Қазіргі қоғамдағы адам баласының бойындағы мораль немесе адамгершілік секілді ізгі қасиеттерді бойға жинап, сол арқылы күллі адамзатты имандылық пен тәрбие ұштасқан бағытта тәрбиелеу бүгінгі таңдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Адам бойындағы гуманизм секілді тек алға жетелеп, бойында тұлғалық қалыптастыратын қасиеттер жетекші орында болса, оларды турашылдық пен аманатшылдықта көруге болады.
Адамның бойындағы мінезі, жаратылысы мен ішкі жан дүниесіндегі әдеттерді ахлақ деп айтамыз. Ахлақты екі түрлі мағынада қарастыруға болады яғни, адамның бойында жақсы және жаман әдеттер болары хақ. Дегенмен, адамның өн бойындағы қасиеттерді жақсылыққа айналдырып, оны өмірдің негізгі мәні мен мағынасын ұғындыратын көркем мінезді тәрбиелеп, бүр жарған шыбықтай, Құран аяттары сипаттағандай: «Теңдесіз ұлы көркем мінез иесі» болуға талпыну қажет.
Жалпы Исламдық мораль (ахлақ) жайлы сөз еткенде, оның Ислам дінінің негізгі қағидалары мен мақсаттарын тікелей немесе жанама түрде Құран мен Сүннет арқылы имандылыққа, моральға қатысты ережелерге қол жеткізу үшін таңдаған құралдарымен ерекшеленетін әртүрлі әдептілік көзқарастарынан тұратын моральдық дәстүрді білдіреді. Құран мен Сүннет Исламдық өмірдің шекарасын белгілейтін және Ислам деп аталатын барлық нәрсе бастау нүктесін алатын екі негізгі қайнар болғандықтан, олар табиғи түрде Исламдық мораль (ахлақ) дәстүрінің қайнар көзі болады. Исламдық моральдық ой-пікірлер Құран мен Сүннеттен басталады. Бұл екі дереккөз діни және дүниелік өмірдің жалпы шеңберін сызып, амал ережелерін белгіледі, осылайша кейінірек фиқһ ғалымдары мен хадисшілер, теологтар, мистиктер, тіпті философтар дамытатын моральдық түсініктердің негізін қалыптастырды.
Ахлақ сөзінің айшықтамасына көптеген ғалымдар түрлі түсініктеме берген. Имам әл-Ғазали ахлақты адамның бойындағы ешбір жасандылықсыз, күштеусіз сіңетін, туа біткен қасиет екендігін мәлімдеген. Көркем ахлақ яки хасана ахлақ арқылы адам өзін келмелдендіріп, ақ пен қараның айырмашылығын айыра алатын рухани байлыққа ие болуы керек. Ахлақ адам бойындағы рухани жетістіктерді негіз ете отырып, өзінің жасаған таңдауы мен амалдары арқылы оның дұрысы мен бұрысын анықтауға ықпал жасайды.
Қазіргі қоғамдағы ахлақ ілімінің маңызы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін олардың бойындағы адами құндылықтарын қалыптастырып, адамдардың бір-біріне жақсы қарым-қатынаста болуына, қоғамдағы тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтауда өте маңызды фактор болып табылады. Техникалық ақпараттық көздердің күн сайын дамып, жаңа қарқынға ие болуы бұл мемлекет пен қоғамды дамытып, адамдардың материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырып, заман ағымымен ілесіп дамуына мүмкіндік берері сөзсіз.
Дегенмен, заманның техниалық жағынан алға жылжуы салдарынан адамдардың рухани тұрғыда тұралауына жиі себеп болуда. Мұндай әрекеттерді біз қоғам дертіне айналған озбырлық пен қатігездік сынды істер арқылы көріп, біліп жүрміз. Тек адам баласы емес барша жаратылыс өз кезегінде мейірмділік пен қамқорлықты, өз деңгейінде қорғауды да қажет ететіндігін ұмытпауымыз қажет. Еліміз аумағындағы этика және мораль жүйесінің әліде ақсап тұрғандығын баршамыз мойындауымыз қажет. Қоғамдағы қарапайым тазалық талаптарының сақталмауы, адамдардың өздеріне тиесілі өмір сүру аймағына айналған аумағына жанашырлық танытпауы, тазалық қағидаларының адам бойындағы имани қасиеттердің негізі екендігі қазіргі таңда ұмыт қалуда.
Қазіргі таңда қоғамда қарт кісілерге күш көрсету әрекеттерікөбейіп барады, сондықтан осынау ата-ана мен бала, адам мен қоғам қатынастарын шешу өте маңызды мәселеге айналды.
Түрлі себептермен ата-анасынан безініп, оларды қартайған шағында панасыз қалдырушы тасжүрек адамдар көбеюде. Діни ұстанымын сылтауратып, ата-анасын кәпірге шығарып, олармен бір дастархан басында тамақтанудың өзін қажетсінбейтін, қазақтың сан ғасырдан қалыптасқан отбасы интститутын жоққа шығарушы адамдардың бар екендігі баршаға аян. Ауруын жасырған өледі демекші бұл тек қоғамдағы күрделі мәселелердің бір сарыны ғана.
