Сұрақ: Фиқһ кітаптарының бірінші бөлімінің дәрет үкімдерімен басталуының сыры неде?
Жауап: Себебі дәрет намаз оқу үшін орындалатын басты шарт (Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) хадисінде: «Дәрет- намаздың, намаз – жаннатың кілті»- делінген). Намаз – ислам дініндегі бес парыздың бірі. Сондықтан да дәрет үкімдері намаз үкімдерінің алдында баяндалуы басты заңдылық.
С: Дәрет сөзінің сөздік және шариғи мағынасы қандай?
Ж: Дәреттің сөздік мағынасы тазалану, пәктену. Ал шариғи мағынасы үлкен және кіші дәретсіздіктен арылу және денені киімді, жайнамазды кір – лас заттардан тазарту деген сөз.
С: Үлкен дәрет дегеніміз не?
Ж: Дене мүшелерін толық жууды үлкен дәрет немесе ғұсыл алу дейміз.
С: Кіші дәрет дегеніміз не?
Ж: Намаз оқу үшін дене мүшелерінің кейбірін жууды, кейбіріне масих жасауды (сипауды) кіші дәрет немесе таһарат алу дейді.
С: Кіші дәретте қай ағзаларды жуу және қай ағзаға мәсіх жасау парыз саналады?
Ж: Кіші дәретте төмендегі ағзаларды жуып және масих ету парыз:
- Бетті шаш шыққан жерден иектің астына дейін, оң құлақтан сол құлаққа дейін жуу;
- Екі қолды шынтағымен қоса жуу;
- Екі аяқты тобығымен қоса жуу;
Кіші дәрет осы ағзаларды толық жуумен орындалған болып есептеледі. Егер осы ағзаларда бір түктің орнындай немесе иненің көзіндей жерге су тимей қалса, ол жер жуылмайынша дәрет алынған болып есептелмейді
- Басқа масих тарту;
Бастың барлық жерін масих тартып, сипау сүннет, ал төрттен бірін мәсих тарту парыз саналады.
С: Кіші дәретте аяқ тобығымен және қол шынтағымен қоса жуылама?
Ж: Иә, міндетті түрде жуылады.
С: Дәретте үш ағзаның жуылуы мен суланған қолмен басты мәсіх етудің парыздығы немен бекітілген?
Ж: Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Намазға тұрарда беттеріңді, қолдарыңды шынтағымен қоса жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар (қолды сулап сипаңдар). Және аяқтарыңды да тобығымен қосып жуыңдар» («Мәйда» сүресі, 6- аят),- деп жазылған
С: Бастың төрттен біріне мәсіх тартудың парыздығына не дәлел?
Ж: Оған Әл- Муғира бин Шуғбадан (р.а) риуаят етілген хадис дәлел. Онда: «Пайғамбарымыз (с.ғс) таһарат алып жатып, басының алдыңғы бөлігіне мәсіх тартты»,- делінеді. Ал бастың алдыңғы бөлігі төрттен біріне тура келеді.