ҚМДБ: «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздің имам-молдалары мен дінтанушы-ғалымдары үшін 2014 жыл – «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады.

Мүфти-хазреттің мешіт имамдарына жолдаған Үндеуінде дініміз бен дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аударылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта төмендегідей іс-шаралар мен игі жобаларды жүзеге асыратын болады:

1.    Тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, дініміз бен ділімізді жаңғырту;

2.    Исламмен бітеқайнасқан салтымызды насихаттау;

3.    Жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыру;

4.    Имандылықты жырлаған қазақтың ақын-жазушылары, жыраулары, би-шешендері мен қайраткерлерінің тұлғалық қасиеті мен баға жетпес бай мұрасын насихаттау;

5.    Жамағатқа шариғаттағы әдет-ғұрыптың орны мен рөлін түсіндіру;

6.    Жамағатты салт-дәстүрді құрметтеуге, қастерлеуге үгіттеу;

7.    Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

«Осы бағытта конференциялар мен кездесулер ұйымдастыруды, арнайы уағыз-насихат жүргізуді, кітапшалар шығаруды, телерадио жобаларын жүзеге асыруды тапсырамын», – делінген Ержан қажы Малғажыұлының имамдарға жолдаған Үндеуінде.

Айта кеткен абзал, жуырда Бас мүфтидің бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жамағатқа жол жартты. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған, әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішев қостаған ұлтымыздың қос қанатты іспеттес – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттайтын тұңғыш туынды зиялы қауым өкілдерінің қызу қолдауына ие болды.

Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының екінші, үшінші томын шығару көзделіп отыр.

www.muftiyat.kz