Ахлақ ғылымы қоғам ішіндегі бірлік пен ынтымақтастық тұтқасы болып, айналадағы мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері бойынан табылған ортада тәртіпсіздік пен қатігездік секілді теріс іс-әрекеттердің қатары азаяры ықтимал. Адам баласы бір-біріне көмек қолын созып, бірлесе еңбек етіп, отбасыдағы қарым-қатынас сыйластық арқылы өрбіп, еліміздегі заңдық нормаларды құрметтеп, олардың белден баспай, қоғамдағы тәртіпті реттеуге ат салысар болса, қоғам мінсіз болмаса да, қауіпсіз орта құруға кішкене болсада септігін тигізер еді.
Адам баласы бұл өмірге мақсатсыз келмеген. Әрбір пенденің Құдай мен қоғам, ата ана мен бала, көршімен жақын туыс арасында өзіндік атқарар міндеттері бар. Бұның барлығы үшін адам жауапкершілік сезініп, олардың тепе-теңдігін ұстай білуі қажет. Ал, мұндай нормаларды ислам діні әу баста бекітіп, бұл ережелер ахлақ ілімінің басты нысанасына айналған. Адамның өз жаратылуының да белгілі бір мәні бар. Ұлы Абай атамыз айтпақшы «жұмысы жоқтық, қарны тоқтық» аздырар адам баласын демекші, қоғамда әр адамның өзіндік орны болуы қажет. Құран аяттарынан адамның бұл өмірге келгендегі негізгі миссиясын көре аламыз. Мәселен: Құдайға сену, жақсылық жасау, білім алу секілді адамның жеке өзіне қажетті және қоғамға қатысты белгілі қызметтері бар екендігі айтылған.
Өмір сүріп жатқан ортамызда жұмыс жасап қажет жағдайда демалу үшін, адамдардың жан-жақты дамуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Дей тұрғанмен қоғам болғаннан кейін ақсайтын тұстары да баршылық. Оны жылы жауып қоймай шешімін бірге таба білу маңызды. Мәселен, иманның жартысы болып табылатын тазалықтың сақталмауы қазіргі таңда маңызды болып тұр. Табиғат ресуртарын дұрыс игермеу, Құдай жаратып берген табиғатты аялап ұстай алмауымыздың салдарынан қазіргі таңда флора мен фаунамыздың құрып кету қауіп алдында тұрғандығын табиғат қорғаушылары дабыл қағып айтуда.
Адамның жауапсыздығынан тек құрлықтағы емес, су астындағы жан жануарлар, киелі аң-құстардың, жасыл желек пен жер бетіне көрік беріп тұрған әдемілігімізді сақтай алмау адам үшін басты проблема. Осының салдары адамдардың өзіне денсаулығының ақаулығы арқылы айналып келуде. Қоғаммен адамға титтейде зияны келетін жаман істерден аулақ болып, өзіміз өмір сүріп жатқан жер шарының амандығы үшін барлығымыз бірдеу жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет. Осы арқылы адам бойындағы жақсы қасиеттердің қоғамды қалыптастырушы фактор екендігін көруге болады.
Сонымен қатар, адамның осы өмірдегі ең үлкен тірегі отбасының алдындағы міндеті ерекше. Ахлақ ілімінде отбасындағы көркем мінез, жақсы мәміле турасында тақырыптар ерекше орын алады. Себебі қазіргі қоғамда шаңырақ көтерген жастардың көп ұзамай ажырасу факторлары жиі тіркелуде. Осыдан – ақ, отбасын құрмас бұрын адамдардың ол жауапкершілікті сезінуде осалдық танытатындарын байқауға болады. Қазіргі таңда отбасын құруы және ары қарай өмір сүруі үшін қоғамда материалдық қажеттілік бірінші орынға шықты. Ал, отбасы бұл екі адамның көрінбейтін рухани әрі, түсіністік арқылы байланысатын үлкен мемлекет екендігі қазіргі таңда өкіншіке орай шетте қалуда.
Қазіргі таңда тек әйелі мен жолдасы теңдей еңбек етіп отбасын асырауда. Дегенмен, тек әйелдің ығында отырып, соларға ғана әлімжеттік жасаудан күші аспайтын ер адамдар көбеюде. Ислам діні отбасындағы ең басты асыраушы әрі қамқоршының ер адам екенін міндеттеп берген. Отбасындағы татулық пен біттімді сақтау үшін екеуіде талпыныс жасау қажет. Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың отбасы мүшелеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» демекші, бүгінгі күні отбасыда сабырлық пен бірінің кемшіліктеріне көз жұмып қарау, шешімін бірге табу секілді қажетті құндылықтар сиреп барады. Тек осындай мықты берік отбасында тәрбиеленген бала ертеңгі күні өзіне сенімді, өзгелерге мейірімді, қоғамға пайдасын тигізетін жас ұрпақ болады. Қыз баланы қылықты етіп, болашақ әйел ретінде нәзік болмысын сақтау арқылы өсіру бүгінгі күні өте маңызды. Соынмен қатар, сапалы білім беріп, баланы рухани әрі заманауи тұрғыда жан-жақты дамыту ата-ана үшін басты міндет. Осы арқылы бүтін бір қоғам мен ұлттың болашағы айқындалады. Өкінішке орай, ата-анасын терезеге телміртіп, оларды қартайған шағында өзгеге тәуелді етіп тастап кетудің куәсі бүгінгі қарттар үйі болып тұр.
Ал, ислам діні ата-ананың разылығының Алланың разылығы екендігін нықтап айтқан. Мұндай жағдай бұрынғы қазақ қоғамында болмаған. Бұған тек баланы немесе ата-ананы кінәләу дұрыс емес. Бұл үшін әу бастан керегесі берік шаңырақ құрылу қажет екендігін барлығы білгенімен, іске келгенде шаңырақтың мәнін түсінбейтін жастар көбеюде.
Бүгінгі таңда әр отбасыда баланың бойына имандылық негіздері үйретіліп, тәрбие берудегі басты тұлға ата-ана екендігі ұмытылмауы тиіс. Бала айтқанды емес, көргенді жасайтынды секілді, ана мен әке отбасындағы махаббат пен жылулық, тұрақтылық пен жауапкершіліктің тұтқасы болмақ. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадисінде адамның соңынан мына үш нәрсенің өшпейтіндігі айтылған: берілген садақа; пайдалы ілімі, өзіне дұға жасайтын хайырлы ұрпағы (Муслим, Уасия 14). Ислам дінінің негізіне үңілсек ата-анамен баланың өзара міндеттері жіктеліп, жілігі шағылып көрстеліген. Тек осы ережелерді негізге алып, әр отбасының қағидасы ете алсақ қоғамда психологиялық әрі моральдық тұрғыда сау ұрпақ, болашағы жарқын елді құратын саналы да білімді жастар тәрбиеленеді.
Қоғам демекші, Құран аяттары тіпті бір қоғамда өмір сүруші адамдардың бірін әйел, бірін ер етіп жаратылғандығы, өзара бірін-бірі тану үшін ұлттар мен рулар еткендігі турасында да айтылған. Отанды сүю иманнан, оны қорғау, еліміздің шекарасын көзіміздің қарашығындай сақтау адам бойындағы ең үлкен жауапкершілік сезімі. Ел шекарасында жерді қорғау бір күн, бір түн мезгілінде құлшылық жасаудан хайырлы екендігі хадистерде айтылған (Муслим, Имара 163).
Қазіргі таңда елімізге жан-жақтан келер қауіптен әрқашан сақ болу қажет. Ол үшін ел ішінде береке, халық арасында татулық болуы қажет. Бүгінгі таңда осы бір өзектілік өз арамызда жетіспейтіндей көрінеді. Осындай жағдайлар тек еліміздің ішіне іріткі салуды месе тұтқан түрлі топ өкілдері үшін жемтік болмақ. Сол себептен, адамдар бір — бірінің мал мүлкіне аманат ретінде қарап, «жемқорлық» деп аталатын қоғамның қарақұртын түп тамырымен жоюды қажет етеді. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) айтқандай: «Өкіметтің малын үлестіру үшін бір адамды бекітсек, ол біздер бір ине не одан ірі затты жасырса, аманатқа қиянат істеген болады. Қияметте сол затты өзімен бірге алып келеді».
Айтып тізе берсек, қазіргі қоғам мәселе мен шешімі табылмаған, табылсада іске асыруға құлықсыз тұлғалардан құрылуда. Дегенмен, түрлі мүмкіндіктерді іске асырып, «Жаңа Қазақстан» құру үшін адам бойында біліммен бірге рухани құндылықтармен жақсы әдеттер болуы керек. Үздіксіз білім беру арқылы адамды рухани әрі дамыған тұлға етіп тәрбиелеу еліміздің басты мақсаты. Жастардың бойына тарих пен дінімізді, ділімізбен әдет-ғұрпымызды заманауи біліммен қатар бере білу заман талабы. Ахлақ ілімінің маңызы тек жақсы мінез бен туа бітті әдеттер деп шектемей, оны күнделікті өмірде қолданысқа енгізу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақ, әрбір шаңырақта тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге сапалы білім, рухани тірек болатын дәстүрлі ислам дінімізбен қатар заманауи ақапарттық технологияның жетістіктерін үйрете білу керек. Мықты маман, таптырмас ғалым болсада өмірдің жақсылық пен адамгершіліктен тұратындығын, әр адамның қоғаммен өзгелер алдында міндетінің бар екендігін ұмытпай, өзіне және басқаларға пайдалы бола білуі қажет.
Директордың өндірістік практика ісі жөніндегі орынбасары: Торебеков Нуралы Кадырбекович