MEDRESE.KZ Жаңалықтар Ислам дінінің артықшылығы және оның хикметі

Ислам дінінің артықшылығы және оның хикметі

Расында барлық мақтау әлемдердің Жаратушысы болған Аллаға тән. Оның соңғы елшісі Мұхаммедке с.а.у. және оның отбасына, сахабаларына Алланың сәлемі мен салауаты болсын.

Қазіргі кезде исламға әр түрлі сын пікірлер, мүлдем ақылға қонымсыз дәлел-дәйексіз айтылатын жала мен сөздер жеткілікті. Мәселен, дін барлық нәрселерге тиым салып, харам деп үкім береді, дін — апиын, дін-терроризм,  т.б. қате түсінік қалыптасқан. Осы олқылықтың алдын алу мақсатында бұл тақырыпта сөз қозғамақпыз. Жазу барысында әр бір адам ислам жайлы білуі тиіс болған мәліметтерді ғана беруге тырыстық.

«Ислам» Алла тарапынан жіберілген иләһи дін. Өзге діндер секілді тайпаның немесе сол дінді шығарған адамның, көсемнің атымен аталмай, есімі тікелей Жаратушының жарлығымен қойылған дін.

Құранда: «Ақиқатында Аллаһтың дәргейіндегі дін – Ислам. Ал кітап берілгендер болса, өздеріне бір білім жеткен кезде өзара өшпенділіктердің кесірінен таласып, бөлінді..» («Әли Ғимран» сүресі, 19 аят);

«Кімде-кім Исламнан басқа дінді қаласа онысы қабыл болмайды» («Әли Ғимран» сүресі, 85 аят).

Ислам деген арабтың сөзі «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Яғни, Аллаһ Тағалаға мойынсұну дегенге саяды. Ислам сөзі сәлем – «бейбітшілік» сөзімен түбірлес. Сондықтан да асыл дініміз зорлық-зомбылықты, соғыс-жанжалды, лаңкестікті ешқашан да қолдамайды

Ең алдымен бұл дінде адам еркінен тыс зорлық жоқ. Пайғамбар хадисінде: «Дінде зорлық жоқ», «Ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер» делінген. Әрбір адам дінге өз еркімен, өзі көз жеткізген халде келуі тиіс. Біреуге зәбір көрсетуге, мәжбүрлеуге қатаң тыйым саланады. «Мейірім көрсетпеген, мейірім көрмейді» деп хадисте айтылса, Құранда «Мүміндерге өте мейірімді кішіпейіл бол» (Хижр сүресі 88 аят) делінген. Барлық кезде орта жолды ұстанып, сыртқы келбетке зәбір көрсетпей орта жолды ұстанады.

Құран бұл жайлы «Бақара» сүресінің 143-аятында: «Міне, осылайша, сендерді орта жолды ұстанушы үммет еттік…» дейді. Демек мұсылман үмметі – өзінің құлшылығынан бастап барша ісінде артық та кетпейтін, кем де жасамайтын қауым. Үмметтің жолбасшысы әрі адамзаттың абзалы – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің ісімен орта жолдың үлгісі мен шынайы бейнесін көрсетіп отыратын еді. Мұның айғағы ретінде төменде Алла елшісінің ғұмырынан кейбір хадистер мен оқиғаларды келтіруді жөн көрдік. Сахаба Әнас (р.а) пайғамбарлық кезеңде болған мына оқиғаны әңгімелеп: «Пайғамбардың әйелдерінің үйіне үш адам келіп, Оның құлшылығы туралы сұрайды. «Әлгі адамдарға Пайғамбардың құлшылығы туралы айтылғанда, оны азсынғандай болып: «Бізге Пайғамбарға жету қайда. Оның ілгері-кейінді күнәсі кешіріліп қойған», – деді. Олардың бірі: «Мен өмірбақи көз ілместен түннің барлығын намазбен өткі­земін», – деді. Екіншісі: «Мен өмірбақи ораза ұстап өтемін, аузымды ашпаймын», – деді. Үшіншісі: «Мен өмірбақи әйелдерге үйленбей, бойдақ өтемін», – деді. Мұны естіген Алла елшісі әлгі адамдарға келіп: «Мұндай сөзді айтқан сендер ме? Алланың атымен ант етейін, расында сендердің араларыңда Алладан қатты қорқатын да, ең тақуасы да менмін. Дегенмен де мен ораза ұстап, аузымды ашамын, түнгі намаз оқып, ұйықтаймын, әйелдерге де үйленемін. Кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен емес», – деді (Бұхари, Муслим). Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жоғарыдағы оқиғада мұсылманның құлшылықта шектен шығуына тыйым салып, айыптап отыр. Сонымен қатар өзінің орта жолды ұстануда бүкіл үммет үшін үлгі екенін ескертуде.

