыңғы күйеуімен қайта некелесуіне болмайды. Өйткені бұрыс неке шариғат талабына сай емес.

С: Құран кәрімде екінші күйеуімен жыныстық қатынаста болу керектігі айтылмаған. Не үшін екінші күйеуімен жыныстық қатынасты өттіңіз?

Ж: Бұл мәселе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпмен белгіленген.

С: Үш мәрте талақ етілген әйелді бір кісі жыныстық қатынас шартымен алды. Бұл неке дұрыс па? Және бұл некемен алдыңғы күйеуімен жарасуға болады ма?

Ж: Жыныстық қатынас шартымен некелесу – макруһ. Бұл харамға жақын макруһ, бірақ неке шарттары орындалумен дұрыс саналады. Кейін осы күйеуі жыныстық қатынастан кейін талақ етсе немесе өлсе алдыңғы күйеуіне халал.

С: Әйелдің бір немесе екі талақтың иддасы бітсе, басқа күйеуге тиіп, одан қайтып алдыңғы күйеуіне жаңа некемен қосылса қанша талаққа ие болады?

Ж: Үш талаққа ие.

С: Күйеуі үш рет талақ еткен әйел басқа күйеуге тиген еді, ол да талақ етті. «Иддамнан шықтым», — деп алдыңғы еріне айтса, ол сеніп екінші рет оған үйленуі дұрыс па?

Ж: Егер арада біраз уақыт өткен болса, алдыңғы күйеуі оған сеніп қайта үйленуі дұрыс.

 

 

ИДДА (КҮЙЕУГЕ ШЫҒУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН УАҚЫТ) ТУРАЛЫ

 

С: Идда дегеніміз не? Неліктен осылай аталады?

Ж: Ражиғий талақ немесе байн талақ етілген , талақсыз ажырасқан , ері өлген әйелдің арада белгілі уақыт өтпей басқа күйеуге тиюі дұрыс емес. Ол уақыт әйелдің халіне қарап бірнеше рет етеккірі келу  немесе бірнеше ай отыру болып бөлінеді. Талақ етілген әйел ай немесе етеккірі келетін уақытты санағаны үшін осындай уақыт идда (сана) деп аталады.

С: Идда мәселесіне қысқа да нұсқа тоқталсаңыз?

Ж; Яғни:

  1. Талақ етілген әйелдің хайыз етеккірі келіп тұратын болса иддасы толық үш хайыз.
  2. Жастық және кәрілік себепті хайыз етеккірі келмейтін болса иддасы – үш ай.
  3. Күйеуі өлсе, әйел жүкті болмаса иддасы – төрт ай он күн.
  4. Талақ етілген немесе ері өлген әйел жүкті болса иддасы баласы туғанша.

С: Әйелді ері хайыз етеккірі үстінде талақ етсе, осы хайыз етеккірі үш хайыздың  біріне санала ма?

Ж: Саналмайды, одан басқа толық үш хайыз етеккіріотырады.

С: Егер бір әйелді күйеуі хал үстінде жатқанда талақ етті, ол әйелдің иддасы бітпей-ақ ері өлсе ол қанша ай күтеді?

Ж: Имам Ағзам (р.а.)  мен имам Мұхаммедтің (р.а.) айтцы бойынша  ол екі уақыттың қайсы бірі артықтау болса, сонымен отырады.

С: Екі уақыттың артықтауы дегеніміз не?

Ж: Бұл әйелдің ақысы, егер ері өлгендегі иддасы көп болса – соған, ал талақ иддасы көп болса талақтың иддасына отырады.

С: Сонда бұдан ол әйелге қандай пайда бар?

Ж: Көп уақыт иддаға отырудың пайдасы ол әйел иддада болса күйеуіінен мирас алады. Идданың пайдасы осы.

С: Етеккірі келмейтін әйелді ері талақ еттіол ай есебімен иддада отырған еді.  Кенет етеккір қаны келсе, не істейді?

Ж: Хайыз етеккірі есебімен жаңадан идданы бастайды.

С: Бір адам бір әйелге бұрыс жолмен некеленді, онымен бірге болды. Кейін қази оларды ажыратып жіберді немесе ері өлді, қанша идда күтеді?

