Әр ұлттың жүріп өткен жолы, қалыптасқан салт-дәстүрі және тамыры тереңге жайылған тарихы бар. Ізгілік пен ізеттіліктің, адамгершілік пен адамдықтың, имандылық пен ибалықтың қайнар бұлағы – дінмен біте қайнасқан тарих қашанда сәулелі болмақ. Кешегі көшпелі қазақтың мәдениетіне, әдебитіне, салт-дәстүріне, тіліне, ділі мен дініне қиянат жасалғанына көне тарих куә.  Кеңес кезінде «Құдайсыздар қоғамы» құрылғанымен, сол заманда ата-бабаларымыз талай зұлымдықты бастан кешкен. Сондай қиын қыстау заманда тағдыр тезіне төзіп, сабыр сақтап, сенімдеріне селкеу түсірген емес. Ары мен абыройын сақтап, салт-дәстүрді шариғатпен үйлестіріп, өзгеге үлгі боларлық өмір қалыптастырып, егеменді ел болуға үлестерін қосты. Еліміз еңсесін тіктеп, сансыз мұраларын түгендей бастаған уақытта арамызға нұрын шашып қайта оралған Исламның иісі елге қайта сіңе бастады. Сонау ерте заманнан қазақы дәтүрімізбен біте қайнасқан асыл дінімізден кеңінен мағлұмат беретін әдебиетіміз көбейіп, адам жанын ізгілікке тәрбиелейтін діни әдебиеттерді діннің діңгегіне сүйеу болам деген кез келген азаматтың қолынан кезіктіресіз. Адамгершілік тәрбиесі жан-жақты тәрбиенің аса маңызды бөлігі болуымен қатар, ол адамгершілік – қоғамдық дамудың жемісі, әрі қоғам өміріндегі өзгерістерге байланысты дамып жетіліп отыратын маңызды құбылыс.

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлы дін. Оның туы желбіреген жерде әруақытта білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. Шөліркеген даладай қуаңсып, суалған көлдей құлазыған мекендер мұсылманшылықтың аяқ басуымен көгалды шалғын, көк майсалы жерге айналды. Мұсылмандық Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің VIII ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста мұсылмандардың жеңісі бүкіл Орта Азиялық аймаққа Ислам дінінің ғана емес, сондай-ақ оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына Ислам өркениеті келіп, ғылым мен білім жанданды. Көптеген қалаларда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді  терең ойлы ғұламалар шықты.

 Руханияты бай кісінің мінезі көркем болып, ар-ұяты және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділік пен ізгілікке шақырады.

Рухани адамгершілік- дұрыс өмір сүру мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез- құлқы мен іс әрекетін анықтайды.

Рухани адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылық, қайырымдылық пен мейірімділік және ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаз бен ата-ананың болашағы зор болмақ. Ақан сері атамыз: «Мен үш қасиетімді мақтан тұтам» дейді. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым. Бұл заманда адмдардың бір біріне мейірімді  болуы аса қажетті-ақ. Бұл жайында Алла Тағала өзінің сүйікті елшісі  Мұхаммед ( оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жайлы Әл- Имран сүресінің 159- аятында. «(Ей, Мұхаммад!) Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынас көрсеттің. Егер сен дөрекі, жүрегің қатыгез болғанда, олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді» деп ерекше сипат берген. Қашанда адам баласы Алланың оған берген нығметтерін жиі еске алып, шүкіршілігін білдіріп, өзінің қауқарсыз бір Алланың құлы екендігін сезінгенде ғана, айналасындағы адамдарға деген мейірімі ерекше болатыны сөзссіз. Ал Ұлы жаратушысын есіне алуды ұмытып, оның нығметтеріне шүкіршілік етпейтін пендерелден әртүрлі надандықты күтуге болады. Қазіргі қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың көбейіуі, дәстүрлі дінімізді көпшілік отбасында насихатталмай жатқандығынан екендігі сөзсіз ақиқат. Кешегі ата-бабаларымыз қиын қыстау заманда өзінің діні мен ділін, салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа насихаттаудан жалықпаған. Сол ата-бабаларымыздың жасаған дұғалары мен ерліктерінің арқасында егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, ана тіліміз бен ата дінімізді сақталып қалдық.

Ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған барлық мұраларын көзіміздің қарашығындай сақтап қалу, әрбір өскелең ұрпаққа міндет болмақ. Біз болашағынан үміт күтетін жастарымыздың діңгегін дінмен, рухани тәрбиемен, имандылықпен қалыптастыратын болсақ, елдің еңсесі еселенетіні ақиқат. Өйткені аталарымыз жастарды әуелі ауыл молдаларынан тәлім алуға үндейтін. Қазақ халқының данасы хәкім Абай атамыз өзінің өлең жолдарында:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

 Баламды медресеге біл деп бердім,

 Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім деп жырлаған. Бұл өткенге құр өкіну емес, келешекте жастардың опық жеп қалмауы үшін білімі мен өнерін текке жұмсамай, жастық шағын бос өткізбей еңбектенуіне жөн сілтеу. Сондықтан жастарымыздың елімізге, дінімізге, салт-дәстүрімізге нұқсан келтірмеуі үшін рухани тәрбие мен діни сауаттылықтарын жетілдіру мақсатында медреселер мен діни оқу орындарының көбейгені қажет. Жастардың діни сауаттылығы қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орыны ерекше. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқанындай: «Саясат күнде өзгереді, ал, дін – мәңгілік». Бұдан ұғарымыз дін-кеше яки бүгін пайда болған ұғым емес. Ол сонау Пайғамбарлар заманынан келе жатқан сенім жүйесі. Жастардың діни сауаттылығын арттыруда әрине бірінші кезекте Ислам дінінен ақпарат беру маңызды. Өйткені қазіргідей қоғамда дінді дұрыс насихаттамаудың нәтижесінде, діннің ішкі-мазмұнына үңілместен дінді қаралайтын  кездеседі. Ислам діні адамзат баласын тазалыққа, білімге, талапты болуға шақыратын дін. Өйткені ақырзаман пайғамбары Мұхаммедке  (с.ғ.с.) түсірілген Құран Кәрімнің ең алғашқы әмірі «Оқы!» деп келуі – Ислам дінінің білім мен ғылымға қаншалықты көңіл аударғанын о бастан-ақ аңғартты. Ең сүйікті құлына  «Раббым ілімімді арттыр!», – деп дұға жасауды  үйретуімен қатар, «Білгендер мен білмегендер тең болады ма?», – деп білімнің артықшылығын тайға таңба басқандай нақты көрсетіп берді. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі деп ұлағатты  сөз айтқан. Бұл жағдаят адам мен қоғам және мемлекет дамуының маңызды қырлырын ашып көрсетеді. Сондықтан, мемлекеттің жастарды тәрбиелеуге, тәні сау және рухани бай жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше көңіл бөлуі қажетті дүние. Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыз алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата-аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісі адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатыны айтпаса да түсінікті.

Дүние таным негізі, адамның ақиқатқа деген көзқарасы балалық, жасөспірім және жастық шағында қалыптасады. Қазақ жастары үшін аға буын өкілдері – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ғибратты сөздері, мінез- құлқы мен даналығы тәрбиелік жағынан үлкен әсер еткен.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жас­тар форумында айтқан жолдауында: «Жастың қуаты – білімі мен білегінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мұра болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді сақтай білсек, еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрбір жас өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білуі керек», деген еді. Расында да, рухымызды қайта жаңғыртып, салт-санамызды саралап, өшкенімізді жағып, өткенімізді таныдық. Дамудың даңғыл жолына бет бұрып мемлекеттік қуатын нығайтқан еліміз тарихи жаңару жолында тың серпін алып, өз беделін қалыптастырды. Әлемнің дамыған озық елдерімен терезесін теңестіріп, олармен саяси-экономикалық, рухани-мәдени тығыз байланыс орнатты. Шартарапқа шарапатын тигізген қарусыз бейбіт өмір салтын ұстана отырып, еліміз кеңге қанат жайып келеді. Тәуелсіз еліміздің сәулеті мен дәулетін, өткені мен бүгінін, кемел келешегін ой елегінен өткізіп, жұмыр жердің бетінде жұдырықтай Қазақстан деген қуатты елдің бар екенін әлем мойындады. Осындай айтулы мақсаттарға жету жолында жаңа заманның тарихын қалыптастыратын қайсар да өр, білімді де білікті, жоғары мәдениетке ие, рухани дүниесі бай жастардың ор­ны бір төбе. Ұлт болашағы бүгінгі жас ұр­пақтың қолында. Сондықтан, жас­тары­мызды рухани тәрбиелеуде бәрі­міз табандылық танытуымыз қажет. Әрбір адам діни экстремизм мен терроризмнен хақ дінімізді дұрыс ажырата білгендері абзал. Ол үшін барша адам діни тұрғыдан сауатты болуы қажет. Сол кезде ғана, адасушылықтан бойымызды аулақ ұстап,  Ислам дініміздің хақ екендігіне көзімізді анық жеткіземіз.

Қазақтың ұлы ақыны Абай – рухани сауатын жоғары деңгейге жеткізген тұлға. Абай өзінің қара сөздерінде негізінен ақиқат турасында өзінің біліп түйгендерін халыққа жеткізуге асыққан. «Құранның іші толған игілік іс» деп ақын Ислам дінінің құндылықтарына, ондағы терең тәрбиеге бас иген. Әрі мұның қазаққа қажеттілігін жақсы түсінген. Ислам діні – адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыиюды, адамзатқа игілік пен адалдық жолында күресуді мұсылмандық борыш санайды.

 Сарыағаш медресе колледжі директорының

орынбасары Нуралы Қадырбекұлы Торебеков