🔰Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Сарыағаш» медресе-колледжінің ұйымдастыруымен өткен Мәуліт кешіне қатысты.
🔰Мәуліт кешінде Бас мүфти жамағатқа ізгі ниетін жеткізіп, насихат айтты.
«🔰Біз Алла Елшісін ардақтаймыз. Есімін құрмет қыламыз. Содан болар қазақ жерінде Мәуліт мерекесі бірнеше ай қатарынан жалғасып, атап өтіледі. Мұның астарында үлкен насихат жатыр. Ол – дініміздің насихаты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен алар үлгі көп. Құранның «Ахзаб» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» — деп, Пайғамбар өмірін біздерге шамшырақ еткен. Олай болса, Пайғамбарымыз көрсеткен, насихаттаған ізгі қоғамды қалыптастыруда осындай мәуліт жиындарының мәнісі өте зор.
🔰Бүгінгі Мәуліт кешінде асыл дініміздің көкжиегін кеңейтуде барын салған біздің аяулы ұстаздарымызды да еске алдық. Алла оларға разы болып, Өз Мейіріміне бөлесін!
🔰Қадірлі Мәуліт кешінің қонақтары! Алла Тағала баршамыздың қоғамға, өзгелерге, айналаға пайдалы болуымызды нәсіп етсін. Алла сауаптан жазсын! Білім жолында жүрген бауыр-қарындастарымызға Алла қуат, сабырлық нәсіп етсін! Мәуліт кеші құтты болсын» деді.
🔰Кеште ардақты Алла Елшісіне салауаттар айтылып, белгілі ақын, жыршы Жәкен Омаров мәуліт жырын айтты. Одан бөлек медресе шәкірттері арнау жырын оқыды. Белгілі өнерпаздар күй тартып, мәуліт кешіне көрік сыйлады.