Ж: Егер хайыз етеккірін көретін болса иддасы – толық үш хайыз, хайыз көрмесе – үш ай, жүкті болса босағанша күтеді.

С: Бір әйелмен күмәнмен үйленіп, төсектес болды. Кейін өлді немесе қази оларды ажыратып жіберсе, әйел идда күте ме?

Ж: Иә, үш хайыз.

С: Идданың басталу уақытын айтсаңыз?

Ж: Талақтың иддасы талақтан кейін. Өлімнің иддасы өлім соңынан. Неке бұрыс болғандықтан ажырасу иддасы ажырасқаннан кейін басталады.

С: Бір әйел талақ етілсе немесе ері өлсе, бірақ ол әйел талақты немесе өлгенін білмегендіктен арадан көп уақыт өтті. Оның идда уақыты қанша?

Ж: Идда уақыты өтумен оған  екінші идда жоқ.

 

АЗА ТҰТУ

С: Талақ етілген немесе күйеуі өлген әйелге идда уақытында басқа да амал уәжіп пе?

Ж: Байн талақ немесе күйеуі өлумен  иддада отырған әйел балиғаттағы және мұсылман болса идда күндері аза тұтып отыруы керек.

С: Аза дегеніміз не?

Ж: Аза иісті сеппеу, қына, оспа, сүрме жақпау, сәнденбеу, жасанып алмау.

С: Неге балиғаттағы мұсылман болса дедіңіз? Егер жас немесе өзге дінде болса айырмашылығы бар ма?

Ж: Иә , егер жас немесе өзге діндегі әйел болса, ол азаға бұйырылмайды.

 

ҮЙДЕН ШЫҒУ ҮКІМІ

С: Талақетілген және ері әйелге тиісті аза тұтудан басқа да үкімдер бар ма?

Ж: Байн немесе ражиғий талақ етілген әйелге күндіз және түнде үйден шығып кету дұрыс емес. Ал күйеуі өлген әйелдің үйден шығуына  болады. Дегенмен өзі тұратын жерден басқа жерде түнеуіне болмайды.

С: Талақ етілген және ері өлген әйел қайда иддаға отырады?

Ж: Өзіне қарасты жерде, яғни ажырасу немесе өлім болған үйде.

С: Күйеуі өлген әйел ерінің үйінен мирас алады. Оған ол  өмір сүруге жетіп жатса да, үйді тастап басқа жаққа көшіп кетуі немесе әке-шешесінің үйіне кетуі дұрыс па?

Ж: Себепсіз мүмкін емес.

С: Мәйіттің үйінен тиген несібе ол әйелге жетпесе және мұрагерлер ол үйден оны шығарып жіберсе, кетуі мүмкін бе?

Ж: Мұндай жағдайда кетуге болады.

 

 

ӘРТҮРЛІ МӘСЕЛЕЛЕР

 

С: Күйеуіөлген әйел иддада отырғанда басқа бір кісі оған саушы жіберуге болады ма?

Ж: Жариялық түрде дұрыс емес. Сөзбен жеткізуге болады.

С: Мұсылман кісі әһл әл-китаб саналған өзге діндегі әйелді талақ етті немесе күйеуі өлді, оған идда шарт па?

Ж: Иә,  ол үйінде қорғаушысы болсын, болмасын немесе жүкті болсын, болмасын иддада отырады. Оның иддасы шықпай ешкім оған үйленбейді.

С: Бір әйел зинадан жүкті болды. Ол әйел күйеуге тиюі дұрыс па?

Ж: Неке  қидыру дұрыс, бірақ бала туылғанша күйеуімен төсектес болмайды. Ал некелеп алған адамның өзі зина етіп жүкті қылған болса, некеден соң төсектес болуға болады.

 

ҰРПАҚТЫҢ АНЫҚТАЛУЫ

 

С: Туылған перзенттің әкесі қалай анықталады?

Ж: Бір кісі бір әйелге үйленді, ай есебімен ол алты ай немесе одан көп уақыттан кейін туса, туылған перзент  егер әкесі қабыл алса немесе баласы екенін үнсіз мойындаса сол әкеден. Ал некеден соң алты айдан аз уақыт ішінде туылса, перзент ол әкеден емес.

