MEDRESE.KZ Мақалалар,Мақалалар Кітап иелері бауыздаған малдың ислам шариғатындағы үкімі.

Кітап иелері бауыздаған малдың ислам шариғатындағы үкімі.

Бұл мәселеде ислам ғұламалары үш түрлі пікір айтқан. Біріншісі, малдың еті адал болу үшін мұсылман адам болсын, кітап иесі болсын Алланың атымен бауыздауы шарт. Екіншісі, кітап иесі мал бауыздаған сәтте Алланың атын атап айтуы шарт емес. Егер Алланың немесе басқаның атын атамай бауыздайтын болса, сойған малы адал болады. Үшіншісі, Алладан басқа біреудің атымен бауыздалса да кітап иесі бауыздаған малдың еті адал.

Алдымен күніміздегі христиан діні мен яһуди (еврей) діні Құранда айтқан “әһл китабқа” жата ма, сол жайлы айтып өтейік. Бұл екі діннің негізі сәмәуи (Алла тарапынан пайғамбарларға уахи арқылы жеткізілген) болуы заман өте келе сенімдері өзгеріске ұшырағанына қарамай оларды кітап иелері деп атауға мүмкіндік береді. Себебі Құранда Алла Тағала кітап иелері Өзіне серік қосқандығына қарамастан оларды осы есіммен атаған:

« وَقَالَتِ ٱلۡيَهُودُ عُزَيۡرٌ ٱبۡنُ ٱللَّهِ وَقَالَتِ ٱلنَّصَٰرَى ٱلۡمَسِيحُ ٱبۡنُ ٱللَّهِۖ ذَٰلِكَ قَوۡلُهُم بِأَفۡوَٰهِهِمۡۖ »

«Иудейлер: «Ұзайыр — Аллаһтың баласы», — деді. Ал, насаралар: «Масих — Аллаһтың баласы», — деді. Бұл — олардың құр ауыздарымен айтқан сөздері» [1].

Демек, осы аятқа сүйеніп пайғамбарлар алып келген шариғаттан ауытқып, жалғыз Аллаға серік қосса да яһуди және христиан діндерінің өкілдерін Кітап иелері деп атаймыз.

Енді осы кітап иелері бауыздаған малға байланысты пікірлердің әрқайсына жеке-жеке тоқталып кетейік. Ханафи және ханбали мазхабтары қасапшы, мейлі ол мұсылман немесе кітап иесі болсын, бәсмәләны әдейі айтпай қалдырып кеткен жағдайда бауыздаған малының еті арам болады деп айтады. Ал ниетін білдірмей, сонымен қатар ешкімнің атын атамай бауыздаған жағдайда бәсмәләны ұмытты немесе қателесіп тәрк етті деп пайымдалып, сойған малының еті адал болады. Сондай-ақ “Алланың атымен” немесе “Құдайдың атымен” деген сияқты мағыналарға саятын сөздермен бауыздаса сойған малының еті адал болады. Тіпті қасапшы “Алланың атымен” деп айтып, “Алла” деген сөзімен Иса пайғамбарды көздеп тұрса да бауыздалған мал мұсылман адамға адал болады. Ал ниетіндегісін анық “Иса құдайдың атымен” деп айтып бауыздаған жағдайда сойған малы арам болады [2].

Екінші, мәлики мазхабының көзқарасында кітап иесі емес, мұсылман адамға Алланың есімін ұлықтау немесе пәктеу мағынасында келетін “Аллаһу Акбар”, “Субханалла” сияқты сөздермен сою шарт шарт болады. Ал Кітап иесіне келер болсақ, ниетінде Алладан басқа біреудің атын атамай сойғаны ғана адал саналады [3].

Үшінші, Кітап иесі малды бауыздаған сәтте кімнің атын атаса да сойылған малдың еті мұсылман адамға адал болады. Бұл пікірді Әл-Муғни атты еңбекте  Ибн Қудама Мужаһид пен Ато сияқты бірқатар ғалымдардан риуаят етеді [4].

Жоғарыда аталған үш пікірді діни мәтіндерге сүйеніп саралайтын болсақ, бірінші пікірдің ақиқатқа жақынырақ екеніне көз жеткіземіз. Құранда Алла Тағала:

 « وَلَا تَأۡكُلُواْ مِمَّا لَمۡ يُذۡكَرِ ٱسۡمُ ٱللَّهِ عَلَيۡهِ وَإِنَّهُۥ لَفِسۡقٞۗ وَإِنَّ ٱلشَّيَٰطِينَ لَيُوحُونَ إِلَىٰٓ أَوۡلِيَآئِهِمۡ لِيُجَٰدِلُوكُمۡۖ وَإِنۡ أَطَعۡتُمُوهُمۡ إِنَّكُمۡ لَمُشۡرِكُونَ »

«Аллаһтың есімі аталмағаннан жемеңдер. Шын мәнінде, бұл / олай істеу / — анық бұзықтық / бойсұнбаушылық / . Анығында, шайтандар сендермен тартысу үшін өзіне ерушілердің көкейлеріне азғыру салады. Егер Оларға бағынсаңдар, сендер серік қосушы боласыңдар»,-деп ескертеді [5].

Осы аяттан-ақ қасапшы мұсылман болса да, кітап иесі болса да малды бауыздаған сәтте Алланың атын атауы шарт екенін білеміз. Егер әдейі қалдырып кеткен болса сойған малының еті адал болмайды. Осы сияқты бірқатар Құран аяттарынан Алладан өзгенің атымен сойылған малдың еті адал болмайтынына дәлелдер бар.

 « إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيۡكُمُ ٱلۡمَيۡتَةَ وَٱلدَّمَ وَلَحۡمَ ٱلۡخِنزِيرِ وَمَآ أُهِلَّ بِهِۦ لِغَيۡرِ ٱللَّهِۖ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ غَيۡرَ بَاغٖ وَلَا عَادٖ فَلَآ إِثۡمَ عَلَيۡهِۚ إِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٞ رَّحِيمٌ »

«Шын мәнінде, Ол сендерге өлексені, қанды, доңыз етін және Аллаһтан басқаға арнап сойылғанды тыйым салды / харам қылды / . Сонда кім / тыйым салынғанды жеуге / мәжбүр болып, оған құштарлық танытпай әрі оны рұқсат етілген мөлшерден асырмай жесе, оған күнә жоқ. Шын мәнінде, Аллаһ — өте Кешірімді, ерекше Мейірімді» [6].

 « حُرِّمَتۡ عَلَيۡكُمُ ٱلۡمَيۡتَةُ وَٱلدَّمُ وَلَحۡمُ ٱلۡخِنزِيرِ وَمَآ أُهِلَّ لِغَيۡرِ ٱللَّهِ بِهِۦ وَٱلۡمُنۡخَنِقَةُ وَٱلۡمَوۡقُوذَةُ وَٱلۡمُتَرَدِّيَةُ وَٱلنَّطِيحَةُ وَمَآ أَكَلَ ٱلسَّبُعُ إِلَّا مَا ذَكَّيۡتُمۡ وَمَا ذُبِحَ عَلَى ٱلنُّصُبِ وَأَن تَسۡتَقۡسِمُواْ بِٱلۡأَزۡلَٰمِۚ ذَٰلِكُمۡ فِسۡقٌۗ ٱلۡيَوۡمَ يَئِسَ ٱلَّذِينَ كَفَرُواْ مِن دِينِكُمۡ فَلَا تَخۡشَوۡهُمۡ وَٱخۡشَوۡنِۚ ٱلۡيَوۡمَ أَكۡمَلۡتُ لَكُمۡ دِينَكُمۡ وَأَتۡمَمۡتُ عَلَيۡكُمۡ نِعۡمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ ٱلۡإِسۡلَٰمَ دِينٗاۚ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ فِي مَخۡمَصَةٍ غَيۡرَ مُتَجَانِفٖ لِّإِثۡمٖ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٞ رَّحِيمٞ »

«Сендерге өлексе, қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаға арналып шалынған, буынып өлген, ұрылып өлген, құлап өлген, сүзіліп өлген малдар және жыртқыштар жеп кеткен малдар тыйым етілді» [7].

Ендеше бауыздалған жануардың еті адал болу үшін шариғатта көрсетілген шарттарға сай сойылу керек екен. Сол шарттардың бірін әдейі тастап кеткен жағдайда немесе әдейілеп шариғатқа қарсы амал жасаған жағдайда сойылған малдың етін адал деп айта алмаймыз. Ал байқамай ұмытып кету немесе айттым деп ойлап шатасып тәрк етуге келсек, олай сойылған малдың еті Алланың алдында да, мұыслмандар үшін де адал тамақ болып табылады [8]. Ең дұрысы Аллаға мәлім.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Тәубе сүресі, 30-аят

2 Әл-Кәсәни. Бәдәиғ әс-санаиғ. Ливан: «Дәр әл-кутуб әл-илмия» баспасы

3 Әд-Дәрдир. Әш-шарху әс-сағир. Каир: «Дәр әл-мағариф» баспасы

4 Ибд Қудама. Әл-муғни. Ар-Рияд: «Дәр алам әл-кутуб» баспасы, 2010

5 Әнғам сүресі, 121-аят

6 Бақара сүресі, 173-аят

7 Мәидә сүресі, 3-аят

8 Мухаммад Тақи әл-Усмани. Бухус фи қодоя фиқһия муғасара. Дамаск: «Дәр әл-қалам» баспасы, 2003

Колледж арнайы пән оқытушысы: Ақым Салтанат

Related Post

Тамақтану жайындағы үкімдерТамақтану жайындағы үкімдер

Кадиров Эркин Мусирманұлы Ғалымдар тамақ жайында келген барлық  дәлел және құжаттарды толықтай  үйреніп шықты, оларды салыстырып, усули фиқһ және басқа қағидаларды істеп шыққан және төмендегідей қорытынды ұсынған: Тамақ жеу кейде

Шын мәнінде мүміндер бір-біріне досШын мәнінде мүміндер бір-біріне дос

Ислам діні – ұлтына, нәсіліне, түр-түсіне қарамай күллі адамзат баласын бауырына басатын дін. Сол себепті ислам дінін қабылдаған әрбір мұсылман ұлты мен нәсіліне қарамай бір-біріне бауыр саналады. Қан бауырластығы секілді

«КИТАБУ ӘТ-ТАУИЛАТ» ЕҢБЕГІ НЕГІЗІНДЕГІ МУТАШАБИХ АЯТТАРДАҒЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ СИПАТТАРЫН ТАЛДАУ«КИТАБУ ӘТ-ТАУИЛАТ» ЕҢБЕГІ НЕГІЗІНДЕГІ МУТАШАБИХ АЯТТАРДАҒЫ АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ СИПАТТАРЫН ТАЛДАУ

Аңдатпа. Дін мен дәстүрді қоса ұстану бұл байырғы ата-бабалармыздың ұстанған жолы. Қазіргі кезеңде діни сауатсыздық пен әртүрлі діни топтардың діни мәтіндерді өз түсініктерімен түсіндіру жұмыстары қарапайым халықтың сеніміне  серкеу түсірді.