Автор: Джанабаева Арайлым Абдрахмановна
Аннотация: Мақалада имам Абу Мансур әл Матуридидің «таухид кітабы» бойынша ғаламды жаратқан Жаратушы жалғыз яғни Дара екенідігін сокральды мәтіндер (нақыли) әрі рационалисттік (ақыли) тұрғыдан дәлелдейтін боламыз.
Тірек сөздер: Сокральды мәтіндер, рационализм, агностик, аполагет, эмперикалық, канон … т.б
Әбу Мансур Мұхаммед бин Мұхаммед бин Махмұт әл Матуриди қазіргі Өзбекстан Респубикасы Самарқанд қаласы «Матурид» кентінде дүниеге келген. Сол себепті имам Матуриди немесе имам Самарқанди деп те аталады. Имам Матуриди ислам аполагеті әрі теологиялық канонды «таухид кітабының» авторы. Ислам догмасын жүйелеп, классификациялаған кәләм ілімінің классикалық имамы.
Оның ізбасарлары имам Матуридиді «имам әл Һуда», яғни тура жолдың көсемі деп, әрі «алам әл һуда», яғни тура жолдың байрағы деп баға беріп құрметтеп атаған.
Оның жазған кітаптары исламның доктриналық еңбегі болып табылады. Рационализмді шариғат шеңберінде пайдалана отырып, аллегориялық (тауил) яғни «жорамал» тәсілімен исламдағы сокральды мәтіндерді интерпретациялауда муташабиһ хабарларды дүйім жұртқа жеңіл әрі түсінікті түрде жеткізген. Әлбетте имам Матуридідің негізгі мақсаты таухидті адамдарға жеткізумен қатар сол заманның адасқан ағымдары, басқа дін өкілдері, атеисттерге, агностиктерге, гностиктерге, философтарға және антропоморфисттерге жауап беру болған. Сол себепті имам Матуриди кітаптары эмперика (тәжірибе) тұрғысынан теологиялық әмбебап еңбек болып табылады.
Имам Матуриди ғаламды Жаратушы жалғыз дара екеніндігіне қатысты былай дейді: «нақыл, ақыл және ғаламның жаратылыс ерекшеліктері ғалам жаратушысы бір және көп еместігіне куәлік етеді» деген екен. Ендеше сол сөздерін талқылайық.
A) Нақыли дәлел – Әр түрлі адамдардың бір Тәңір сенімінде бірлесуі. Негізі ойлап қарасақ, көп құдайлық сенімде жүрген адамдарда бір жағынан алғанда құдайдың бір екенін мойындайды. Яғни көп құдайдың ішінде ерекше үстем бір құдай болады. Мысалы индуизм дінінде ең жоғарғы құдай ол брахман болып табылады. Одан тарағандар тримутри құдайлары. Осы тұрғыдан алып қарасақ индуисттер бір құдайға сенуші. Бұл дегеніміз тіпті көп құдайлық образдағы діндерде құдайдың бір екендігін сипаттайды. «Уахид» яғни бір сөзін цифрлық тұрғыдан алар болсақ, ол шексіздік құбылысына ие. Ендеше бір, екі, үш бола алған құдай одан да көп болмауына не кепіл? Яғни, сан тұрғысынан алғанда бұл ақылға қонымсыз нәрсе. Сол себепті де Алланы біреу емес көп деу ол қате пікір әрі дұрыс болмайды. Алла тағала бір әрі жалғыз.
Негізінде таухид өкілдері Алладан басқа да бір болмысты ешқашан құдайлық дәрежеге көтермеген. Ешбір нәрсе өзінің болмыстық кейпінен асып шығып кереметтер мен муғжизалар көрсетпеген.
Ә) Ақыли дәлелі. Егер жаратушы бір уақытта көп болғанда, әлемнің пайда болуы тек олардың араларындағы өзара келісім шарттары боцынша іске асар еді. Олай болса, Жаратушы болудың еш маңызы болмас еді. Басқаша айтқанда, өзіне улухийат атрибутын теленген құдай оңды бір іс қылғысы келгені үшін, басқа құдайдан рұқсат сұрап не оның қалап қаламағанын күту секілді келеңсіздіктер орын алары сөзсіз.
Бірі бар қылғысы келгенін екіншісі жоқ қылғысы келері сөзсіз болғанындай, құдайлардың көп болуы мүлде қисынсыз. Тіпті патшалық құрып, ел басқарған патшаның өзі де хандық билігінің сақталып қалуы үшін басқа да қарсыластарын сахнадан жояры анық. Бұл жайында Алла тағала қасиетті Құранда: «Уа Мұхаммед, егер ол мүшріктердің айтқанындай басқа да құдайлар бар болса, олар сөзсіз Аршқа иелік етудің жолын қарастырар еді», — деген.
Сонымен қатар Алладан басқа Тәңір бар болса, өзінің үстемдігін дәлелдеу мақсатында сол сәтте сөзі мен әрекеттерін міндетті түрде көрсетер еді. Осылайша ол Аллаһтан басқа да тәңір бар екенін дәлелдеген болар еді. Жағдайдың бұлай болмауы улухийаты арқылы Аллаһ Бір екені, ал рубубийасы арқылы Жалғыз екені анықталары сөзсіз. Қасиетті Құранда Аллаһ: «Оған тең келер басқа да құдай жоқ, олай болғанда олардың барлығы өз жаратқандарына билік ету үшін һәм бір бірлеріне үстемдік етуге тырысар еді», — деген. Сосын тағы бір аятында: «Сонда сендер Оны былай қойып, өздеріне пайда келтіре алмайтын, тіпті өз бастарына төнген бәлекеттерден де қорғай алмайтын бірқатар қамқор әрі дос тауып алдыңдар ма?», — дейді.
Сондықтан тәңірлер арасында келісім не мәмілеге келу жолы шарасыздыққа апарары анық. Егер Аллаһтан басқа тағы да тәңір бар болса, оның Алладан жасырын іс жасау не жасамауға құдіреті жетер не жетпес еді. Егер құдіреті жеткен болса, Аллаһтан басқа құдай да бір-бірінің алдында білімсіз болар еді. Өз кезегінде бұл «Раббы» сипатының жойылуы болып табылар еді. Егер екеуінің де құдіреті жетпесе, екеуі де шарасыз болғаны. Ал шарасыздық улухийат сипатына сай келмейді. Сондықтан тек бір Аллаһ қана құдіретті бола алады деген ұғым шығады. Міне сонымен тек Раббы ол — Аллаһ қана, ал қалғандары — Оның құлы. Сонымен қатар метафизиканы білу рубубийаға тән. Сондықтан Рубибийаға танымына ие болмағандар міндетті түрде Аллаһтың құлына айналады. Сосын екі тәңірдің бір-біріне кедергі келтіру секілді амалдары бар болса, онда ол құдайдың рубубийа сипатын жояды. Тек бір тәңірдің күшті құдіретті болу мүмкіндігі бар. Әлбетте ол ұлы Раббы — Аллаһ.
Б) Әлемнің жаратылыс ерекшелігімен Жаратушыны дәлелдейтініне келер болсақ, егер де бір уақытта тәңірлер көп болса, әлемнің басқару жүйесі бұзылып, жоқ болар еді. Мысалы айтар болсақ, табиғаттағы мезгіл ауысу құбылысы. Оның жүйелік реттілігі бұзылар еді. Ендеше ол бұзылмай бір реттілікпен жүріп тұрған болса, табиғаттың өзі-ақ Жаратушының жалғыз екенін көрсетеді.
Бұлардың барлығы бір орталыққа, бір формадағы билік жүйесіне бағынатынын байқау аса бір қиындық тудырмасы анық. Сәйкесінше Жаратушы бір әрі жалғыз. Осындай реттілік қоршаған ортада сақталмаса, хаос болары анық. Материяның тас талқаны шығып, бүкіл ғаламдық жүйе бұзылған болар еді.
Сол себепті де политеизм немесе пантеизмдік пікірлер әуелден дұрыс емес. Жаратушы бір әрі жалғыз екендігін осылайша қарапайым рационалисттік, логикалық, теологиялық тұрғыдан тіпті қарапайым ой тұрғысынан анықтауға әбден боларын анықтадық.
Сонымен қорытындылай келе, имам Матуриди нақыл, ақыл және материя тұрғысынан Алланың жалғыз екендідігін эмперикалық тұрғыдан дәлелдеп берді.
Пайдаланылған әдебитеттер:
Бүкіл әлемдік жастар конгресі, www.saaid.net
Aбу әл Уафа әл Қурайши, «әл жауаһир мудиия» 130бб.
Имам Баздауи, усул ад дин
Әбу Мансур әл Матуриди, Таухид кітабы 60бб.
«Исра» сүресі 17.42
«Муминун» сүресі, 23.91
«Рағыд» сүресі, 13.16.
Әбу Мансур әл Матуриди, Таухид кітабы 61бб.