С: Ислам дінінде ораза ұстаудың үкімі қалай?

Ж: Исламда  әрбір балиғат жасына жеткен мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз.Алла тағала мұсылманға қарата қасиетті Құранда: «Ей, иман еткендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183- аят), — деп жазылған. Рамазаннан басқа айларда  ораза ұстау нәпіл оразаға есептеледі. Нәпіл ораза ұстау басқа ғибадаттағы нәпілдер сияқты сауабы мол амалдар қатарына жатады. Ал, нәзір (аталған) оразаны ұстау уәжіп саналады.

С: Ораза сөзінің сөздік және шариғи мағынасы қалай?

Ж: Сөздікте – тыйылу, ал шариғатта – мұсылманның шын ниетпен таң атқаннан, күн батқанға дейін ішіп – жеуден бас тартып ауызды бекіту және шаһуатты сезімдерден өзін тыю деп түсініледі.

С: Мұсылмандардың ішінде рамазан оразасын ұстамауға рұқсат берілгендер бар ма?

Ж: Иә. Намазын қасыр оқитын жолаушыға және кеселі үдеп кетеді деп ораза  ұстаудан  қауіптенген сырқат мұсылманға шариғатта ораза ұстамауға рұқсат беріледі. Алайда ораза сапардағы жолаушыға қиындық тудырмаса ұстағаны жақсы.

С: Ораза  ұстамай жүрген жолаушы сапарда, ал сырқат төсек үстінде бақилыққа жүріп кетсе, кейіндеу мүмкіндігі келгенде ұстайтын оразасы мойындарында қала ма?

Ж: Жоқ.

С: Сырқат ауруынан айықса, жолаушы сапарынан оралса, қаза ораза ұстауы уәжіп пе?

Ж: Иә, ораза қазасы – уәжіп.

С: Бұл екеуінен басқаға да рамазан оразасын ұстамауға рұқсат берілгендер бар ма?

Ж:  Бұлардан басқа жүкті немесе қолында емізулі баласы бар әйелге де шариғат ораза ұстамауға рұқсат берген. Кейіндеу бұлар да ораза қазасын ұстайды.

С: Ораза ұстауына тыйым салынған әйелдер бар ма?

Ж: Иә, хайыз және нифас етеккірі келген әйелге ораза ұстауға болмайды.

С: Бұл екеуі кейіндеу ораза қазасын ұстай ма?

Ж: Иә, міндетті түрде.

С: Парыз оразаны белгілі бір себепке байланысты ұстай алмағаны үшін ораза қазасының орнына фидиа беретіндер бар ма?

Ж: Ораза ұстай алмайтын әлжуаз қарттарға рамазан айын оразасыз өткізуге болады. Олардың ораза орнына фидиа берген жөн.

С: Әлжуаз қарттар тобына кімдер жатады?

Ж: Олар рамазанда, одан кейін де, яғни өмірінің соңына дейін ораза ұстауға шамасы келмей қалған, денсаулығынан айырылған адамдар.

С: Фидиа дегеніміз не?

Ж: Басқа  ғибадаттардың  каффаратында (өтеуінде) бөтенді тамақпен тойдырғаны сияқты рамазан айының әр күні үшін бір міскінге тамақ беріп  тойдыруды фидиа дейді.

С: Біреу сапарға шыққандықтан немесе сырқат болғандықтан ораза ұстамаса, кейіндеу мүмкіндігі туғанда да ораза қазасын ұстамаса, кенет оған өлім сәті жетсе, не істеуі керек?

Ж: Мұндай жағдайдағы адам Аллаға «истиғфар» айтып, тәубе етуі керек. Ол әр бір ұсталмаған ораза күні үшін бір міскінге фидиа, яғни жарты «саа» бидай немесе бір «саа» арпа немесе құрманы фидиа ретінде беруді соңында қалатын адамға өсиет етуі керек.

С: Егер рамазан айында жас бала балиғат жасына жетсе немесе біреу ислам дінін қабылдаса, не істеу керек?

Ж: Олар рамазанның қалған күнін оразамен өткізуі тиіс.

С: Олар ұстай алмаған күндерінің қаза оразасын ұстауға бұйырала ма?

Ж: Жоқ.

С: Рамазан оразасын ұстап жүрген адам есінен танса не істейді?

Ж: Рамазан айында есінен танып түскен адам сол күннің оразасын ұстамайды. Өйткені ораза ниетпен ұсталған еді. Ал естен тану бірнеше күнге созылса, кейін талып түскен күннен басқа күндерінің қазасын өтейді.

С: Жынды адам рамазан айында өзіне келіп сауықса қайтеді?

Ж: Өзіне – өзі келген күнінен ораза ұстап, оған дейінгі күндерді қаза етеді.

С: Түс мезгілінде ораза ұстамаған жолаушы еліне оралса, әйел етеккірден пәктенсе, яғни тазарса, олар сол күннің қалған бөлігін қалай өткізеді?

Ж: Рамазан айының  құрметі үшін күндіз ішіп – жеуден, жыныстық қатынастан өзін тия тұрады.

Related Post

Өзбекстанның имамдары Сарыағаш медресе колледжінің студенттерімен кездестіӨзбекстанның имамдары Сарыағаш медресе колледжінің студенттерімен кездесті

Бауырлас елдің имамдары Сарыағашқа табан тіреген бойда, алдымен медресе колледжге ат басын бұрды. Шəкірттермен жүздесіп, дін турасында сұхбаттасты. Колледж ғимаратын аралап көрді. Мешіт құрылысымен де танысты.