С: Кейде әйел біреумен жасырын зина жасауы, бала зинадан пайда болуы мүмкін ғой. Сонда иперзенттің кімнің баласы екендігі қалай анықталады?

Ж: Перзент некедегі бірге тұрып жатқан әкеден. Мұнда шамалаудың қажеті жоқ.  Тіпті ол әйел шын мәнінде зина жасаған болса да, бала сол ерінен туған деп саналады. Мұның шарты- уақыт сол шамаға тура келу. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Перзент туылған жердіңкі, бұзық әйел тас боран қылынады. Ал ері меніңкі емес десе, лиъонға үкім етіледі» , — деп жазылады. Лиъон мәселесінде арнайы тоқталамыз, иншаа Алла.

С: Әйел бала туды, күйеуі мойындамады, баланы кімнен екенін қалай анықталады?

Ж: Анықталу үшін бір әйелдің куәлігі жеткілікті.

С: Ері  талақ етпегенде баланың кімнің ұрпағы екендігі туралы шариғат үкімін айттыңыз, ал сонда ері талақ етсе кімнің ұрпағы болады?

Ж: Бұл мәселе төмендегіше:

  1. Ражиғий талақ етілген әйелдің баласы кімнің перзенті екендігі екі жыл немесе егер иддасының біткенін мойындамаса – одан бірер уақыттан кейін туған болса да белгілі. Мұндайда, яғни, екінші мәселеде күйеу идда ішінде жыныстық қатынас қылған және әйеліне қайтқан деп саналады.
  2. Егер ражиғий талақ етілген әйел екі жылдан кем уақытта туса, перзенті сол әкеден туған болып саналады. Мұндайда талақ – байн талақ.
  3. Байн талақ қылынған әйелдің баласы егер екі жылдан кем уақытта туса, сол ерінің перзенті. Егер ері: «Менің балам», — демесе және ажырасқан уақыттан толық екі жылдан соң туса тегі белгісіз.
  4. Ері өлген екі әйел екі жылға дейін туса бұл бала өлген әкенің ұрпағы.
  5. Иддада  отырған әйелдің әйел иддасы біткенін қабыл алды және алты айдан бұрын бала көрсе, баланың тегі белгілі. Ал алты айда туса баланың әкесі белгілі емес.

С: Иддада отырған әйелдің баласынын тегінің белгілі болуының уақыттан  басқа шарты бар ма?

Ж: Имам Әбу Ханифа (р.а.) баланың кімдікі екендігі белгілі болу үшін екі еркек немесе бір ер мен екі әйелдің куәлігін шарт санайды. Бала туылғанда куәлік болмағанмен де әйелдің жүктілігі мәлім болса немесе ері тән алса – белгілі. Имам Әбу Иусуф (р.а.) имам Мұхаммедтің (р.а.) пікірі бойынша, баланың кімнің ұрпағы екені барлық жағдайда бір әйелдің куәлігімен – ақ белгіленеді.   Жүктіліктің  ең ұзақ уақыты – екі жыл, кемі – алты ай.

 

 

ЛАҒЫНЕТ АЙТУ (ЛИЪОН) ТУРАЛЫ

 

С: Лиъон сөзінің сөздік және шариғи мағынасы қалай?

Ж: Лиъон сөздікте «лағнет»,  «қарғану» мағынасы білдірсе, шариғатта ерлі- зайыптылар бірін – бірі куәсіз зина жасауда айыптап, лағнеттесіп, ант ішуін айтады.

С: Егер күйеу өз әйелінен туған баланы: «Менің балам емес», — десе, ол лағнет айтуға бұйырылады. Лиъон дегеніміз не?

Ж: Мұсылманәйелді бұзық деген кісі дүреге лайық екені белгілі. Сонда да, егер мұсылман күйеуі әйелін: «Зина жасадың», — деп айыптаса, немесе ері өз әйелі туған баланы: «Менің балам емес» , — дегеніне, әйелі қарсылық көрсетсе, ері өзіне лағнет айту – лазым. Егер ері лағнет айтудан бас тартса қази оны лиъон  айтқанша немесе өзінің өтірік айтқанын мойнына алғанша қамап қояды. Егер өзінің өтірік айтқанын мойындаса , жала жапқаны үшін оған сексен дүре соғылады. Лағнет айтудың реті қазидың алдында ері бастап шаһадат калимасын төрт рет айтады. Әр айтқанда соңынан: «Аллаға ант, мен рас айтып тұрмын», -дейді. Бесінші ретте: «Алланың маған лағнеті болсын, егер мен жалған айтсам және  әйеліме зинамен жала жапсам» , — деп айтады. Бұл сөздердің барлығы әйелге білдіріліп айтылады. Кейін әйел төрт рет шаһадат сөзін айтады. Әр қайсысында: «Мен Алланы куәм деп айтамын, күйеуім маған зина жасады деп жала жапты», — дейді. Соңында, яғни бесінші рет айтқанда: «Алланың маған ғазабы, лағнеті (қарғысы) болсын, күйеуінің мен туралы айтқан сөздері рас болса» , -дейді.

С: Әйел жаланың жазасын талап еткендіктен қази ерін лағнет айтуға бұйырса, ері оған дайындық үстінде әйел лағнеттен бас тартса қази не істейді?

Ж: Әйел лағнет айтуы – ләзім. Егер әйел лағнет айтудан бас тартса, оны айтқанша немесе күйеуін расқа шығарғанша қази оны қамауға бұйырады.

С: Қази лағнет айтуға бұйырса және айтылса, олардың арасында ерлі-зайыптылылық байланыс қала ма? Ол бала сол әкеден бе?

Ж: Егер лағнет айтса қази оларды ажыратады және бұл лағнет Әбу Ханифаның (р.а.) пікірінше талақ байнге саналады. Егер лағнет айту бала себепті болса қази баланы ол әкеден емес деп, анасына қосады.

С: Лағнет айтқан соң ер өз сөзінен қайтты және өзінің жалған сөйлегенін мойындаса үкімі не?

Ж: Ерінің мұндай өтірігі үшін қази еріне дүре соқтырады.

С: Осыдан кейін ер адамның сол әйелге екінші рет үйленуіне бола ма?

Ж: Иә, болады.

С: Бөгде әйелге жала жапты және сол үшін ол еркекті жазалады, кейін сол әйелге үйленуге болады ма?

Ж: Оған некелену дұрыс.

С: Жасөспірім немесе жынды әйелді зинамен айыптаса мұның лиъоны  қандай?

Ж: Мұндайда лағнет айтылмайды, дүре де соғылмайды.

С: Егер жас бала немесе жынды өз әйеліне жала жапса, мәселесі қалай?

Ж: Мұнда да лиъон жоқ, яғни лағнет айтылмайды.

С: Жүкті әйелге: «Ішіңдегі бала менен емес» , — десе лиъонға (қарғысқа) бұйырылады ма?

Ж: Жоқ.

С: «Сен зина жасадың, содан жүкті болдың»  деген сөзге лиъон (қарғыс) бар ма?

Ж: Иә.

С: Әйелдің туған баласын ері қандай жағдайда және қашан менікі емес деп айтуға болады?

Ж: Бала туылғаннан кейін немесе сүйіншіленіп немесе нәрестеге тиісті нәрселер сатып алынып жатқанда мойындамау дұрыс және лағнет айту қажет. Ал бұдан кейін мойындамаса лағнет айту ләзім емес. Бірақ қази перзенттің тегін қайтармайды. Бұл имам Ағзам (р.а.) бойынша. Ал имам Әбу Иусуф (р.а.) пен имам Мұхаммедтің (р.а.) пікірінше нифас етеккірі  уақытында мойындамауға болады.

С: Бұл арада бір қызық сұрақ туындайды. Бір әйел егіз туса, ері: «Алғашқы бала менікі емес, екіншісі менікі», — десе немесе керісінше айтса лиъон, яғни лағнет айтыла ма?

Ж: Бұл мәселеде егіз бала сол әкеден. Алдыңғы мәселеде жала  жапқаны үшін еріне дүре соқтырылады. Екінші мәселеде лағнет айтылады.

