Еліміз егемен болып, атымыз шартарапқа танылып жатқан кезімізде еліміздің өткенін жаңғырту – əр азаматтың қасиетті борышы. Қазақ тарихында XX ғасырдың бас кезі – түрлі оқиғаларға, саяси өзгерістерге толы кезең. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мəселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси əлеуметтік сипаты жəне тарихта алатын орны. Осыдан сандаған жылдар бұрын қазақ ұлтын қараңғылықтан алып шығып, жарқын болашақтың жолын сілтеп, біліммен сусындатуда үлкен еңбек сіңіріп, кейінгі ұрпаққа өшпестей мұра қалдырған да осы Алаш азаматтары еді ғой. Олар Əлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, тағы да басқалар. Содан бері уақыт дегенің алға жылжып, арада бір ғасырдан асса да Алаштың біртуар қайталанбас дарындыларының кейінге қалдырып кеткен мол мұралары қазіргі жас ұрпақтар үшін таусылмас қазына. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының маңдайына алтын əріппен ойып тұрып жазылған, ұлтының жүрегінде ерекше орын алған, үлкен бір дəуірді басынан кешіріп, ұлт мүддесін қасық қаны қалғанша қорғап, кезіккен қиындыққа да қарамастан отаршылдыққа қарсы күресіп, қазақ ұлтының рухани-мəдени келбетінің заман құбылыстарына сай қалыптасуына өз үлесін қосқан жанашыр тұлға. Өз ұлтының бітім-болмысын жетік біліп, халқының басындағы жағдайды жүрекпен сезініп, заман құбылыстарын қалам ұшына іліктіріп, қоғамның беталысын шынайы бейнелеп, туған халқының азаттық жолындағы ұлттық мүдделерімен еңбектерін ұштастыра білді. Өз кезеңінде «Қазақтың Ахаңы» деген мəртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұланғайыр еңбегі əр саладан көрінеді. Мəселен, ол – ең бірінші, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Əліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың əлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, əдебиетін де зерттеген ғалым жəне халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға. Адамзат мəдениеті тарихында алфавит пен жазудың маңызы ерекше. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тəуелді болмай, əлеуметтік өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Əр халықтың рухани, мəдени өсуін, даму деңгейін көрсететін əлеуметтік мəні зор құбылыс ретінде жазу — өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мəдениетіміздің де өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мəдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың мəдени өміріне, əлеуметтік психологиясына əсер етеді. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауынан қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан алфавит пен жазу мəселесіне əлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн деп білеміз. Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазуының халықты тез əрі жаппай сауаттандыру жолында бірқатар кедергілері мен қиындықтары болды жəне араб əліпбиін пайдаланған күллі түркі халқы ортақ орфографиялық заңдылыққа бағынған болатын. Ал бұндай жазуды ұлттық деңгейге көтерудің ең басты тəсілі ретінде А.Байтұрсынұлы араб əліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сəйкес реформалау деп білді, осылайша ұзақ ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб графикасына өзгеріс енгізу идеясын алғаш көтеріп, оны іс жүзінде реформалады. Араб жазуын реформалауға түрткі болған ең басты себептер мыналар еді: бір дыбыс бірнеше əріптермен жазыла беретін, дауысты дыбыстар көп жағдайда таңбаланбай, араб тілінің заңдылығына сəйкес харакаттар арқылы берілетін, қазақ тіліндегі тоғыз дауыстыға үш таңба (а, у, и) ғана арналған болатын. Міне, осымен байланысты жазылған сөздің мағынасын ажыратуда қиындықтар мен кедергілер көп еді жəне дауыстыларды таңбалайтын əріптер жеткіліксіз болатын. Араб əліпбиіндегі осындай кемшіліктер халықты 12 сауаттандыру ісін тежеді. Бұл қиындықтарды шешудің жолын тауып, ұлттық əліпбиді құрастырған жəне ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралын жасап шыққан А.Байтұрсынұлы болды. Ахмет Байтұрсынұлы оқу жүйесіне де түбегейлі реформа жасады. Өйткені соған дейінгі оқыту жүйесі таза араб тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне негізделіп, құран сүрелерін жаттауға бағытталатын жəне жазба тіл араб, парсы, түркі тілдерінің грамматикалық ерекшеліктеріне сүйенетін. Қарапайым халықтың ұғынуына қиын тиетін бұл оқыту жүйесін ұлттық, жалпыхалықтық деңгейге көтеріп, «жаңа (жəдид) бағытта» дамытқан А.Байтұрсынұлы болды Сол кезеңде, яғни ХІХ ғасырдың соңынан бастап, Ахмет Байтұрсынов еңбек еткен алғашқы кезеңде, қазақ халқының өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы қолданып келген араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтыны, оның түркі тілдеріне жарамсыздығы мен кемшілік жақтары баспасөз беттерінде айтылып, қазақ жазуын жетілдіру керек деген мəселе көтеріле бастаған еді. Міне, осы көзқарастарды өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланған Н.И.Ильминский бастаған миссионерлер араб жазуының кемшіліктерін сынай отырып, қазақ жазуын бірден орыс графикасына көшіру идеясын уағыздай бастады. Н.И.Ильминскийдің пікірінше, алфавитті қай халық болса да, дінмен байланысты қабылдаған, мысалға, европа халықтары латын алфавитін – латын шіркеуі, орыстардың алфавиті –славян шіркеуі, ал мұсылман елдерінің араб жазуы ислам дінінің таралуымен байланысты қабылданған. Араб жазуы – мұсылман халықтарын ислам дінімен байланыстырушы үлкен құрал. Н.И.Ильминский 1883 жылы қазан қаласында басылып шыққан еңбегінде былай деп жазды: «Орыс мектептерінде тəрбиеленуші қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарағанмен, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавиті қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қазақ тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нəрсеге көмектесе алар еді». Міне, осындай пікірлерден-ақ, жазу мəселесін əлеуметтік саясат құралына айналдырып, халық тағдырын өз мақсаттарына қарай өзгертуді ойлаған проф. Н.И.Ильминскийдің миссионерлік саясатын анық байқауға болады. Осындай уағызға ерген кейбір қазақ оқығандары қазақтың ескі жазба тілін «татаршина», «арабшина» деп жағымсыз қылып көрсетуге қосылып кетті. Ал бұл көзқарастардың əлеуметтік саяси астарын терең түсіне білген А.Байтұрсынов «қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс… Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды»,- деп жазды. Ол тек өз көзқарасын білдіріп қана қоймай, 1910 жылдардан бастап араб жазуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзуді қолға алды. Сөйтіп, А.Байтұрсынов реформалаған қазақ графикасы дүниеге келіп, 1924 жылы Орынборда өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы оны ресми түрде қабылдады. Бұл əліпбиді халық «Байтұрсынов алфавиті», «Байтұрсыновтың төте жазуы» деп атаса, сол кездегі орыстың белгілі ғалымдары, профессорлар Е.Д.Поливанов пен Н.Ф.Яковлев өте жоғары бағалады. Н.Ф.Яковлев өз сөзінде жақсы алфавит бірнеше ғылыми талаптарға жауап бере алатын болуы керек. Ол талаптардың негізгілері мыналар: 1.Алфавитте əріптер саны тілдегі сөз мағынасын ауыстыра алатын дыбыстар /фонемалар/ санына тең болуы керек; 2. Алфавитте əріптер саны өте көп болмау керек т.б. Осы негізгі екі қасиет қазақтың сингармониялық алфавитіне тəн. Ал сингармониялық алфавит пен сингармониялық орфографияға қосымша таңба – дəйекшінің ендірілуі үлкен ғылыми жаңалық болды дейді. Кезінде профессор Қ.Жұбанов та осы араб графикасына негізделген жазуға қарсы айтылып жүрген пікірлердің негізсіздігін айтып, осы жазудың авторы А.Байтұрсыновтың еңбегін жоғары бағалаған еді. Е.Д.Поливанов бұл жазуды «Байтұрсыновский алфавит» дей отырып, «…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп ғылыми тұрғыда жоғары бағалады. Ал бұл жазудың нағыз ғылыми бағасын танытып, Байтұрсыновтың ұсынған жазуы мен əліпбиінің құдіреттілігі мен тылсым сырын ашып, оның жазуы əлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болғанын еліміз егемендік алғаннан кейін қорғаған докторлық диссертациясында Ташкенттік ғалым Махамбет Жүсіпұлы жанжақты дəлелдеп бергені ғылыми қауымға белгілі жай. Сонымен, А.Байтұрсыновты араб алфавитін тұңғыш реформалаушы жəне соған сəйкестендіріп, емле ережелерін құрастырушы, қазақ жазуы мен əліпбиінің тағдырын шешкен ғұлама ғалым деп білемін. А.Байтұрсынов жасаған алфавиттің əлеуметтік лингвистикалық жетістігі қандай десек, төмендегі мəселелерді атап көрсету қажеттігі туындайды: Ғалым қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар, оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты дыбыстар екенін айтып: «бұл дыбыстардың ішінде «қ» һəм «ғ» ылғи жуан айтылады, «к», «г» һəм «е» ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың һəр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, … онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын «қ» мен «ғ» – ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын «к», «г», «е» — лерді қосқанда, бəріне 43 белгі керек»,- дейді. А.Байтұрсынов қазақтың сингармониялық сөйлесімінің 13 барлық қасиеттерін жазылым процесінде толық қамту үшін осы 43 түрлі дыбысты дəйекшіні қосқанда 25 белгімен жазу техникасын ойлап тапқан; Араб графикасы негізінде жасалған жаңа əріптерді енгізген. Бір сингармофонеманың қызметін сөйлесім процесінде бірнеше дыбыстар атқарады. Олар біріне-бірі ұқсамауы да мүмкін. Осы сингармодыбыстарды сингармофонеманың позициялық сингармотүрлері дейді. А.Байтұрсынов осы фонологиялық принциптерді- — қазақ тілінің дыбыс жүйесінің сингармофонемалық жəне сингармопозициялық классификациясын жасады. А.Байтұрсынов фонема статусына ие болған жəне фонема статусына ие болмаған дыбыстарды нақты ажыратқан, сөйтіп алфавиті мен орфографиясында жеке арнайы əріппен тек сингармофонемаларды, яғни сөз мағынасын өзгертетін фонологиялық единицаларды белгілеген. А.Байтұрсынов төмендегідей проблемалық сауалдарға жауап берген: 1. Неге бір түрлі фонетикалық жағдайда дыбыстар əр түрлі дыбысталады /сыз –сіз/; 2. Неге алфавитке сөйлесім процесінде қолданылатын дыбыстардың барлығын жеке əріптермен таңбалау мүмкін емес? 3. Неге алфавиттегі əріп таңбасы əр дыбыстың емес, акустика – арткуляциялық жағынан ұқсас дыбыстар тобының, дыбыстық типтің, белгісі болады: «Н – н- нь»(тон- төн); 4. Бір-бірімен акустика – артикуляциялық жағынан ұқсас əрі толық ұқсас емес дыбыстар тобы мен адамның ойлауындағы дыбыстардың психологиялық бейнесі арасындағы байланыста қарым -қатынас бар ма? Ғалым өзінің құрастырған алфавитіне «х, Һ» дыбыстарын енгізбеген. Себебі «һ» дыбысын одағай сөздерде ғана (аһ, уһілеу) кездеседі деп, «Бұл əріпті қазақ əліппесінен шығарғанда мұнымен жазылатын сөздер аз деп шығарып едік. Аз болғанмен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетіні көрінеді», — дейді. Ал «х» дыбысы араб, парсы сөздер арқылы еніп, қазақтың өз сөздері болып кеткен (адал – халал, арам – харам), сондықтан оны сақтау керек дейді. Қазіргі жазуымызда «х» дыбысының фонемалық қасиеті жөнінде бірізділік болмауы себепті (хабар-қабар, қош-хош) жазуда қиындық келтіруде. А.Байтұрсынов «х, һ, ц, ч, в, ф, щ» дыбыстарды қазақ тілінің сингормофонемалар құрамына ендірмеген, оларға арнайы таңба арналмаса да, қосымша əріптермен қалай жазу жолдарын көрсеткен. А.Байтұрсынов сауатты жазуды бізге өсиет еткен. Алайда кейбір жағдайда сауатты жазу мəселесіне əлі де көңіл бөліне бермейтін тұстарды көріп, қынжылуға тура келеді. Мысалы, көшедегі жарнама, адамдардың атыжөні, жер-су аттары, т.б. Ғалым «и, у» жарты дауысты деп көрсеткен еді. Қазіргі кезде де бұл дыбыстар статусы жөнінде кейінгі кезге дейін бірізділік болмауы салдарынан жазуда қиындық келтіріп жүргені белгілі (тиын- ты+йын, су – сұу). Қазір 70 жыл өткен кездегі ұрпақ жуан қ дыбысын да, жіңішке «к» дыбысын да, «к» таңбасы арқылы жіңішке айтатын болған. Сондай — ақ, «ə» дыбысын латынның «е» таңбасымен белгіленуі салдарынан «ə, е, э» дыбыстары дұрыс оқылмайтын дəрежеге жеткен. Ал азербайжанда «ң» дыбысы болғанмен алфавитте таңбаланбауы да осындай кемшілікке жол берген. Өзбектердің «ң» дыбысын «нг» деп екі таңбамен белгілеуі салдарынан енді оны екі дыбыс етіп оқу қалыптасқан. Қазақ татарлары, қырғыздар мен түркімендер де «к-к, ғ-г» дыбыстарын жіңішке бір əріппен таңбалап жүр. Демек, қазақ жазуының негізін қалаған А.Байтұрсынов əліпбиінде мұндай кемшілікке жол берілмегенін қазіргі жазу мəдениетімізден де байқаймыз. Ахмет Байтұрсынұлы: «…һəм жұрт баласын əуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу – сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар əбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше əуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз», — деген еді. Қорыта айтқанда, тілімізді таза ұстаймыз десек, орфография мəселесінде А.Байтұрсынов ұстанған принциптерді басшылыққа алып, ана тіліміздің мүмкіндігін толық пайдаланып, өз тіліміздегі ғылым сөздерін қалыптастырып, сырттан кірген терминдерге балама тауып немесе тіліміздің дыбыстық ерекшелегіне сай жазуымыз қажет. Ұлтымыздың ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы жасап беріп кеткен қазынамызды дұрыс пайдалануымыз керек

Сарыағаш медресе колледжі

Қазақ тілі мен әдебиеті пән

Р.А.Мейірбекова