Адам тіршілігінде әр нәрсенің өзіндік орны, маңызы, құндылығы болады. Сол сияқты адам өмірінде діннің алатын орны ерекше. Дін адам өмірі. Адамзаттың хақ діні ислам болса «ақида» оның түп негізі, бастамасы. Ақида сөздікте – байлау, түю дегенді білдіреді. Терминдік мағынасы Алланың бар екеніне, бір екеніне сену. Оның елшісі Мұхаммедке с.а.с куәлік  еткен адамды дұрыс сенімдегі адам деп атаймыз. Адам өмірі мен тұрмыс жайын, өмірге көзқарасын оның жүрегіндегі сенім белгілейді. Әр бір адам бір сенімге мұқтаж.  Кез келген қоғамның тұрмыс тіршілігін алып қарасақ та дінсіз болмағанын, өз мұқтаждықтары себепті белігілі бір дүниеге, белгілі бір күшке сенгендігін көреміз. Мысал ретінде үндістерді алсақ. Олардың танымы бойынша сиыр қасиетті, қадірлі жануар. Оны қорлауға, оған зәбір көрсетуге болмайды. Қастерлеп қадірлеуді міндет деп біледі. Өз өмірлерінде болып жатқан оқиғаларды қайғы-қасірет пен қуаныштарын қасиетті санаған сиырмен байланыстырады. Оған арнап атаған дүниелерін құрбан етіп, малдарын сарп етеді. Сол секілді қытайларда өз сенімдерін буддамен теңестіреді. Болып жатқан оқиғаның астарынан, түп негізінен сенген дүниелерін іздейді және оған табынады. Ислам діні бойынша, Аллаһтан өзге ешкім дін құра алмайды, құрғанымен Аллаһ құзырында ешқандай маңызы жоқ. Дегенмен тарихқа қарасақ, кейбір діндердің негізін қалаушы тұлғалардың бар екендігін көреміз. Мұндай діндерге «жасанды дін» деп баға береді. Өйткені Ұлы Жаратушының әмірімен келмегендіктен иләһи дін сипатын ала алмайды. Ал христиан, яһуди дін өкілдері ғибадаттарын өздерінше бөлек орындап өз сенімдері бойынша күн көреді. Бұл  Аллаһ тарпынан жіберілген дін болғанымен бұрмаланған, хақтығын жоғалтқан діндер. Себебі, христиандық пен яһудилік Аллаһ тарапынан Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұса пайғамбарға түсірілген діндер еді. Бірақ Хазіреті Иса мен Хазіреті Мұсаның дүниеден өтуінен кейін бұл діндер ақырындап бұрмалануға ұшырап, шынайылығын жоғалтты. Жоғарыда да тілге тиек еткеніміздей, ақида діннің негізгі сенімін құрайды. Аллаһ Тағала тарапынан жіберілген елшілердің уағыздау жүйесі де – алдымен бір  Жаратушыға, сонан соң ақырет күні мен пайғамбарларға  деген сенімнен тұрады. Осыдан-ақ, сенімнің қаншалықты маңызды екенін пайымдауға болады. Адамның өмірі мен тұрмыс-жайын, өмірге көзқарасы  мен әрекеттерін жүрегіндегі сенімі белгілейді. Сондықтан да шынайы, кіршікшіз бір сенімге ие болмай Аллаһтың разылығын алатын амалдарды жасау неғайбыл нәрсеге айналады. Кәпір, мүшрік және мунафықтардың істеген амалдарының Аллаһ құзырында ешқандай да маңызы болмайтындығының басты себебі де осында жатыр. Пенденің бұл пәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына (сенім жүйесіне) байланысты. Ақидасы дұрыс болса, пенде құлшылығының арқасында адал ниетінің жемісін көреді. Ал, ақидасы бұрыс болса, тура жолдан ауытқуына бірден-бір себеп болады. Адам әуелгіде иман етпестен,қанша амал, яки қайырлы іс жасағанымен  ақыретте сол амал-істерінің ешқандай пайдасы болмайды. Жүрегінде иман болмаған соң амалдың не қажеті бар? Егер жүрегінде иманы болып, сол иман арқылы амал етпесе, онда ол кісі, кәпір болмайды, тек күнәһар болады. Ақыретте сол күнәлары үшін жазаланып, соңында пейішке барады. Амалдан бұрын ақиданың маңыздылығына мына аятты келтіруге болады:

«(Мұхаммед (с.а.у.)) Сендерге амал тұрғысынан зиянға ұшырағандарды айтайын ба? – деп айт. Олар дүние өмірінде еңбектері, амалдары зая кеткендер. Олар жақсы іс істедік деп ойлайды. Негізінде олар Аллаһтың аяттарына әрі Раббыларына жолығуға сенбеген. Сондықтан олардың амалдары зая болады. Оларға қиямет күні еш мән бермейміз» (18. Кәһф, 103-105). Дұрыс сенім дұрыс өмір сүруге жетелейді. Дұрыс өмір сүру адамды мәнді, мағыналы, баянды, бақытты етеді деп нық сеніммен айта аламыз.

Ислам ақидасының асыл құндылығы Құран мен Сүннет. Яғни әр бір мұсылманның таным түсінігі, ғұмырлық ұстаным  қағидалары осы қайнар бұлақтың негізінде қалыптасады. Қос қайнар бұлақтан сусындаған кісі қашанда дұрыс жолда екені даусыз. Ислам ақидасы адамды Алланы пәктеуге оны жалғыз деп білуге шақырады. Ал Жаратушыны жалғыз деп оған ғана құлшылық ететін пенде одан басқаға құлшылық етпейді. Көп құдайшылыққа салынбай Жалғыз Алладан ғана медет сұрап, Оның бұйрықтарына ғана бой ұсынады. Қазақта «Құдайсызға бәрі құдай» деген  сөз бар. Яғни Алланы жалғыз деп білмеген жан одан басқа барлық нәрсенің құлына айналады. Ең бірінші Жаратушыны танымай адасса, екінші Оның жаратқандарының құлына айналып Ұлы Жаратушыны танымай көр соқыр өтеді.  Дүниеге беріліп жаратылыстың хикметтерін түсінбей керісінше олардың құлы болып өтеді. Бұл дүиненің өткінші, фәни екенін білген пенде қашанда бос нәрселерден аулақ болып өз жанын таза ұстап, мәңгілік бақытқа жетуді көздейді.

Орындаған Сарыағаш медресе

колледжінің арнайы пән ұстазы:

Ерматова Д.С