 

ИЙЛӘ МӘСЕЛЕСІ

 

Исламнан бұрын жәһилдік заманда ерлері әйелдеріне ашуланғандықтан немесе оны жазаламақ ниетімен жыныстық қатынас жасамауға ант ішіп, бір-екі жылға, кейде одан да көпке дейін әйеліне жоламай қоятын еді. Мұны ийлә дейтін. Ийлә арқылы еркектер әйелдің құрметін аяқасты етіп, не басын босатпай, не әйеліндей көрмей, әйелінің рухы мен жүйкесін әбден тоздырып, ерлі-зайыптылықтың түбіне жетіп, отбасын талқандайтын. Кейін ислам діні отбасындағы кейбір түсініксіз жағдайларды түсінісіп, бір- бірін сынақтан өткізуге мұрсат беру, әйел мен еркектің бір-біріне деген құқықтарын есепке алдыру мақсатында ийлә мәселесін бүтіндей жоқ етіп жібермей, белгілі уақытпен шектеледі. Ийлә  уақыты, яғни еркек пен әйел бір – біріне жақындық қылмай жүрудің ең ұзақ уақыты төрт ай шамасында белгіленді. Төрт ай деп белгілендігінің бір хикметі мынада болса керек.

Риуаятта : «Хазреті Омар (р.а.) өзінің халифалық дәуірінде кештетіп ешкімге білдірмей елдің хәлін байқап жүргенде, бір әйелдің әскерде жүрген күйеуін сағынып жылап отырған мұңына құлақ түріпті. Кейін хазреті Омар (р.а.) әскерде әйелі бар еркектерді төрт айдан көп ұстамауға бұйрық беріпті», — деген сөз бар. Демек,  бұдан әйелдің ерісіз төрт айдан көп уақыт жүрсе, шыдамының шегіне жетуі мүмкін екенін байқап, олай етудің әдепсіздік болатынын түсінеміз. Айта кететіні антсыз бсқаүзірлі себептермен жақындық жасамай қою ийлә үкімдеріне жат.

С: Ийлә сөзінің сөздік және шариғи мағынасы қандай?

Ж: Сөздікте «ант ішу» , ал шариғатта  ер кісі өз әйелімен төсектес болмау үшін ант ішу деген мағынаны білдіреді.

С: Шариғатта ийлә (яғни, өз әйелімен жатпай қоюдың) үкімі не?

Ж: Ийлә мәселесі төмендегіше. Бір кісі әйеліне : «Аллаға ант, саған төрт айға дейін жақындамаймын», — деп ант ішсе, кейін төрт ай ішінде қосылып қойса, оған каффарат лазым. Ал каффараттан кейін әйелмен төсектес болуға болады. Бұл шариғатта «фәй» , яғни «анттан қайту» деп аталады.  Ал егер төрт айға дейін қосылмаса , бір талақ байн түсіп, анты бекерге айналады. Егер «Аллаға ант, саған тіпті жақын болмаймын» немесе «Саған мәңгі қосылмаймын» деп, төрт ай ішінде қосылса, каффарат лазым. Төрт айға дейін қосылмаса бір талақ байн түседі. Бірақ, бұл мәселеде ант мәңгі.

С: Талақ еткен әйеліне ийлә жасаса ант ішкен санала ма?

Ж: Ражиғий талақ еткен әйеліне ийлә жасаса ант ішкен саналады. Байн талақ еткен әйеліне ийлә жасаса ийлә саналмайды.

С:Төрт айдан аз уақытқа ийлә етсе («жақындық қылмайын» деп ант ішсе) не болады?

Ж: Ийләға өтпейді, яғни ант ішкен уақыт ішінде қосылса, антына каффарат бар, ондайда төрт айнемесе одан артық қосылмаса да талақ түспейді.

С: Ант ішуші төрт ай ішінде қосылса каффарат лазым, егер қосылмаса бір талақ байн түсетіні белгілі. Осы ретте бір сұрақ туындайды, ийләдан кейін өкініп, төрт ай ішінде әйелге қайтуды қалады, бірақ өзі сырқат, уақытынша шамасы келмейді немесе әйел сырқат, әйелдің жыныстық қатынасқа мүмкіндігі жоқ немесе ерлі-зайыптылар өте алыс қашықтықта жайласқандықтан ийлә ішінде жақын бола алмаса не істейді?

Ж: Оның қайтуы сөзбен, яғни «Әйеліме қайттым»,- дейді. Сонда ийлә мәселесі бекер саналады.

С: Тілмен қайтып еді, бірақ ийлә ішінде үзірлі себептен арылды, не істейді?

Ж: Үзірмен қайту бекер, енді ол тек жыныстық қатынаспен қайтады.

 

 

 

 

 

ЗИҺАР МӘСЕЛЕСІ

 

Исламнан бұрын арабтардың жәһилдік дәуірінде ері әйеліне: «Сен мен үшін анамның беліндейсің» , — деп анасына теңгерсе, ұқсатса, араларындағы ерлі- зайыптылық бұзылған, ажырасып тынған. Өйткені, бұл сөзден кейін әйелім анам сияқты болып қалды деп түсінген. Бұл «зиһар» деп аталып, сол заманда арабтарда болған әдет. Осы сияқты басқа да себептермен әйелдерді келеке ету, балағаттау, азапқа салуды Алла тағала дұрыс деп таппай, мұсылмандар үшін аят түсіріп, жол  көрсетті. Бұл мәселені кеңдеу түсіну үшін Айша анамыздан риуаят етілген хадисті келтіреміз. Онда: «Барлық нәрсені есітуші Алла тағалаға мақтаулар болсын! Сөз таластыратын әйел Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырына келгенде мен үйдің бұрышында отыр едім. Сонда «Алла расында күйеуі туралы сенімен дауға түскен және Аллаға шағым айтқан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің әңгімелеріңді есітіп тұрды. Анығында, Алла бәрін естіп, көріп тұрады. Сендердің  араларыңда әлде –кімдер әйелдерін «зиһар» етсе, (әйелдерін аналарына теңгерсе) де әйелдері күйеуінің анасы болып саналмайды. Олардың аналары – тек өздерін тапқан әйелдер. Дегенмен олар (әйелдерін «зиһар» етушілер) жаман, жалған сөйлеушілер. Алла, дау жоқ, (тәубе еткендерді) ғапу етуші, жарылқаушы», — деген «Мужадалә» сүресінің аяттары уаһи етіліп еді.

(Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сөз таластырған әйел һаулә бинт Сағлаба (р.а.)  еді. Ол өте әдемі әйел болатын. Бір күні ері ері Аус бин Самиттің (р.а.) көңілі әйелімен жақындықты қалайды. Әйелі оған көнбейді, сонда араларында жанжал шығады. Ашуы тез Аус әйелінің мәмлесінен өзін ұстай алмай: «Сен мен үшін анамның беліндейсің», — деп жібереді. Ашуы баслығаннан кейін, не істерін білмей өкінеді. Өйткені бұл сөз сол заманның үкімі бойынша талақтың орнын басып, ажырасу керек болатын. Сонда Аус (р.а.)  әйеліне: «Енді арамыз бұзылды ғой» , — деп еді, һаулә: «Жоқ, талақ айтылмады  емес пе?!» — деп Расулуланың  үйіне бет алды.

Алла  Елшісінің   (с.ғ.с.) құзырына келген әйел: «Ей, Расул Алла, күйеуім Аус  бин самит бай, әдемі, жас шағымда маған үйленді. Байлығымды бітірді, сұлулығымды солдырды, жасымкелгенде мені ызамен зиһар етіп, өзі не істерінбілмей өкініп отыр. Біздің қайта табысуымызға жол бар ма?» — деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған харам болыпсың», — деді. Һаулә  бірден: «Сізге Құран кәрім түсірген Аллаға ант, ол талақ деген жоқ. Ол менің баламның әкесі, менің сүйіктім ғой!» — деп састы. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған харам болыпсың», — деумен шектелді. Ол әйел: «Сонда бұл шағымымды Аллаға айтамын ба?! Мен күйеуіммен ұзақ ғұмыр кештім, одан перзенттер көрдім ғой», — деп еді. Алла елшісі: «Араларың бұзылыпты», — деген сөзін қайталап: «Бұл туралы маған Алладан әмір келген жоқ», —  деді. Һаулә бинт Сағлаба (р.а.) сонда да Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.)  дауласуды қоймады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  болса: «Оған харам болыпсың», — дейді. Ол: «Мен  енді Аллаға ғана шағымданамын. Менің жас балаларым бар, менімен қалса аш қалатын болды, әкелеріне қалдырсам тағы болмас»,- деп басын аспанға көтеріп: «Жаратқан ием! Өзіңе жалбарынамын. Ей, Алла тағала! Пайғамбарыңның (с.ғ.с.) тіліне менің мәселемді жеңіл ететін аят ендіргін», — деп тіледі. Сол сәт уаһи түскендегідей бірден  Расулулла (с.ғ.с.) тынышталып қалды. Біраз уақыттан кейін ол кісі басын көтеріп «Мужадалә»  сүресінің жоғарыдағы аяттарын оқып берді», — дейді.

С: Зиһар сөзінің сөздік және шариғи мағынасы не?

Ж: Зиһар – араб сөзінен, түбірі «заһр», аудармасы «бел» шариғатта зиһар сөзі ері әйеліне «сен анамның (немесе анаңның) белісің» деген сияқты мағынадағы сөздерге қолданылады.

С: Зиһарға итісті үкімдерді баяндаңыз?

Ж: Егер ері әйелін зиһар етсе, еріне харам саналады яғни зиһардың каффаратын өтегенше жақындық  жасауға, сүюге, ұстауға тыйым салынады. Ал каффараттан бұрын жыныстық қатынас  жасаса, күнәһар саналып, Аллаға тәубе етуі керек. Еріне бір каффараттан басқа нәрсе лазым емес. Каффараттан алдын жақынжық жоқ.

С: Ері әйеліне: «Сен маған анамның беліндей харамсың» , — десе зиһар түсетіні белгілі, ал әйелін басқа да ұятты ағзаға ұқсату қалай?

Ж: Егер «Сен ананың қарнысың» немесе «Анаңның санысың» деген сияқты сөздермен де зиһар түседі.

С: Егер «Сенің басың немесе бетің немесе мойның немесе жарты денең немесе үштен бірің маған анамның беліндей», — десе, үкімі не?

Ж: Ол да зиһар.

С: Зиһар мәселесі тек ананың ағзасына ұқсатумен бе немесе басқа махрам – туыстарының ағзасына ұқсатса да зиһар түседі ме?

Ж: Зиһар тек анасының ағзасына ғана ұқсатумен емес, бәлкім әйелін бір жақын туысының қарауға тыйым салынған ағзасына ұқсатса да зиһар  болады. Мысалы: сіңлісі, ата-ана жағынан әпкесі және емізген анасы. Әйеліне: «Сен маған сіңліңнің белісің немесе санысың», — десе  де, зиһар түседі.

С: Әйеліне: «Сен маған анамсың немесе анаңа ұқсассың», — десе не болады?

Ж: Мұндайда ниетке қаралады. Егер «Бүгіннен құрметтеуді немесе мына зиһарды қаладым», — десе, ол – зиһар. Егер талақты ниет етсе бір талақ байн, егер ниетте нәрсе болмаса еш нәрсе емес.

С: Егер бір кісінің  төрт әйелі  болса «Сендер маған анамның  беліне ұқсайсыңдар» , — десе үкімі не?

Ж: Олардың барлығын зиһар еткен болады. Әр әйелі үшін арнайы каффарат жасайды.

С: Зиһардың каффараты қалай?

Ж: Каффараты туралы қасиетті Құранда: «Жұбайларын зиһар еткендер (аналарына теңгергендер ), сосын айтқан сөздерінен қайтса, сонда екеуі қосылудан бұрын бір құл азат етуге тиіс. Міне, сендерге осы нұсқау берілді. Алла не істегендеріңді толық біледі. Сонда біреу құл таба алмаса, екеуі қосылудан бұрын тұтас екі ай ораза ұстасын. Біреудің оған да шамасы келмесе, алпыс аш кісіні тамақтандырсын. Бұл Аллаға, Елшісіне иман келтіруің үшін. Сондай-ақ, осы Алланың шектері, қарсы болушыларға жан түршігерлік азап бар» («Муждалә» сүресі, 3-4 аяттар), — деп жазылған.

Related Post

22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні

22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні. Сарыағаш медресе колледжі барша қазақ елін мерейлі мерекемен құттықтайды!

Шәкірттеріміз облыстық турнирде топ жардыШәкірттеріміз облыстық турнирде топ жарды

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы облыс бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының жастар арасында «Дебат қозғалысын» дамыту мақсатында 2023 жылғы 1 сәуір күні «Көпсалалы индустриалды-техникалық