Нажмите "Enter", чтобы перейти к контенту

Білім мен тәрбие егіз ұғым

Оқу мен тәрбие — егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» десе, ал В.Белинский: «Бала тәрбиесіне ерекше мән  берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі», — деп білгірлікпен дөп басып айтқан.

Бала тәрбиесі — өте күрделі процесс. Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Ойлап қарасақ, тәрбие баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанға дейін тәні мен жанына төрт – бес арнамен құйылады.

«Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», — дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі — қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деп М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр. Әлеуметтік жағдайлардың өзгеріске ұшырауы білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарын тоқырауға әкелді. Қазіргі кезеңде тәрбиеге және тәрбие жұмыстарына деген жаңаша көзқарас қалыптасуда, олардың ізгілік мәні тереңірек ашылуда. Тәрбие даму ретінде қарастырылады, яғни ол педагогикалық қарым-қатынаста адамдық сапаларды сақтау және қалпына келтіру.

Тәрбие жұмысы — педагогтардың нақты міндеті, яғни шәкірт тұлғасын сомдау мәселесін саналы түрде шешуге бағытталған үйлесімді іс-әрекеті.

Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала — тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», — деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат — өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Халықтың болашағы — ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты — жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиенің қалыптасуы – ұстаз, бала, ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын. Демек, бұлар береке–бірлікпен жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын темір тәртіпке бас игенде ғана іс оң нәтиже таппақ. Бұл ұлдың еркіндігіне, қыздың шіркіндігіне қойылытын жоғары талап. Сондықтан да осы үш негіз бірлесе отырып жұмыс жасаса өкінбейтініміз анық.

Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң  жобасында «Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.

Қазіргі таңда тәрбиенің теориясымен практикасының  өзекті мәселелерінің бірі – білім-тәрбие жүйесінің мақсатын белгілей білу. Мәселен, «мен  оқушыларымның бойынан қандай қасиеттерді көргім келеді немесе болашақта қандай азамат болып өссе екен деп ойлаймын», осындай сауалдарға  жауап іздеу барысында оқушыларға тәлім – тәрбие берудегі басты – басты мақсаттарды анықтап алуға болады. Жаңа заман адамдарын тәрбиелеуде ұстаз қауымына өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Ал ұстаздардың осы талап тұрғысынан табылуы, олардың адам тәрбиесіне өнер деп қарап, үнемі шығармашылықпен іздене жүргізуіне, мектеп басшыларының күнделікті бақылау басшылығына, әр ұстаздың бойындағы жақсы қасиетті, өнегелі істі танып көре білуіне, оны үлгі-өнеге етуіне байланысты демекпін.

Егеменді еліміздің ертеңі өткен тарихымызбен тығыз сабақтасып келеді. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей», — деп Ы. Алтынсарин айтқандай, халқымыздың сан ғасырлық тарихынан өзек тартатын рухани мұрасын ұрпақ бойына сіңіргенде ғана еліміздің жұлдызы жанып, әлемдік мәдениетке ұмтылары айқын.

Ел басшысынан бастап даладағы еңбекшіге дейін мектеп босағасынан өтіп, тәрбие алып шығатыны белгілі.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ – жастардікі, тәуелсіз Қазақстанның тірегі — бүгінгі мектеп партасында отырғандар», — деп үнемі еске салып отыруы жас жеткіншектер арасындағы тәрбие жұмыстарын жоғары деңгейге көтеруге меңзейді. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін саналарына сіңірген ұлтжанды жастар ғана Елбасымыз айтқандай, еліміздің ертеңі, мектебіміздің, отбасымыздың тірегі бола алады.

Будьте первым, кто оставит комментарий!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *