Нажмите "Enter", чтобы перейти к контенту

Баланың басты ұстазы — ата-анасы

Перзент сүю – адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан ең бір хикметті құбылыс, әр ата-ананың жан қалауы. Өйткені, бала − өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Құдай тағаланың берген сыйы мен аманаты. Шындығында, баланың шыр етіп өмірге келуі − зор қуаныш. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қараған. Бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Иә, жаңа туылған сәби тап-таза, ақ парақ секілді. Оған не жазылатыны, қалай жазылатыны ата-анасына байланысты. Сол себепті ұрпақ тәрбиесі − қай кезде де ең өзекті тақырып. Ал бала  тәрбиесінде – отбасы  ең  үлкен  мықты  тәрбие  ошағы. Баланың  адамдық  қасиеттері  мен  әдептілігі,  оның  болашақта қандай  адам  болуы  — өзі  туылған  отбасында  алған  тәлім-тәрбиесі  мен ондағы  қарым-қатынасқа  байланысты. Өйткені  ата-ана – басты  ұстаз. Баланың  заманына  лайық  азамат  болып  өсуі – алдымен  ананың  ақ  сүтімен,  абзал  тәрбиесінің  жемісі. Отбасын  ата-ана  және  бала  құрайды. Оның  кез келген  мүшесі  бақытты  да  төрт  құбыласы   тең  болуды  қалайды. Әрбір  ананың  ойлайтыны  баласының  бақыты.  Ал  бақытты  бала  қандай  болуы  керек? — деген  сұрақтың  жауабын кімде-кім  болса  да  іздейді. Мен  өз  өмірімде  түрлі жағдайларды  кездестіріп  көрдім.  Бір жағынан  өзім ұстаз  болғандықтан  да  болар. Қазір егемен  елімізде бейбіт  өмір  орнап  тұр. Алайда  бейбіт  өмірде де қиындық  жоқ  деуге  болмайды. Басқа  түскен әрбір  күйзеліс  кезеңінде өз-өзіне  сенімді, белсенді  адам  ғана, өмірдің  сол  қараңғы  түнегінен, жарықтың  саңылауын  көре  біледі. Халық  арасында бала  бақытты  болуы  үшін оған  барлық  жағдай  жасалуы  керек  деген   ұғым  бар. «Біреу  тойып  секіреді,  біреу  тоңып  секіреді »- деп ертеден-ақ адамдар  арасындағы  айырмашылық  ажыратылып  отырған. Баладағы  тәрбиенің іргетасын  қалайтын  ол – отбасы.      «Ұяда  не  көрсе, ұшқанда  соны  іледі » — деген  сөз  бекер  айтылмаса  керек. Бала  тәрбиесі – ол  үлкен  бір  ғылым. Ол  дегеніміз — байлық  пен  барлық  қана  емес, балаға  рухани  байлық  керек. Жақсы мен  жаманды  ажырата  білгені  дұрыс. Өмірдің  мәні  тек  ақша  мен  байлық  деген ойдан  баланы  аулақ салу  қажет. Демек, бала  мен  ата-ана  арасында  өте  тығыз байланыс  жүру  керек. «Қызым  үйде, қылығы  түзде »- деп бекер  айтылмаса  керек. Бұл  сөз  тек  қыздарға  қатысты  деуге  болмайды. Кез-келген  бала өз отбасында, ата-ананың  көз  алдында жүріп көрсете  алмайтын  мінез-құлықтарын  басқа  қоғамда  көрсетеді. Өзгеге  әлім жеттік  көрсету, үлкенге  қарсы  келіп  сөз  қайтару сияқты  үйде  көрсетпейтін  мінездерді  далаға  шыққанда  көрсетіп  жатады. Мұның  бәрін де  ата-ана үйретеді  деуге  болмайды. Бірақ  бұл да тәрбиеден  кеткен  қателік  деуге  болады. Ата-ана балабақшамен, мектеппен  тығыз  байланыста  болуы  керек. Ана- ол  өте  терең  ұғым. Ана  болу  ол  тек  дүниеге баланы  әкелу  ғана  емес, ол  бала  тауқыметін  налымай  көтеріп, балаға саналы  тәрбие  беру. Баланы  дүниеге әкеліп,  оны  анасыз  баладан  да қиын  өмір  азабына  салатын  болса,  ондай  адамды  ана  деуге  болмайды. Ол  тек  көп  әйелдің  бірі  ғана. Әр  баланың  анадан  күтері  көп. Ең  бірінші  сәби  анадан  мейірім,  жылылық  күтсе,  есейе  келе  ана  тарапынан  марапат,  өмірде  кездескен  әр  сұрағына  жауап  күтеді. Алла Тағаланың  адамның  жауапкершілігіндегі  болған  барлық  іс  үшін  қияметте  есеп  алатыны  ақиқат. Міне, сол  жауапкершіліктердің  бірі – оның  бала-шағасы. Егер  олар  жақсы  болса,  адамға  бұл  дүниеде  және  ақыретте  бақыт  әкеледі. Ал  оларға  лайықты  дәрежеде  тәрбие  бере  алмаса, адамның  екі  дүниесіне де  кері  әсерін  тигізбек. Қазақта: «Ұл  мен  қызың  жақсы  болса,  жердің  үсті  жақсы,  ұл  мен  қызың  жаман  болса  жердің  асты  жақсы» деп  айтылатын  сөздің  сыры  осында  жатса керек. Олай  болса, бала  тәрбиесіне  мән  берудің  маңызы  өте  зор. Бұған  қатысты  дінімізде  мынадай  әдептер  бар:

