Жалпы талас-тартыстар екі түрлі болады:

  1. Түрленудегі талас-тартыс. Бұл түрленуден туындаған қарама-қайшылық.
  2. Қарама-қайшылықтағы талас-тартыс. Қарама-қайшылықтағы келіп шыққан талас-тартыс.

Енді алдымен түрдегі талас-тартысқа тоқталатын болсақ, бұл әлгі талас-тартысқа түскен сөз немесе ишара (нұсқау) әрбірі ақиқат және шариғатта бар болып табылады. Бұған мысал: Екі сахаба Құран кәрімнің оқылуында (қирағат) таласып қалып, Алла елшісінің (с.ғ.с) алдына келіп сұраған кезде: «Екеуіңдікі де дұрыс» деп жауап берген.

         Азан мен қаматтың айтылуындағы айырмашылық, истифтах (ашуды сұрау) дұғасы, сәһу сәждесін жасау уақыты, намазда отырыста оқылатын тәшаһһуд дұғасы, қауіп намазы, айт намазы мен жаназа намазының тәкбірлері секілді шариғатта орны бар, алайда түрлері әртүрлі болған нәрселер осы топқа жатады. Осыған ұқсас талас-тартыстарда тартысуға дінімізде тыйым салынған.

         Көп жағдайда осыған ұқсас талас-тартыстарда жамағат арасында қайшылық туындап, жаға жыртысуға дейін әкеп соққанына куәміз. Мысалы намаз бастарда айтылатын қаматтың сөздері жұп па немесе тақ етіп айтыла ма, «әмин» дауыстап айтылады ма әлде іштей ме деген секілді мәселелер. Ал бұлар негізі харам болған нәрселер.

         Осы түрдегі талас-тартыстарға анықтамалардың сөздері, дәлелдердің сиғалары (грамматикалық әртүрлілік), кейбір атаударды нақтылап атау және осыған ұқсастар. Білімсіздік немесе зұлымдық жасау салдарынан бір сөз немесе іс мақталып, екіншісі датталады. Нәтижеде екі тарап арасында талас-тартыс өршіп, соңы айқай-шумен аяқталып жатады.

         Ал екінші түрі – қарама-қайшылықтағы талас тартыс. Бұл таласта екі сөздің немесе істің бірі ақиқат болып, екіншісі жалған болады. Мұның аражігін ажырату біраз қиынға соғады.

         Қарама-қайшылықтағы талас-тартысқа Алла Тағаланың жалғыз екендігі турасындағы ихтилафты мысал келтіруге болады. Сол секілді қабір азабы бола ма, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) миғражы (көкке көтерілуі) денесімен бе әлде рухымен бе деген секілді тартыстарда осы топтан. Мұндай тартыстар кейде негізгі нәрседе, кейде қосымша нәрседе орын алуы мүмкін.

         Бірінші түрдегі тартыста тіпті ақиқат болса да, екінші тарапқа зұлымдық жасалған тарап қатты сөгіске ұшырайды. Егер араларында зұлымдық жасау көрініс таппаса, мұндай таласқа түскен екі тарапты да Құран Кәрім мақтаған.

         Шайқастардан бірінде мұсылмандар дұшпанға пана болып тұрған құрмаларды кесіп тастау немесе сол күйінде қалдыру жөнінде қарама-қайшылыққа түседі. Кейбірі кесіп, кейбірі кеспейді. Осы орайда кім дұрыс жасап, кім қателесті деген сұрақ туындайды. Сонда Алла Тағала:

«(Уа, мүміндер, соғыс жағдайында мәжбүрлікпен жауға тиесілі) қандай да бір құрма ағашын кескен болсаңдар да, яки кеспей-ақ өсіп тұрған күйінде қалдырсаңдар да, мұның бәрі Алланың рұқсатымен әрі тура жолдан тайған күнәһарларды жазалау үшін еді» (Хашр сүресі, 5-аят) деген аятты түсіреді.

Сол секілді Алла Тағала:

«Дәуіт пен Сүлеймен де жолбасшы көсемдер еді. (Есіңде ме,) кезінде екеуі түн ішінде бір қауымның бір отар қойы жайылып талқандап кеткен егінге қатысты үкім айтқан еді. Сонда Біз ол екеуінің шығарған үкіміне куә болдық. Сөйтіп, аталмыш мәселеге қатысты ең дұрыс үкімді аян беру арқылы Сүлейменге білдірдік» деп, Сүлейменді (а.с)  түсінікпен ерекшелеп, екеуін де үкім беру және іліммен сипаттап мақтау айтқан.

Бұған тағы бір мысал ретінде Пайғамбар (с.ғ.с) Бану Құрайзамен шайқас болатын күні асыр намазын өз уақытында оқығандарды да, Бану Құрайзаға жетіп барғанға дейін кешіктіргендерді де құптаған.

Алайда екінші түр – қарама-қайшылықтағы тартыста бір тарап мақталса, екінші тарап датталады. Құран кәрімде:

«Бірақ олар өзара алауыз болды, сөйтіп бір бөлігі иман келтірсе, енді бір бөлігі күпірлікке бой алдырды» (Бақара сүресі, 253-аят).

Басқа бір аятта:

«Мына (Алланы мойындайтын және Оны мойындамайтын) жұлдызы қарсы екі топ Раббылары жайлы таласып-тартысуда. Оны мойындамау немесе Оған өзгелерді серік етіп қосу арқылы күпірлік қылғандарға жалындаған оттан киім-кешек пішілген (тігілген). Олардың тас төбелерінен қайнаған су құйылады» (Хаж сүресі, 19-аят)

Мұсылмандардың көптеген тартыстары бірінші түрге қатысты. Мұсылман үмметінің арасында өз нәпсіне беріліп қан төгу, мал-мүлкін талан таражға салу, дұшпандық пен өзара дұшпандыққа алып баратын тартыстардың көбі бірінші түрге жатады. Өйткені тартысқан топтар бірі екіншісінің де ақиқат жолда екенін білмейді, ынсаптылық танытпайды. Бұл таластарын екінші түрдегі талас-тартыстан деп ойлайды.

Мұның себебі зұлымдық және шектен шығу. Алла Тағала:

«Һәм де олар өздеріне анық дәлелдер мен ақиқатты баяндайтын ап-айқын аяттар келгеннен кейін, араларындағы күншілдік пен бақталастық кесірінен (өзара таласып-тартысумен болды)» (Бақара сүресі, 213-аят)

Сарыағаш медресе колледжінің ұстазы: Кулжанов Темурбек