НЕКЕ КІТАБЫ

«Араларыңдағы бойдақ ер-әйелдерді (ержеткендер мен бойжеткендерді)  үйлендіріп қойыңдар»

 

Құран  кәрім,

«Нұр» сүресі, 32- аят.

«Өздеріңе ұнаған әрі перзент тууға қабілетті әйелдерге үйленіңдер. Әрине,  Мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттер алдында мақтаныш етемін».

Хадис шәріп,

Имам Насаи

 НЕКЕ КІТАБЫ

Сұрақ: Шариғатта неке сөзінің мағынасы қандай?

Жауап: Неке сөзі байлау, біріктіру, қосу дегенді білдіріп, шариғатта ер адам мен әйел адамды ерлі-зайыпты ету деген түсінік береді.

С: Неке қалай байланады?

Ж: неке некелеу, үйлендіру, тұрмысқа беру деген сөздермен байланады.  Сондай-ақ, әр екі жақты жұптастыру  уәли жағынан амалға асады. Егер бұл сөздерден соң қабылдау болса.

Неке — әйел жақтың келісім беруі мен күйеудің қабыл алуы. Екі жақтың да сөзі өткен шақ етістігінде немесе бірі өткен шақ,  екіншісі бұйрық рай болады. Бірінші тарап. Қыз жақтың: «Қызымыздың саған тұрмысқа шығуына келісім бердік», — дегеніне, үйленуші жақ:  «Қабыл алдық» деуі керек. Үйленуші  жақтың сөзі бұйрық рай болып, одан келер шақ етістігінің мағынасы түсініледі.

С: егер уәли: «Пәленше қызымды саған жалға немесе қарызға бердім немесе еркіңе бердім», -десе, үкімі не?

Ж: Мұндай сөздермен некелесу жүргізілмейді.

С:  Некенің келісу мен қабылдаудан басқа да шарты бар ма?

Ж:  Иә, неке үшін бас бостандығы, балиғатқа жеткен, ақыл-есі дұрыс, екі ер адам немесе  бір ер мен екі әйел куә болуы шарт. Айта кететін бір жай, неке үшін құлағы еститін соқыр адамның да куәлігі жарайды.

С: Тақуа емес куәлардың қатысуымен неке байлана ма?

Ж: Иә, байланады. Өйткені некеде куәлардың тақуалы болуы шарт емес.

С: Мұсылман еркек пен кәпір әйелдің некелесуінде екі куәнің де кәпір болуы дұрыс па?

Ж: Имам Әбу Ханифа (р.а.) мен имам Әбу Иусуфтің (р.а.) ұйғарымы бойынша дұрыс. Ал имам Мұхаммедтің (р.а.)  пікірінше дұрыс емес. Демек, дұрысы- куә мұсылман болуы керек.

С: Қажылық ихрамында, яғни ихрам киімін киіп жүрген еркек пен әйелдің некелесуі дұрыс па?

Ж: Ихрам киіп жүргенде неке қидыру дұрыс. Бірақ жыныстық қатынас жасау дұрыс емес.

С: Шариғат бойынша неше әйел алуға болады?

Ж: Ер адам үшін бір уақытта төрт әйелмен некеде болуға рұқсат етілген. Ал әйел адама күйеуі өлмей немесе ажырасқаннан кейін иддасы (арада арнайы уақыт) өтпей, екінші адаммен некелесуі дұрыс емес. Күйеуі өлген соң немесе иддадан кейін басқа күйеуге шығуға болады. Демек, әйел адамның бір уақытта екі күйеуге шығуы дұрыс емес.

С: Бір адам: «Сен қарындасыңды немесе қызыңды маған некелеп берсең, мен де  саған қарындасымды немесе қызымды некелеп берем», — деген шартпен некелесуі қалай?

Ж: Неке дұрыс саналады. Дегенмен, екі жақ та алған әйеліне маһр (белгіленген сыйды) береді.

С: Біреу уәлидің рұқсатынсыз қызын некелеп алуы немесе басқа біреуге некелеп беруі дұрыс па?

Ж: Уәли рұқсат берсе дұрыс, бермесе неке дұрыс емес. Бұл некені шариғат ғалымдары «Никах әл- Фузули » деп атайды.

С: «Муаққат» (уақытша) және  «Мутаға» (жәй ләззәт үшін) некелесу дұрыс па?

Ж: Бұл екі некеге шариғатта тыйым салынған.

 

 

 

 

 

ТҮНДІ БӨЛУ    

С: Бір адамның екі немесе одан артық әйелі болса, олармен түнде төсекке қалай жатады?

Ж:  Түнді бәріне бірдей әділдікпен бөледі.

С: Сонда қалай бөледі?

Ж: Мысалы: Бірінші түні біреуімен, келесі түні екіншісімен түнейді.

С: Кезегі келген әйелмен жыныстық қатынас жасау уәжіп пе?

Ж: Тек түнеу үшін бөлу- уәжіп, жыныстық қатынас үшін емес. Өйткені, жыныстық қатынас көңіл қалағанда болады. Ал адам түннің барлығында көңілді бола бермейді.

С: Түнді бөлгенде бірін қыздай алған немесе бірін әйелдей алған болса, арадағы айырмашылық ескеріле ме?

Ж: Жоқ ескерілмейді. Түнді бөлерде қыз немесе әйел және жақында немесе ертеректе үйленген болсын араларында әділдік  сақтайды.

С. Сапарға шығарда қалай бөледі?

Ж:  Мұндайда бөлінбейді. Сондықтан сапарға қалаған әйелімен шығуы мүмкін. Дегенмен сапарға шығардың алдында әйелдер арасында жебере салып, кімге шықса сонымен бару абзал.

С: Әйелдердің бірі өзінің кезегін екіншісі үшін беруі қалай?

Ж: Бұл дұрыс.

 

НЕКЕЛЕСУГЕ  ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН АДАМДАР

 

С: Некелесуге тыйым салынған әйелдер туралы не айтасыз?

Ж: Шариғат туыстық, емшектес және құда-жекжаттық қатынаста болған адамдардың некелесуіне тыйым салады. Сондай-ақ, апалы-сіңлілі екі әйелді бірге қосып алуға, басқа біреудің некесіне әйелді алуға және күпірлік пен ширк себепті некелесуге тыйым салынған.

С: Туыстық жағынан некелесуге тыйым салынғандарға кімдер жатады?

Ж: Аналары, қыздары, әпке- қарындастары, әкесі мен анасы жағынан әпке-қарындастары, аға-інілері мен әпке-қарындастарының қыздары жатады. Бұл туралы қасиетті Құранда ашық баяндалған. Әке-шешенің аналары яғни ата-ана жағынан әжелері қанша жоғарыласа да және өзінің қыздары, ұлдары мен қыздарының қыздары, яғни немерелері қанша төмендесе де осы топқа кіреді. Бір ата, бір анадан басқа болған әпке-қарындастары да осы топқа кіреді. Сондай-ақ , бір ата, бір анадан тараған немере әкесі бір, анасы басқа немесе анасы бір, әкесі басқа болған аға-інілердің және әпке-қарындастардың қыздары да жатады. Бұл топқа бір ата, бір анадан тараған немесе әкесі бір, анасы басқа немесе анасы бір әкесі басқа болған әке мен ана жағынан әпке-қарындастары да кіргізілген.

С: Емшектес болғандығы үшін кімдермен некелесуге тыйым салынады?

Ж:Емшектес әпке-қарындастарымен некелесуге болмайды.

Сондай-ақ, туысқандық жағынан некелесуге тыйым салынған аталмыш әйелдер емумен де тыйым салынады. Бұл үкімге басқа сүтті әйелді шариғат ему үшін бекіткен жасқа дейін емген нәресте кіреді. Сонда ол әйел нәрестеге ана, күйеуі әке, ұлдары аға-іні, қыздары әпке-қарындасқа айналады. Бұған жатпайтын кейбір адамдар туралы басқа тақырыпта айтамыз. Инша Алла.

С: Құда-жекжаттық үшін тыйым салынған неке туралы айтсаңыз?

Ж: Әкесі үйленген әйелмен, әкесі ол әйелмен бірге болсын, болмасын некелесуге тыйым салынған. Бұған әкесінің әкесі, яғни атасы үйленген әйелдер де жатады. Атасы әке немесе ана жағынан болсын және аталар қанша жоғарыласа да некелесуге болмайды. Сондай-ақ, баласынын әйеліне және қызының баласының әйеліне , яғни келіндеріне үйленуге болмайды. Олар қанша төмен кетсе де, және келін,ұлымен төсектес болса да, болмаса да үйленуге болмайды. Мұнан басқа өзінің әйелінің аналарына да, яғни қайын енелеріне, қайын ата немесе қайын ене жағынан болған қайын әжелеріне және бұл топқа отасқан әйелінің басқа күйеуінен туған қызын, егер ол әйелімен төсектес болсын, болмасын немесе ол қызымен бірге тұрсын, тұрмасынүйленуге болмайды.

С: Қосып некелеуге тыйым салынатын әйелдер туралы не дейсіз?

Ж: Туысқан екі әйелді бірге қосып алу дұрыс емес. Демек, апалы- сіңілі әйел адамдарды бір уақытта некелеп алу харам саналады. Бұл туралы Құран кәрімде анық баяндалған. Сондай-ақ,  Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдің үстіне сол әйелдің аға-інісінің қызын немесе аға-інінің қызын жиенінің үстінен некелеп алудан және туысқан әйелдердің үлкенін кішісінің, кішісін үлкенінің үстіне бір уақытта некелеп алудан қайтарды» — делінген. Бұл – шариғат үкімі. Бұл тыйым салынған некенің емізумен немесе туысқандықпен болуының айырмашылығы жоқ.

С: күпір және ширк үшін некенің дұрыс болмауы туралы не дейсіз?

Ж: Мұсылман емес адамға мұсылман әйелді некелеуге тыйым салынған. Демек қай ұлттан болсын  исламнан тыс  адамға мұсылман әйелді некелеуді шариғат харам санаған. Сондай-ақ , мұсылман еркекке мушрик әйелге үйлену харам саналады. Мушрик деп Алла тағалаға ширк келтіретін, яғни серік қосатын пұтқа, отқа және де басқа нәрсеге сыйынатын, табынатын адамдарды айтады. Мұсылман ер адамға «әһл әл-китаб», яғни иаһуди және христиан әйелдерді некелеу дұрыс. Дегенмен, олармен некелеспеу абзал. Өйткені оларға үйленумен мұсылман еркектің  иманына кемшілік енеді. Сол үшін Мадиан қаласы ирандық отқа табынатындарданазат болғанда сахабалардан Хұзайфа бин Иаман (р.а.) ол жерде бір иаһуди әйелге үйленбек болғанда, хабары Хазреті Омарға (р.а) жетеді. Хабарды ести сала ол (р.а.) хат жазды. Оның хатын алған Хұзайфа (р.а.) : «Иаһудиді некелеп  алу шариғатта харам ба?»- деп сұрап хат жазды. Хазреті Омар (р.а.)  оның хатына берген жауапта: «Бұл хатымды жерге қоймай тұрып әйелдің жолын байламай, босатып жібер. Сенің істегенің басқамұсылмандарға үлгі болмасын»- деп жазады. Хазреті Омардың (р.а.) бұл ақылын сахабалар құптайды.

Кәпір дегеннен мүлдем дінсіздер және Құран кәрім мен хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығына күмәнмен қараушыларды, қадианилар (немесе ахмадилар) сияқты ислам атауын жамылып, шариғат қағидаларын бұрмалайтындарды исламдағы амалдардан бет бұратындарды да (Алла сақтасын)  айтамыз. Кей мұсылмандар оларды мұсылман деп қыздарын беруі мүмкін (абайлаңыз).

Сондай-ақ , қасиетті Құранда «Сәә-ибийн» атты адамдардың некесі егер пайғамбарларға, кітаптарға сенсе, дұрыс саналған. Ал егер жұлдызға сыйынып, Пайғамбарымыз бен кітабымызды мойындамаса, оған үйлену де, қыз беру де дұрыс емес.

С: Басқалардың ақысы саналған  әйелдермен некелесуге тыйым салынатын неке  туралы не дейсіз?

Ж: Мұсылман кісіге басқа бір кісінің некелесудегі әйелге немесе біреудің  «иддада» отырған  әйеліне (оның иддасы талақ немесе күйеуі дүние салған немесе бұрыс неке себепті болса да)  үйлену дұрыс емес.

 

 

ТҮРЛІ МӘСЕЛЕЛЕР

 

С: Зина жасаумен қайын ата қайын жұрттық пайда бола ма?

Ж: Иә, пайда болады. Бір әйелмен зина жасаса немесе екеуі бір-бірін шаһуатпен ұстаса, сол әйелдің анасы немесе қызымен некелесуге тыйым салынады.

С: Бір кісі бір әйелді некелесе, сол әйелге қоса оның ажырасқан күйеуінің басқа әйелінен туған қызын жоғарыдағы әйелмен бір уақытта некелеп алуға бола ма?

Ж: Болады.

С: Талақ етілген әйелдің әпке немесе сіңлісін некеге алуға бола ма?

Ж: Әйел талақ «бәйн» немесе «ражиғий» етілсе, оның иддасынан шықпайынша сіңлісін немесе әпкесін некелеп алу дұрыс емес.

С: Бір кісінің апалы-сіңлілі екі күңі бар, екеуімен де жақындасуға бола ма?

Ж: Екеуімен бірдей жақындық жасауға рұқсат етілмеген. Алайда қалаған бірімен жақындыққа баруы мүмкін. Бірімен төсектес болса, екіншісі оған – харам. Демек, екіншісімен жақындық жасауға шариғат тыйым салады.

С: Некесі тыйым салынған күң әйелді не істейді?

Ж: Оны басқа кісіге әйел етіп береді немесе жөніне жібереді.

 

 

УӘЛИЛЕР МЕН КУФУЛАР ТУРАЛЫ

 

С: Уәли деп кімді айтады?

Ж: Уәли басшылыққа алушы деген ұғымды білдіреді. Ол үш жақтан болады:

  1. Туыстық;
  2. Бағушылық;
  3. Имамдық немесе басшылық.

Бірінші топқа туыстары және мұрагерлері жатады. Туыстықта ең жақыны уәлилікте де бірінші тұрады. Сондықтан, әйелге уәлилікте ең жақыны баласы немесе баласының баласы – осылай қанша жалғасса да осы тәртіп сақталады. Кейін әкесі, атасы – осылай қанша жоғарыласа да осы шарттан ауытқымау керек. Кейін әке-шешесі бір аға-інісі, кейін тек әкесі бір аға-інісі, кейін әке-шешесі бір аға-інісінің баласы, сосын әкесі бір аға-інісінің баласы болып жоғарыдан төмен жалғасса да осы шартты орындау керек. Кейін әке-шешесі бір әке жағынан ағасы, кейін тек әкесі бір әке жағынан ағасы, кейін әке- шешесі бір әке жағынан әпкесі, кейін тек әкесі бір әке жағынан әпкесі болып, кейін қанша төмендесе де олардың балалары осы тәртіппен жүруі керек. Екінші топқа туысқандары жоқ жас бала немесе жас қызды бағып алған адам уәли саналады.

Үшінші топтағы  имамдықтан немесе басшылықтан мақсат ешкімі жоқтарға имам немесе елағасы  (әкім)  уәли.

С: Балиғатқа жеткен қызды ризалығымен некелесе, уәлиі некеге келісім бермесе үкімі не?

Ж: Имам Әбу Ханифаның (р.а.) ұйғарымы бойынша, әйел баласы қыз немесе әйел болсын некесі өз ризалғымен амалға асады.  Имам Әбу Иусуф (р.а.)  және имам Мұхаммед (р.а.)  ұйғарымы бойынша, уәлидің рұқсатынсыз некеленбейді.

С: Балиғатқа жеткен ақыл-есі дұрыс қызды уәлиі мәжбүрлеп некелеуі дұрыс па?

Ж: мәжбүрлей алмайды. Өйткені, қыздың немесе күйеуде болған әйелдің еркі өзінде.

С: Демек уәли мәжбүрлей алмайды. Бірақ әйелдер өздерінше де некелене  алмайды. Әрине,  олардың уәлилері некелеп береді. Дегенмен, уәлиге одан келісімін алу керек пе?

Ж: Уәли мәжбүрлей алмағанмен қыз немесе күйеуде болған әйелге уәлиден рұқсат алу уәжіп саналады. Сондықтан уәли: «Мен сені пәленшенің баласына некелеймін», — дегеніне егер қыз ризашылық берсе некелейді бермесе некесін қию дұрыс емес.

С: Тілмен келісім беруге ұялатын қыздан қалай рұқсат алады?

Ж: Уәли келісім сұрағанда қыз үндемесе немесе күлсе немесе даусын шығармай жыласа, бұл оның ризалығы. Ал уәлиден басқа адам келісімін сұраса, ризалығын тек тілмен айтуы шарт.

С: Егер келісім беруден бас тартса, уәли не істейді?

Ж: Келіспегендігі үшін күйеуге  бермейді.

С: Күйеуі жоғалып кеткен әйелді уәлиі екінші рет басқасына некелемек болса, оның келісімін алу шарт па?

Ж: Мұндайда әйел өз ризалығын сөзбен аутуы — шарт. Демек,  оның үндемеуі, күлуі, жылауы есепке алынбайды.

С: Күйеуге тимеген қыз баланың қыздығы қатты секірумен немесе хайыз етеккірі көп келуімен  немесе жара шығумен  немесе көп уақыт күйеуге тимеумен кетсе, ол қыз үкімінде ме немесе әйел санала ма?

Ж: Ол қыз үкімінде. Одан келісім аларда оның үндемеуі сияқты белгілермен шектеледі.

С: Күйеуге тимей тұрып қыздың қыздығы зинамен кетсе, үкімі не?

Ж: Имам Әбу Ханифаның (р.а.)  пікірінше қыз үкімінде. Демек, ол бойынша оның үндемеуі – ризалығы. Ал имам Әбу Иусуф (р.а.) пен имам Мұхаммед (р.а) ұйғарымы бойынша еркек көрген әйел саналады.

С: Бір адам балиғат жастағы қызды «Ризашылығыңды сұрағанда, сен үндемедің»,- деп бір кісіге некелемек болса,  оған қыз: «Мен келісім бермедім», — деп тұрып алуының үкімі не?

Ж: Бұл жағдайда қызбен санасып, имам Әбу Ханифаның (р.а.) ұйғарымы бойынша, ант бергізбейді.  Екі шәкіртінің айтуынша ант бергізеді.

С: Жақын уәлиі ұзақ сапарға кеткенде оның орнына қажет болғандықтан алыс уәлиі некелеуі дұрыс па?

Ж: Иә, дұрыс.

С: Ұзақ сапар қанша?

Ж: Ол жылына керуен бір баратын жер.

С: Еркек көрген әйелдің екі уәлиі бар. Бірі- әкесі, бірі- баласы.әйелдің некесіне кім уәлилікке ақылы?

Ж: Имам Әбу Ханифада (р.а.) некесіне баласы уәлилікке ақылы. Ал, екі шәкіртінің айтуынша әке- уәли.

С: Балиғатқа  жетпеген жас бала мен жас қызды некелеп қойса, балиғатқа жеткенде некені бұзуларына хақылары бар ма?

Ж: Егер уәлиден басқа адам некелесе, қаласа бірге тұрады, қаламаса некені бұзады. Ал әкесі немесе атасы некелесе некені бұзуға хақылары жоқ.

С: Жас бала мен жас қызды жақын туыстарынан басқасы, мысалы: сіңлісі, анасы, анасының апа- сіңлісі некелеп бере алады ма?

Ж: Иә

С: Атасы жас қызын некелеп, маһр мислдің жартысына көнсе немесе жас баласын үйлендіріп келіннің маһрін асыра берсе, үкімі не?

Ж: Бұл әкесі мен атасына мүмкін, басқаға дұрыс емес.

С: Уәлилік үшін туысқандықтан басқа шарттар бар ма?

Ж: Уәли  балиғат жасында және ақыл есі дұрыс болуы шарт. Демек, жас бала мен жындының уәлилігі жүрмейді.

С: Басқа дін өкілінің уәлилігі қандай?

Ж: Мұсылман еркек пен әйелге басқа діндегі адам қанша жақын болса да, уәли бола алмайды.

С: Жоғарыда балиғатқа жеткен әйелді уәлиі мәжбүрлеп некелеп бере алмайды делінді. Ал балиғатқа жеткен әйел бір кісіге тиді, оның маһрі мислден кем болады. Бұған уәлидің келіспеуіне бола ма?

Ж: Әбу Ханифаның (р.а.) ұйғарымы бойынша, уәлидің арыздануға (тіпті маһрді толық бергенше немесе ажыратып алмайынша) хақысы бар.

С: Бір әйелді уәлиі әке жағынан аға-інінің бірінің баласы өзіне некелеп алса, үкімі қалай?

Ж: Иә, екі куә кісінің алдында некелесу дұрыс.

Балиғатқа жеткен әйел бір кісіге күйеуге шығуға келісім беріп, екі куә алдында неке қиылуы дұрыс па?

Ж: Иә, дұрыс.

 

ТЕҢДІК (КУФУ) МӘСЕЛЕЛЕРІ

С: Шариғатта теңді дегенді қалай түсіндіреді?

Ж: Шариғат бойынша некеде теңдік діндарлықлықта, байлықта, байлықта, кәсіпте болады.

С: Діндегітеңі деген не?

Ж: Ол – діндарлықтағы теңі, яғни діндар әйел пасық кісінің теңі емес.

С: Байлықтағы теңдік қандай?

Ж: Бұл ер кісі маһр мен нәпақаға шамасы келсе, әйел алуға лайық дегені.

С: кәсіптегі теңі қандай?

Ж: Ер кісінің кәсібінен әйел жақ намыстанбауы тиіс.

С: Әйел  кісі өзіне тең емес кісіге тисе, уәлидің қарсы шығуына бола ма?

Ж: Иә, келіспеуі орынды. Арасын ажыратып жіберуге де ақысы бар.

 

МАҺР

С: Маһр дегеніміз не?

Ж: Ол- неке үстінде әйелдің жеке пайдасы үшін күйеуі беруге тиісті сыйлық. Ол неке үстінде белгіленіп айтылады немесе неке қиылумен өзінен өзі уәжіп болады. (Қызға берілген маһр оның жеке мүлкі саналып, қыздан басқа ешкімнің оны пайдалануға құқы жоқ. Сондай-ақ , маһр қызды құны емес. Маһр қыздың қадірін көтеру, тұрмысын жақсарту, келешегін әзірлеу, киім-кешегін дұрыстап алу үшін берілетін сыйлық. Қыз некеден кейін маһрдан бас тартып, күйеуіне қайта сыйлауы да мүмкін).

С: Маһрдің кемі, көбі бола ма?

Ж: Кемі он дирхам , егер одан кемі айтылса да, он дирхам – уәжіп. Көбінің шегі жоқ. Қанша белгіленсе немесе қаншаға разы болса сонша – уәжіп. (Дегенмен, маһр күйеу жақты қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек).

С: Екі куә алдында маһр айтылмай қиылған неке дұрыс санала ма?

Ж: Иә, дұрыс. Дегенмен, әйел үшін маһр мисіл беріледі.

С: Маһр бермеу шартымен үйлену қалай?

Ж: Оның үкімі маһр аталмай қиылған неке үкімінде. Демек, маһр мисіл немесе әйелдің пайдасы үшін бағалы нәрсе, яғни «мутаға» әперу керек.

С: Әйел үшін маһр аталып, соңынан талақ етілсе, аталған маһрдің барлығын беру уәжіп пе?

Ж: Егер некелесімен қосылмай тұрып күйеуидүние салса, аталған маһрдің барлығын толық беру – уәжіп. Ал егер төсектес болмай тұрып талақ етсе, маһрдің жартысын береді. Алла тағала қасиетті Құранда : «Егер маһр белгіленіп қойып, тек қлсылмай тұрып талақ етсеңдер, онда белгіленген маһрдің жартысын берулерің керек. Бірақ әйел кешсе немесе некелесуге келісім жасаған адам кешірім етсе, оның жөні бір басқа. Кешірім ету – тақуалыққа жақындағандық. Өзара қарайласуды ұмытпаңдар. Алла сендердің істегендеріңді көріп тұрады» («Бақара» сүресі, 237-аят), — деп жазылған.

С: Некелесу деген сөзді қалай түсінеміз?

Ж: Бұл сөзден күйеудің әйелімен бірге жеке қалуымен ерлі-зайыптық өмірді бастауы түсіндіріледі.

С: Маһр аталып неке қиылғаннан кейін де, әйелге маһрді арттыруға немесе бір бөлігін (өз қалауымен) кемітугебола ма?

Ж: Оған маһрді арттыруға немесе (өз қалауымен) кемітуіне болады. Сондай-ақ, ерлі- зайыпты болса немесе жақындаспай – ақ күйеуі өлсе, некеден кейін арттырылған бөлігі есепке алынбайды.

С: Бір әйелге мың динарға сол қаладан көшпеу немесе оның үстіне басқа әйел алмау шартымен үйленсе, не уәжіп?

Ж: Шартқа келісіп, уәдесінде тұрса, әйелге аталған маһр беріледі. Ал үстіне әйел алса немесе қаладан  көшсе, оған маһр мисіл – уәжіп.

С: Маһр деп аталатын заттың сипатын айтып үйлену дұрыс па?

Ж: Иә, дұрыс. Дегенмен уәжібі орташасы. Күйеу қаласа, заттың өзін немесе құнын береді.

С: Сипаты аталмаған тонды маһрға атау дұрыс па?

Ж: Маһр мисіл – уәжіп.

С: Маһр айтылмай үйленсе, кейін өзара маһрді келісіп алса, әйел неге ақылы?

Ж: Ең дұрысы – ризашылық.  Сондықтан, әйел келісілгенге ақылы. Ерлі- зайыпты қосылса немесе қосылмай тұрып өліп қалса, осы аталған маһрді алады. Ал төсектес болмай тұрып талақ етсе, бұйым әперу «мутаға» — уәжіп.

С: Кісі маһр орнына бір жыл қызмет ету немесе Құран кәрімді үйрету шартымен некелесуі дұрыс па?

Ж: Бұлай істеу дұрыс емес. Мұндайда маһр мисіл — уәжіп.

С: Әйелге берілетін маһрді ердің уәлиі мойнына ердің уәлиі мойнына алуы дұрыс па?

Ж: Дұрыс. Әйел маһрін уәлиден немесе күйеуінен талап етуге хақылы.

С: Бұрыс (куәгер қатыспаған, «бәйн» талақта отырған әйелдің апа-сіңлісіне үйленіп алған) некені қази бұзса, маһр не болады?

Ж: Қази ерлі-зайыптыларды төсектес болмастан бұрын ажыратса, маһр берілмейді. Ал төсектес болса, маһр мисіл – уәжіп. Бірақ аталғаннан арттырылмайды.

С: Бұлай  ажыратылған әйелдің иддасы қалай?

Ж: Оған талақ иддасы – уәжіп және бала болса, сол күйеуінің ұрпағы.

С: Жыныс мүшесі кесілген ер адам әйелімен жеке қалса, кейін талақ етсе, оған не уәжіп?

Ж: Имам Әбу Ханифаның (р.а.) пікірінше толық маһр – уәжіп. Өйткені әйел оған өз ықтиярын тапсырды. Екі шәкіртінің (р.а.) айтуы бойынша, маһрдың жартысы – уәжіп.

С: Некедегі «хилуат сахиха» дегеніміз не?

Ж: «Хилуат сахиха» деп ер мен әйелдің өзара жеке қалғанда жыныстық қатынастан тоспайтын кезге айтылады.  Мысалы, бірі  сырқат немесе рамазан оразасында немесе қажылық пен ұмраның  ихрамында немесе әйел хайызда болмаған кездерге «хилуат сазиха» делінеді.

С: Не үшін рамазан оразасында болмаса дедіңіз?

Ж: Өйткені (рамазан айында күндіз әйелмен төсектес болуға болмайды) мұндай әрекетпен рамазан оразан бұзса, қазасы және каффараты – уәжіп.

 

 

 

 

 

 

 

МАҺР МИСІЛ

 

С: Маһр мисіл деген сөзді көп айттыңыз , ол не?

Ж: Маһр мисіл деп қызға немесе күйеуде  болған әйелге қарап беру әдет- ғұрып болған мөлшердегі сыйлыққа айтылады. Маһр мисілдің мағынасы тең (лайық) маһр дегенді білдіреді. Сондықтан жасына, сұлулығына, байлығына, ақыл-парасатына діндарлығына, қалалығы мен заманға сайлылығына қарап лайықты маһр  беру керек деген сөз.

 

БҰЙЫМ БЕРУ (МУТАҒА) ТУРАЛЫ

 

С: Мутаға дегеніміз не?

Ж: Шариғатта мутаға деп әйелге үш түрлі киім әперуді айтады. Олар көйлек, орамал және үстіне киім. Дегенмен, күйеу жақ шамасына қарай жақсылап беруі абзал. Өйткені бұйым мөлшері күйеу жақтың жағдайына байланысты.

С: Бұйым беру талақ етілген қандай әйелдерге мұстахаб?

Ж: Маһр аталмай некеленіп, күйеуімен қосылмай талақ етілген әйелдерге –уәжіп. Мұнан басқа жағдайда талақ етілген әйелдерге бұйым беру мұстахаб саналады. Ал маһр аталып, күйеуі қосылмай талақ етілген әйелдерге маһрдің жартысы – уәжіп.

 

АЙЫБЫ СЕБЕПТІ НЕМЕСЕ КЕМІСТІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ АЖЫРАСУ

 

С: Тұрмысқа шыққан әйелдің күйеуі есуас немесе мақау сияқты ауруы болса, некені бұзуға бола ма?
Ж: Әбу Ханифа (р.а.) мен Әбу Иусуфтың (р.а.) пікірінше бұзбайды. Имам  Мұхаммед (р.а.) бұзады деп санайды.

С: Бір әйелдің күйеуінің жыныс мүшесі ауру болса, әйел қазидан некені бұзуды талап етсе, не стейді?

Ж: Қази күйеуді шақыртып, бір жыл емделуге уақыт береді. Егер сол уақыт ішінде жазылса, әйел онымен бірге тұрады. Ал жазылмаса,  әйелдің арызы бойнша, қази ажыратып жібереді.

С: Егер қази ажыратса, бұл ажырасудың үкімі не?

Ж: Бұл ажырасу талақ «бәйн» саналады.

С: Мұның маһрі қалай?

Ж: Әйелге жақындасса, маһр толық беріледі. Ал жақындаспаса, маһрдің жартысы – уәжіп.

С: Күйеудің жыныстық мүшесі толығымен кесілгендіктен әйел қазиға арызданса, қази не істейді?

Ж:  Лезде ажыратады. Өйткені кесілген нәрсе өмірінің соңына дейін қайта өсіп шықпайды.

С:Егер әйел күйеуінің піштірілгеніне арызданса, оған қази уақыт бере ме?

Ж: Жоқ. Оған еркектік мүшесі жоқ адамға қолданылған үкімі қолданылады.

 

ҚОҒАМДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ АЖЫРАСУ МӘСЕЛЕСІ

 

С: Иаһуди немесе христиан әйелдің күйеуі мұсылман болса, әйелімен ажыраса ма?

Ж: Ажырасудың қажеті жоқ. Өйткені, мұсылман ер кісіге олармен некелесуге болады.

С: Күйеуі немесе әйелі ислам дінінен шықса (Алла  сақтасын), ажырасу қашан басталады?

Ж: Сол уақыттың өзінде талақсыз ажырасу қажет.

С: Онда  маһр беру мәселесі қандай?

Ж: Діннен қайтқан, яғни мұртад күйеу әйелмен төсектес болса, маһрді толық береді. Ал төсектес болмаса, маһрдің жартысы беріледі. Мұртад әйел болса, күйеу онымен төсектес  болмаса, маһр жоқ. Ал төсектес болған соң мұртад болса, маһр толық беріледі.

С: Мұсылман ерлі-зайыпты бірден діннен шықса  (Алла сақтасын), соңынан бірден исламға  бірге кірсе, араларындағы ажырасу қалай?

Ж: Мұндайда араларында ажырасу  болмайды. Олар өз некелерінде қалады.

С: Мұсылман әйелдің мұртадпен бірге тұруына бола ма?

Ж: Жоқ. Мұсылман әйел кәпір немесе мұртад ерімен, мұсылман ер өзге діндегі немесе діннен шыққан әйелмен бірге өмір сүрмейді.

С: Туылған баланың әкесі мұсылман, баланың діні кімге қатысты саналады?

Ж: Әкесінің дінінде. Әке-шешенің бірі мұсылман болған отбасындағы перзент мұсылмандық жағында болып, мұсылман саналады.

С: Отбасында әке-шешенің бірі «әһл әл-китаб», бірі отқа табынушы болса, бала қай дінде болмақ?

Ж: Бала отқа табынушының емес, «әһл әл-китаб» иелерінің дінінде. Негізінде  бала діндарлықта жақсысының соңында.

Ескерту: 1. Куәсіз немесе бір өзге діндегі жанның иддасында (бұл оларда дұрыс)  үйленген өзге діндегі ерлі-зайыптылар исламды қабылдап, мұсылман болса, некені жаңалауға қажеттілік жоқ.

2. Анасына немесе анасының сіңлісіне немесе қызына үйленген отқа табынушы адам исламды қабылдаса, оларды ажыратып жібереді.