Балаға  тәрбие  беретін  салиқалы  жар  таңдау.

«Әйел  іздеме, ана  ізде» — демекші, адам  баласы  өзінің  екінші  сыңарын  таңдайтын  кезде  ол  адам  ертең  бала-шағасының  тәрбиешісі  болатынын  да  естен  шығармауы  керек. Өйткені  шариғатымызда  ер  адам  отбасының  нәпақасына  жауапты  болса, ал  әйел  адам  бала-шағасының  тәрбиешісі  саналады.

Алла Тағаланы  таныту.

Адам  баласы  ең  алдымен  өз  жаратушысын  тануы  қажет. Ата-анасы  балаларына  кішкентайынан  Алланың  бар  екенін, оның  барлық  нәрсені  көріп, бақылап  тұратынын, т.б. бала  санасына  ұғынықты  дәрежеде  үйретуі  қажет.  Бұл  нәрселер  баланың  бойына  кішкентайынан  сіңгені  жөн.

Жеті  жасында  намаз  үйрету.

Намаз – Алла  Тағаланың  алдындағы   ең  үлкен міндеттеріміздің  бірі. Мұсылман адам  өз  отбасы  үшін  Алла  Тағала  алдында  жауапты. Құранда  Жаратушы  Иеміз: «Әй  мүміндер! Өздеріңді, әрі  үй-іштеріңді  отыны  адамдар  мен  тастардан  болған  оттан  қорғаңдар», — деген. Сол  үшін  де  ата-анасы  балаларын  кішкентайынан  бастап, осы  ғибадатқа  баулуы  қажет.

Еркелету  мен  ойнату.

Пайғамбарымыз с.а.у.  өзі  балаларды  ерекше  жақсы  көрген. Оларды  еркелетіп,  көтеріп  алып,  иіскеп  сүйетін,  тіпті  олармен  ойнайтын  да  кездері  болған. Сондықтан  да  ата-ана  баланы  тәрбиелеу  мақсатында  әрдайым  оларға  зекіп  сөйлеуі  немесе  тек   қаттылық  қана  танытуы  дұрыс  емес.

Діни  және дүнияуи  білімдерді  үйрету.

Бұл да – ата-ананың  бала-шағасы  алдындағы ең  үлкен  міндеттерінің  бірі  болып  саналады. Өйткені  дініміз  Ислам – ғылым  мен  білімнің  діні. Әрі  ілім  іздеуде  әрбір  мұсылманның  парызы  болып  табылады.

Оларға  үлгі   көрсету.

Бала  санасын  еш  нәрсе  жазылмаған  ақ  қағазға  ұқсатуға  болады. Ал оған  не  нәрсені  жазу – ата-ананың  қолында. «Шешеге  қарап  қыз өсер, атаға  қарап  ұл өсер» демекші, бала  болса  оны ата-анасының  жүріс  тұрысына,  сөйлеген  сөзіне, қандай  үлгі  көрсететініне  қарап  жазады. Сондықтан да әке-шешесі  баласын қандай  да  бір  жақсылыққа  бұйырса  немесе  бір  жаман  істен  тыятын  болса, алдымен  өзі  үлгі  бола  білуі  керек.

Оларға  қарғыс  айтпау.

Кейбір ата-ана  әлдебір  іске риза  болмағанда,  оларды  «жетпегір,  есің  ауысқыр,  қараң  қалғыр,  желкең  үзілгір», т.б.  деген  сөздермен  қарғап-сілеп  жататыны рас. Бірақ  Пайғамбарымыз с.а.у.  бұл  нәрсеге  тыйым  салғанын  көп  адамдар  ескере  бермесе  керек. Хадисте: «Өздеріңе қарғыс айтпаңдар, өздеріңнің  балаларыңа қарғыс  айтпаңдар  және малдарыңа  қарғыс  айтпаңдар. Өйткені  ол  Алла  сұрағаны  берілетін  уақытқа  сай айтып  қалуы мүмкін, сонда  олардың  дұғасы  қабыл  етеді». Демек  біздің  қарғыстарымыз  Алла  құзырында  дұға  қабыл  болатын  арнайы  уақыттарға  сай  айтылып  қалса,  біздің  ол  тілектеріміз қабыл  болады. Сонда  біздің  балаларымыздан  не  қайыр  болмақ. Сол  үшін  де ашуланғанның  өзінде  балаларымызға  «Алла  тура  жолға  салғыр, жолың  болғыр,  аман  болғыр» деген  сияқты жақсы  сөздерді  айтып  үйренуіміз  керек.

Оларға  тең  қарау.

Бұл  дегеніміз – нәпақа  жұмсауда,  қарым — қатынас  жасағанда  олардың  арасын  бөлмей, бәріне бірдей  тең  қарау. Ал  оларға  деген  теңдік  болмаса,  бұл  олардың  арасында қызғаныштық, өшпенділіктің  оянуына  әкеп  соғуы  әбден  мүмкін. Бір  кісі Пайғамбарымызға с.а.у. бір  баласына қандай да  бір  затты  беріп, ал екіншісіне  бермегенін  айтқанда, пайғамбарымыз с.а.у: «Алладан  қорқыңдар  және  балаларыңның  арасында  әділ  болыңдар » — деп  айтқан.

Біз  аналар  баланың  ойлағанынан да жоғары  деңгейде  ойлауға  тырысуымыз керек. Сонда ғана бала  қиялындағы  ғажайып  данышпан  ана  бола  аламыз. Бала тәрбиесіне  көбірек  назар  аударайық. Бала – біздің  болашағымыз, еліміздің  ертеңі. Білімді, саналы, иманды, қабілетті  ұрпақ  тәрбиелеу  —  біздің  қолымызда. Бала  бақыты  – өміршең  ата-ана. Баланы  бақытқа  бөлейтін ол – ана  мейірімі  мен  әкенің  қатқыл  қабағы.

Сарыағаш медресе  колледжінің  ұстазы: Ерматова Дилфуза.

Будьте первым, кто оставит комментарий!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *