MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар Білім алу әрбір мұсылманға парыз

Білім алу әрбір мұсылманға парыз

Білім – ақыл мен парасаттың белгісі болған асыл қазына.  Білімді болу алдымызда тұрған үлкен белестеріміз бен мақсаттарымыздың биік шыңы болып саналады. Білім нәрімен сусындаған адамзат рухани тұрғыда көптеген жетістіктерге қол жеткізеді әрі өзіңе жаңашылдық ашуға қабілетті болады.  «Бәсекеге қабілетті болу үшін, біз жоғары,  білімді ұлт болуымыз қажет»,- деп Н.Назарбаев айрықша атап айтқандай білімге ие болу жас ұрпақтың қолында тұрған қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі.

   Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу-өрлеу де болмас еді. Себебі, бұл заман білекке сеніп отыратын емес, білімге сенетін, білімді, сауатты болуды талап ететін заман.

   Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін.Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек.Өйткені дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ.Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді.Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» — делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», — деп насихат айтылған.

   Қазіргі заманда жас ұрпақтың  білім алуға деген талпынысы, қызығушылығы өте жоғары деп ойлаймын. ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы.  Адамдардың білім алу деңгейі жаңа сатыға көтеріліп, жаңа түрлі технологиялар, жаңа бағдарламалар ойлап табылып, білім сапасы артуда. Ізденіп, талпынған адамға білім алу үшін ақпарат көздері жетерлік. Тіпті ешқайда шықпай, бір орында отырып-ақ технологияның арқасында білімімізді жетілдіріп, дамытуға болады.

   Білімді болып, дүниеге деген көзқарасының оң болып дамуы әр адамның өзіне байланысты. Біздің елімізде оқимын, дамимын деген адамға барынша мүмкіндік жасалған деп ойлаймын. Қазіргі заманда көзі ашық, көкірегі ояу оқыған, білімді азамат болмасаң, бір орында қалып, жан-жақты дами алмай қалуын әбден мүмкін. Сондықтан да әр адам өзі үшін тырысып, ізденуі керек. Ең бірінші кезекте әр ата-ана баласының болашағы үшін, мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап, баласының білімді болып, жан-жақты қалыптасуы үшін жағдай жасауы керек деп ойлаймын. Сол кезде қалыптасып келе жатқан жас ұрпақтың білім-ғылымға деген көзқарасы дұрыс болып, саналы білімді ұрпақ болып қалыптасады.

   Осы тұста айтар болсам, білімді тек мектеп қабырғасы мен ұстаздар арқылы ғана алып қоймаймыз.Сонымен қатар жанымыздағы араласатын жандар мен достарымыздың іс-әрекетімен  өмірлік сабақтар аламыз.Өмірде бізге сабақ беру үшінкелетін әрқилы адамдармен танысамыз, олардың бізге жасаған жақсылығы мен жамандығының арқасында көп сабақ алып,ой түйеміз.Үлкен өмірде мектепте оқыған пәндер тек маман иесі атануға және жұмыс жасауға қажет болса, ал өмірдегі қиыншылықтармен күресуді өмірдің өзі ақырындап үйрете бастайды.

   Білімді адам кез-келген қиын жағдайдан шығатын жолды тауып, өмірде көп нәрсеге қол жеткізуге шамасы жетеді. Адам білімді, сауатты болған сайын оның дүниетанымы кеңейіп, креативті ойлау жүйесі дамып, басқа адамдармен қарым-қатынас жасап сөйлесу барысында көп нәрсе үйренуге және үйретуге мүмкіндігі арта  түседі.

   Білім мен ғылымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма» — дей келе,жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалайтын жастар болғандықтан, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне барынша күш салу керек деп ойлаймын.

   Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.

   Қорыта айтқанда, Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуы ілімдермен сусындандыру.Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек.Өйткені, әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» деп бекер айтпаса керек, сондықтан да дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға, заман талабына сай болуға талпынып, еңбектенуіміз қажет.

Колледж арнайы пән оқытушысы: Кучаков Аминжон Рамазонович

Related Post

МӘЗҺАБТАРҒА БӨЛІНУДІҢ СЕБЕПТЕРІМӘЗҺАБТАРҒА БӨЛІНУДІҢ СЕБЕПТЕРІ

Мәзһаб дегеніміз не. «Мәзһаб» сөзі араб тіліндегі «зәһәбә» (бару) етістігінен шыққан, «жүрілген жол», «баратын жер» деген мағынаны білдірелі. Ал терминдік мағынасы – «Ислам дінінің сенім (ақида) мен фиқһ саласында бір

Тамақтану жайындағы үкімдерТамақтану жайындағы үкімдер

Кадиров Эркин Мусирманұлы Ғалымдар тамақ жайында келген барлық  дәлел және құжаттарды толықтай  үйреніп шықты, оларды салыстырып, усули фиқһ және басқа қағидаларды істеп шыққан және төмендегідей қорытынды ұсынған: Тамақ жеу кейде

«КИТАБУ ӘТ-ТАУИЛАТ» ЕҢБЕГІ НЕГІЗІНДЕГІ МУТАШАБИХ АЯТТАРДАҒЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ СИПАТТАРЫН ТАЛДАУ«КИТАБУ ӘТ-ТАУИЛАТ» ЕҢБЕГІ НЕГІЗІНДЕГІ МУТАШАБИХ АЯТТАРДАҒЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ СИПАТТАРЫН ТАЛДАУ

Аңдатпа. Дін мен дәстүрді қоса ұстану бұл байырғы ата-бабалармыздың ұстанған жолы. Қазіргі кезеңде діни сауатсыздық пен әртүрлі діни топтардың діни мәтіндерді өз түсініктерімен түсіндіру жұмыстары қарапайым халықтың сеніміне  серкеу түсірді.