MEDRESE.KZ Без категории,Мақалалар,Мақалалар Тәуелсіздік біз үшін бәрінен қымбат!

Тәуелсіздік біз үшін бәрінен қымбат!

Қай елде, қай мемлекетте болмасын, тұтастай даму тарихына үңілсек, азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрес ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тәуелсіздік түгілі жерінен айырылған, отаны жоқ ұлттар бар. Сондықтан, тәуелсіздіктің қадірін жүрекпен ұғыну керек. Ата-бабаларымыз жерімізді қорғау, ұрпаққа аманаттау жолында қаншама  кескілескен ұрыстарға барды! Осыншама ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Бертінде ашаршылық жылдары да, Екінші дүниежүзілік соғыс та қаншама қаракөздерімізді алып кетті! Кеңестер Одағы тұсында да ұлттық болмысымыздан айырылып қала жаздадық.  Енді, міне, тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Енді оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борыш. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толады.Тарих көзімен қарағанда соншалықты қысқа мерзім. Осы  жылдарда  Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.

Сәл кері шегінсек. 1991-жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Ескертетіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Қазақстан 1986-шы жылдан бастап өз алдына тәуелсіз, еркін мемлекет болуға әрекет жасағанымен, КСРО құрамындағы 15 елдің ішінен ең соңғыларынан болып өз тәуелсіздігін жариялады. Бұл заң 1990-жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті. 1991-жылдың 17-ші желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып өтті. Жиналған сан мыңдаған адамның алдына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп сөз сөйледі: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын… Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін!».

         Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып  мұхиттың арғы жағында жатқан  Америка Құрама Штаттары  мойындады, екінші болып Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Монғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Ислам мемлекеті мойындады. Иран – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекет. Ал «Тәуелсіздігімізді ең алғаш  болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады» деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты, бірақ, тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған  Вячеслав  Ғиззатов келтірген. ҚР Сыртқы Істер министрлігінде тіркелген дипломатиялық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін  ресми түрде мойындайтын протоколға 1992-жылдың 2-наурызы күні қол қойғандығы көрсетілген. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа елдер де мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында Қазақстан деген мемлекет тәй-тәй басты. Небәрі бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді  елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды. 1992-жылы наурызда  БҰҰ-на кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды.

Енді, Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы  айтқандай, қазір де ұшпа сезімге ерік бермей, арзан ұрандарға ермеуіміз керек. Жүрегімізде елімізге деген сүйіспеншілік болу керек.

Тәуелсіз ел болып біз танылған кез,

Дұшпандар айтар сөзден жаңылған кез,

Қазағым туың мәңгі биік болсын,

Ұл-қызың аман-есен болып әр кез!

Қонақжай – халқың әрбір, адамың да,

Жалын болсын халқыңның жанарында,

Әлемге жетістігіңмен таныла бер,

Нық болсын, әрбір басқан қадамың да.

Тәуелсіз елдің еркін ұлдарымыз,

Бағындырар әлі алда шыңдарымыз,

Әрбір қазақ  – жалғызым, жан бауырым,

Тәніміз бөлек, бірақ та, бір жанымыз.

Тәуелсіз, ұлық болсын – ар-ожданың,

Мойныңда болмасыншы қарыздарың,

Бауырлар – елді сақтап, ұмытпайық,

Ата-баба бізге айтқан парыздарын! – деп, қағазға түсірген өлең-жырымды  ішімнен мың қайтара оқып, осы күнімізге шүкіршілік етемін.

Осы отыз  жылда Отанымыздың қиын өткел, тар асулардан қалай аман өткеніне қа­зақстандықтар куә, әлем  жұртшылығы куә. Қазіргі Қазақстанда тұратын жүзден астам этностың тағдырын қазақ тағдырынан бөле-жара қарамай, барлығын бір ананың баласындай бауырға тарту нәтижесінде еліміз ішкі-сыртқы саясатта үлкен беделге ие болды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім қалыптасып, қазақ халқының береке, бірлігі артты. Біз тәуелсіздігімізді бағалауға тиіспіз!

 Сарыағаш медресе колледжі ұстазы: Сманова Б

Related Post

Білгенге мешіт деген Құдай үйіБілгенге мешіт деген Құдай үйі

«Білгенге мешіт деген Құдай үйі» деп бабаларымыз базына қалдырғанындай 2019 жылы қарашаның 29 жұлдызында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының, Ынтымақ ауылында «Сатыбалды Әбішұлы атындағы ислам орталығы» ашылды. Көркі көз тартқан, ашылмай