Әйел адам үшін парыз болған және қазіргі кезде өзекті мәселеге айналған – хиджаб. Діндегі анықтамасы – кез-келген ислам дінін қабылдаған әйел адамның өзінің әуретін және ұятты жерлерін жасыру үшін киілетін киім. Халық арасында «хиджаб» деп аталады. Астарында ұяттылық, инабаттылық, ең маңыздысы Жаратушы бұйрығы жатыр. Әйел адам өз сұлулығын тек өз еріне ғана көрсетуі тиіс. Егер әйел сұлулығын тек өз күйеуіне ғана көрсетіп, сыртқы ортада әуретін жауып, қүйеуінің айтқанын орындаса қоғамдағы келеңсыз жайттар орын алмас еді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қазіргі кезде отбасы ұйытқысының бұзылуының 70%-ы әйелдің өзгелердің көз алдында ашық-шашық киініп, күйеуінің қызғанышы арқасында екен. Әйел адам мен ер адамның табиғаты екі бөлек. Халық арасында «Ер көзімен, әйел құлағымен жақсы көреді» деп бекер айтылмаса керек. Құранда «Бөтен ерлер бөтен әйелдерден көздерін сақтасын»  делінген. Қазіргі ғылым ер адамның көзінен шығатын сәуле яғни ер адамның көруі әйел адамдыкіндей емес екенін дәлелдеді. Ондағы көз сәулелері әйелдің жүзіндегі сүйкімділігінің кетуіне себеп болады екен. Қанша көп ер адамға көрінген әйел жүзіндегі ұяттылық, инабаттылық пердесінен айырылады. Ақыр соңында «Сұлу адам тартымсыз» болып қалады. Сондықтан да оған әуретін жауып жүру парыз етілді. Ұлы Жаратушы әйелді нәзік сұлу етіп жаратты. Әйелге қамқорлық көрсетуді бұйырып, мойнына үлкен жауапкершілік жүктемеді. Исламда ерлерге отбасын бағып-қағу және әйеліне қамқорлық көрсетіп оны қамтамасыз ету міндет. Бұл міндет әйелге жүктелмеді. Алайда әйелге отбасына көмектесемін десе өз еркі, оған да тыйым салынбады. Хадисте «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың» делінген. Егер олар неке қиятын болса исламда оған «мәһр» (неке қиярда әйел адамға берілетін мал-дүие) белгілеп қойды. Әйелдің сұраған мәһірін беру ер адамға парыз. Ер адам байып, мал-дүниесі жетіп жатса қажылыққа бару парыз. Егер бармаса діні толық емес. Алайда әйел адам қаншалықты бай болмасын, егер оның қасында махрамы  болмаса бару парыз саналмайды. Жұма намазын мешітке барып оқу, жаназа намазын оқу ерлер үшін парыз  саналады. Әйелдер үшін парыз емес. Осыдан-ақ әйелдерге берілген ұлы нығметті көре аламыз.

Ал енді исламда харам етілген, Құранда ашық баяндалған арақ-шарапқа тоқталсақ. Бұл ішімдіктен адамға келетін зиянды есептеп шығу өте қиын. Араққа үйір адамның отбасында бақытсыз, қызметте абыройсыз, ағайынға беделсіз болатыны белігілі. Дәрігерге жап-жас жігіттерді жетелеп алып келетін де осы маскүнемдік.

Бақара  сүресінің  219-аятында: «Олар сенен арақ және құмар турасында сұрайды. Сен айт: «оның екеуі де зор күнә. Аздаған пайдасы болуы мүмкін, бірақ, күнәсі пайдасынан әлде қайда ауыр»

Пайғамбарымыз Мұхаммед : «Iшімдік – барлық жамандықтың көзi» – деп ескерткен. (хадистi Ибн Аббастан имам Хаким және имам Байһақи риуаят еткен).

Сали бин Абдулла (р.а.) риуаяты: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғанан кейін Әбу Бәкір, Омар (р.а.) және бір топ адамдар отырып ең үлкен күнә жайлы әңгіме қозғайды. Олар ортақ ойға келмеген соң, Абдулла бин Амрден сұратты. Ол: «Ең үлкен күнә арақ ішу», – деді. Өйткені, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамға жаза ретінде: арақ ішуді, өлім жазасын, зина жасауды немесе доңыз етін жеуді таңдауға бұйырады. Бас тартса, өлім күтіп тұр. Ол арақ ішуді таңдап, ақыры арақ барлық қылмысты істеуге итермелеген» (Муслим).

Оның кейбір зияны: белсіздікке алып келеді, бүйрегі мен бауыры, жүрегі мен жүйке жүйесі, көптеген ауруға шалдығады. Көрсеқызар болып ұяттылық, инабаттылықты ұмытады. Үнемі ішкілікте жүрген ер адамның дене бітімі әйел адамның дене бітіміне ұқсас келеді. Медицина саласында зияны әлі күнге дейін анықталып айтылып жатқан және қоғам дертіне айналған  ішімдік.  Атақты  дәрiгер Альфина Дебруч iшiмдiктiң зияндылығын зерттей келiп: «Iшкiлiктi көп пайдаланатын халықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмендейдi. Себебi, дүниеге спирттiң әсерiнен әлсiз ұрпақ келедi. Iшкiлiк себебiнен қылмыстың саны көбейедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет» дейді.

Америкалық академик Жулиус Херш көп жыл арақтан арылу мәселесін зерттей отырып, маскүнемдiкке қатысты жазылған еңбегiнде: «Мұхаммед Құран арқылы арақты шектеп және ғасырлар бойы адамзаттың бір тобын арақтың зардабынан қорғай бiлді. ХХ ғасырда өркендеген Америка әртүрлi ұрандар көтеріп және ғылыми конференциялар ұйымдастырып ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады» деп ашық мойындайды. Осының барлығы арақтың «харам» болу үшін жеткілікті дәлел деп ойлаймын.

Сарыағаш медресе колледжінің ұстазы

Аюпова Феруза Садыққызы

Related Post

Мас көршіМас көрші

Имам Азам хазретінің бір көршісі бар еді. Үйлері тиіп тұратын. Әр күні түнде үйіне ішіп келіп, таңға дейін ән айтып, саз шалып, шулап имам Азам хазреттерінің мазасын қашыратын. Имам Азам

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫСАЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ

Колледж студенттеріне «Салауатты өмір салтын» насихаттау мақсатында, Саманов Шәкір Ешан атындағы спорт кешенінде I-курс студенттері арасында үстел теннисінен спорттық сайыс болып өтті. Қазіргі таңда үстел теннисі студенттер мен жасөспірімдер арасында