«Үшқоңыр» медресесі

Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда қазақ даласында Исламның қайта бүр жарып, дамуға бағыт түзегенін сүйіншілеген алғашқы медреселердің бірі. Ол Іле Алатауының әсем баурайында, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты табиғатының сұлулығына талайлар сұқтана қараған әйгілі Үшқоңыр жерінде, тұңғыш елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен және тікелей бастамасымен салынған «Қарасай батыр» атындағы төрт мұнарасы алыстан менмұндалаған сәулетті мешіттің   3 га. 29 сотық жерді алып жатқан кең аумағында орналасқан.

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылы, Жібек жолы көшесі №164 орналасқан ҚМДБ-на қарасты 2008 жылдан бастап «ШАМАЛҒАН» медресесі діни бірлестігі болып ашылып, 2012 жылдың 27 желтоқсанында «Үшқоңыр медресесі» жеке мекемесі болып өзгертіліп қайта тіркелген қазіргі таңда ер балалар және қыздар бөлімі болып жұмыс істеуде. Ер балалар бөлімі жоғарыда көрсетілген мекен-жайында, ал қыздар бөлімі 2013 жылдың маусымынан бастап Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы, Жұрынов көшесі №68 бойынша өз жұмыс бастап кетті.

2009-2013 жылдары аралығында тамыз айының аяғына таман Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығымен қабылдау емтиханы өткізіліп, шамамен 30-35 шәкірт медресе қабырғасына қабылданады.

ҚМДБ-сы мен Монғолия Діни Істерінің арасындағы келісім шартқа байланысты Монголия республикасынан 8 қандас бауырларымыз білім алып, білімдерін шыңдау үшін елдеріне оралды.

Қазіргі таңда I курста 34 ер, 20 қыз студент, II курста 21 студент және III курста 21 студент, барлығы 96 студент білімдерін  жалғастыруда.

Медреседе Түркия елінен 1 ұстаз, Мысыр елінен 2 ұстаз  және Қазақстандағы жоғары санатты, білімді исламтану мамандығы бойынша 6 ұстаз, ізгілендіру пәні мен қоғамдық  пәндерден 9 ұстаз, жалпы саны 18 ұстаз сабақ жүргізуде. Сонымен қатар тәжірбиелі  әрі білікті  4 тәрбиеші  қызмет көрсетеді.

ҚМДБ-сы  мен  «Қазақстан 2030» қазақ-түрік жастарды қолдау қоғамдық қоры және «Құл Қожа Ахмет Иасауи білім және парасат қоры» арасында келісім жасасуы арқылы бірге келісе отырып, медресенің оқу процесі, тәлім-тәрбиелік жұмыстары және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз етуді қолға алған.

Шәкірттерімізге барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу бөлімі, кітапхана,  компьютер бөлмесі, жатақхана, асхана, және жазғы спорт алаңы бар. Жатақханада 90 студентке барлық әбзелдер қамтылған.  Дәретхана, ғұсыл құйынатын душ және киім жуатын арнайы орындар бар. Жастардың киім-кешегін қоятын арнайы бөлмеде шкафтар бар. Ауырып қалған жағдайда жататын бөлек бөлме және оларға қарайтын тәжірибелі фельдшер бар. Сонымен қоса үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Медресенің барлық оқу-әдістемелік және тәрбиелік жұмыстар жайлы мәлімет компютерлік-ақпарат жүйесіне енгізілген.

Оқу жүйесі  бойынша барлық мәлімет, үлестірмелі материалдардың түпнұсқалары және шәкірттердің білімі мен оқу үлгерімін бақылау қорытындылары медресенің тәрбие ісі бөлімінің меңгерушісі мен әрбір топтың сынып жетекшілерінің жеке компьютерлерінде тіркелген.

Медресесінің оқу жұмыс жоспарының жобасы жалпыға орта білім беру стандартының негізінде жасалынған. Медресе шәкірттері оқу орнын «Исламтану» мамандығы шифры 0112000 бойынша бітіріп шығады. Оқу мерзімі 2 жыл 10 ай. Оқу түрі күндізгі. Сабақ кестелері оқу жоспарына сәйкес өз дәрежесінде жасалынған, оқу процесі бір кезеңмен жүреді.

 

Ақпарат көзі: muftyat.kz