Алғыс айту – халықтың жан ділі психологиясының қуатты болмысын дәлелдейтін, ризалық сезімін білдіретін бата-тілек дәстүрі. Белгілі әдебиеттанушы, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» – деген еді.

Қазақ халқы – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Кез келген мұңайып тұрған адам бұл сөзді ести сала, көңілі жібиді, жадырап шыға келеді.

Кең пейілді қазақ халқы қашан да алғыс айтудан қашпаған. Халық арасында «алғыс – бата» деген ұғым бар. Көпті көрген ақсақалдар жастарға алғысын білдіріп, жасаған іс-әрекеттеріне көңілі толып, «Қолыңды жай, балам, батамды берейін, алғысымды білдірейін» деген. Бұл – үлкен тәрбие. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Бұл – алдымен әдептіліктің белгісі. Жақындарыңызға, айналаңызға ризашылық білдірудің тиімді әдісі.